
Жалпы сараптап айтатын болсақ, байқауда үздік деп танылған шетел журналистері елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы, Президент Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауының мазмұны және АӨСШК алтыншы саммиті секілді елдегі маңызды іс-шаралар туралы хабардар. Елдің сыртқы саясаты туралы да пайымдары салмақты.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысу қарқыны мен қызығушылығы артып келеді. Осы жылы әлемнің 40 елінен 50-ден астам сараптамалық материал қабылданған. Шетелдік журналистердің басым бөлігі «Жаңа Қазақстан» аясында экономикалық және әлеуметтік реформалар тақырыбын қозғаған.
Британдық блогер Тристан Хьюздың The Ancients/«Ежелгі Қазақстан: Ұлы даланың алтыны» подкасты, грузин саясаттанушысы, журналист Гүлбаат Рцхиладзенің Қазақстан мен Грузия арасындағы тарихи байланыстар тақырыбындағы мақаласы, АҚШ журналисі Донован Маккензидің Ottawa Life Magazine журналында жариялаған мақаласы, The Korea Herald күнделікті газетінің тілшісі Санжай Кумардың мақаласы, Марокконың Le Matin және 12.ma басылымдарының тілшісі Дрисс Лякуби және ANKASAM-ның Орталық Азия мәселелері жөніндегі түрік сарапшысы Эмраз Кайнның жарияланымдары жоғары бағаланып, конкурс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Туризм» номинациясы бойынша Кувейттен келген тревел-блогер Халид Альмутаири ел туризмін жоғары деңгейде насихаттағаны үшін жеңіске лайық деп танылды. Аталған блогер, журналистер Қазақстанға келіп, Нұр-Сұлтан, Бурабай, Түркістан және Алматымен танысты. Сол кезде елде өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне арналған іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алды.
«Қазіргі уақытта журналистер қоғамдық дипломаттар болып табылады. Халықтар мен елдер арасындағы сенім азайды, сондықтан кәсіби журналистиканың рөлі біздің заманымызда ерекше маңызды. Шетелдік журналистердің біздің елге деген қызығушылығының артуы қуантады. 2014 жылдан бастап берілетін өтінімдер саны ғана емес, сонымен қатар қозғалатын тақырыптар ауқымы да өсті, атап айтқанда туризмнен қоғамдық-саяси мәселелерге дейінгі барлық тақырыптар қамтылды», деді жеңімпаздарды марапаттау жиынында Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай. Ал Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы АҚ Басқарушы директоры Даниель Сержанұлы: «Бұл байқауда «Туризм» номинациясының қосылуы кездейсоқ бола қойған жоқ. Еліміз аталған саланы дамыту мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Кувейт тілшісінің еліміздің туризм саласы туралы жарыққа шыққан электронды жолсілтемесі араб елдерінен келетін туристер санының артуына септігін тигізеді деген үміттемін», деді.