Абай • 23 Тамыз, 2022

Абай сөзі

14925 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Абайдың әр сөзінің құны мен құты ғылыми айналымға түскелі де талай онжылдықтар өтті. Абайтанудың іргелі зерттеу бағыттары орныға бастаған ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде-ақ Абай сөзінің тарихи-поэтикалық тұғырларына айрықша ден қойылды.

Абай сөзі

Абайдың әдеби мұрасының қолжазба көшір­мелер арқылы сақталып жетуі, өз қолтаңба­сы­мен түскен түпнұсқа мәтіннің болмағандығы Абай­тануда күні бүгінге дейін қайсыбір мәнде күдік, күмән туғызып отырғандығы осы бағытта Абай­танудың негізді нәтижелерінде түбегейлі ғылыми ыждаһатпен тың зерттеулер жүргізуге міндеттейтіні де даусыз.

Абайдың бас текстологы Мұхтар Әуезов 1924 жылы баспаға дайындағанымен, қилы себептен 1933 жылы басылым көрген Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын шығару барысында қазақ жазуының араб қарпінен латынға ауысуы, басқа да себептерден орын алған мәтіндік ауытқуларға кейінде 206 түзету жасаған.

Сол 1933 жылғы жинақта Абайдың Мұхтар Әуезов жазған 4 нұсқа өмірбаянының «Абайдың туысы мен өмірі» атты алғашқы нұсқасы берілді.

Абайдың 35 өлеңіне ғылыми түсінік жазы­лады. Осында қай өлең нендей жағдайда, не себептен, қашан жазылғандығына аялдап оты­руында; Абай дәуірінің тарихи-әлеуметтік тұғыр­ларына тоқталуында Мұхтар Әуезов Абай шығар­маларының хатқа түсу, сақталу, баспа жүзіне шығу деректеріне қатысты елеулі мағлұмат берген. Абай заманында кәделі сөздің ауыздан-ауызға жад арқылы сақталып өтіп отыру үрдісі мейлінше өтімді шығармашылық өріс болғандығы, Абай өлеңін айнала ортасы негізінен әнге қосып айту арқылы таратып отырғандығы уақыттың өзіндік бір таңбасы мәнінде атап көрсетілген.

Абайдың әдеби мұрасын игеруде Абай өмір сүрген орта, тарихи дәуірдің бедерлі айрық­шы­лықтары; дәстүр мен дара шығармашылық поэтикасы; Абайдың ақындық айналасы; ақындық кітапханасы; ақын шәкірттері; Абай мұрасындағы дін өзегі; Абайдың аударма шығармашылық бағыты; қарасөздердің жанры мен мазмұндық маңызы тұрғысында, Абайтану тарихы, Абай шығармаларының текстологиялық түйткілдері бағытында зерделеніп келеді.

Сонау 1909 жылғы Абайдың рухани мұрат­тас бауыры Кәкітай Ысқақұлы мен баласы Тұра­ғұл Абайұлы Санкт-Петербургтегі Исмаил Бора­ганскийдің баспасынан шығарған тұңғыш жинағы, 1916 жылғы Самат Әбішұлы шығарған «Абай термесі» атты кітабы, 1922 жылғы Қазан, Ташкент басылымдары, 1933 жылғы тұңғыш толық жинақ, 1939-40 жылдардағы екі томдық толық жинақ, 1945 жылғы бір томдық толық басылым, 1954 жылғы екі томдық, 1957 жылғы екі томдық толық басылым, 1961 жылғы бір томдық, 1977 жылғы екі томдық толық жинақ, 1988 жылғы басылымы, 1995 жылғы екі томдық толық жинақ, 2020 жылғы үш томдық толық академиялық жинақ Абайдың әдеби мұрасын мәтіндік, ғылыми негізде жүйелеп бас­падан шығарудың абайтанудағы өзіндік бағытын қалыптастырды.

Абайтану тарихында аталған басылымдардың ақын мұрасын түгендеп, ұлт игілігіне айналдырудағы мән-маңызы туралы айтылып келеді.

Сол негізде, ілгерідегі Абай жинақтарының дәс­түрін сақтай отырып, әрі қазіргі кезеңдегі Абай­­танудың өзекті мәселелері, соның ішінде тексто­логиялық зерттеулер ұстанымына басымдық беріп, алғаш рет Абайдың әдеби мұрасын сақтауда айтулы еңбек жасаған Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбаларын 1905 (1906), 1907 қазіргі жазуға көшіріп отырып ғылыми айналымға мәтіндік негізі мәнінде тартқан; Абайдың 1909 жылғы тұң­ғыш жинағын қазіргі жазуға жаңадан көшіріп бас­тырған; Абай жинақтарын мәтіндік негізде арнайы салыс­тырып отырып; қолжазба нұсқаларды ана­ғұрлым қамти түсіп, сол негізде де мақсатты тексто­логиялық сараптаулар жүргізіп дайындал­ған бұл көптомдық академиялық басылымның Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының, Абайтанудың ұлт руханиятындағы елеулі мәніне айрықша маңыз беру.

Көптомдықты баспаға әзірлеген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министр­лігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әде­­биет және өнер институты әдеби мұраның жи­нақ­­­талып, сақталу, баспа жүзін көру; қазақ сөз өнері­­нің ғылыми негізде зерттелу ұстанымдарын айқын­даушы, жүзеге асырушы, 60 жылдан астам тарихында ұлт игілігі, ұрпақ өрісі міндетінде тау-толағай еңбек атқарып келе жатқан іргелі ғылыми, рухани орталық.

Абай мұрасын игеруде, Мұхтар Әуезов ғылыми игілікті кеңістікке шығарған Абайтану ғылымының қазіргі заманғы өзекті мәселелерінде арнайы жобалармен үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқан академиялық ұжым.

2020 жылғы Абайдың толық академиялық шы­ғармалар жинағының арнайы атап айтылуға тиіс бірнеше теориялық, практикалық маңыздылығы бар. Академиялық басылым шарттарында Абай мұрасы алғаш рет баспа жүзін көріп отыр. Басы­лым­ның бірінші томында Абайдың өлеңдері, ­аударма шығармалары берілген. Томның Түсініктер бөлімінде осы уақытқа дейін даулы болып келе жатқан, әр басылымда әрқалай алынып жүрген жеке сөздердің қолжазба нұсқалар мен Абай жинақ­тарындағы мәті­дік нұсқаларын салыстыра келе жұмыс тобының ұйға­рымымен канондық мәтіні мәнінде қабылданған сөздер туралы толымды ақпарат берілген деуімізге болады.

Академиялық жинақтың екінші томына Абай­дың поэмалары мен қарасөздері; хаттары мен ән мұрасы берілген.

Үшінші том Абай мұрасының көшірме қолжаз­баларының сипаттамасы; 1909 жылғы Санкт-Петер­бургте шыққан тұңғыш өлеңдер жинағының литографиялық көшірмесі мен қазіргі қазақ жазуы­ның көшірілген мәтіні негізінде әзірленген.

Басылымды баспаға дайындаған жұмыс тобы­ның құрамында Абайтану ардагері, әйгілі ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының; ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі фольклортанушы, абайтанушы ғалым Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың; Абайтануда ақын мұрасының поэтикасы, текстологиялық мәселе­лері, өмірбаяндық; тарихи дәуір айрықшалығы бағытында ұзақ жылдардан бері тынбай еңбек жасап келе жатқан филология ғылымдары­ның докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың; Абайтану өрісінде тың поэтикалық зерттеу ба­ғыты мойындалған белгілі әдебиеттанушы, сын­шы, филология ғылымдарының кандидаты Тұр­сынжан Шапайдың; белгілі фольклортанушы, М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ директоры, мұраны игерудің жаңа серпінді бағыттарын қалыптастырып отырған филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжановтың; Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ширек ғасырдан астам ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы курсынан дәріс оқыған, Абайтану мәселелерінде бірнеше іргелі жоба ауқымында зерттеулер жазып келе жатқан, «Абайтану» арнаулы курсына оқу құралдарын шығарған филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаеваның; араб, парсы тіліне жетік белгілі шығыстанушы жас мамандар Төрәлі Қыдыр мен Пәкизат Әуесбаеваның; Абайдың ән мұрасын алғаш рет арнайы ғылыми түсініктерін жазып, баспаға әзірлеген белгілі әнші, өнертанушы Еркін Шүкіманның болуы ауқымды, жауапты жұмыстың тындырымды орындалуына өзіндік септігін тигізгендігі даусыз.

Көптомдықты Абай мұрасын игерудегі Мұхтар Әуезов өнегесінде дайындаған жұмыс тобы Абай­танудағы идеологиялық қақпайлаудың зардаптары – ХХ ғасырдағы жазу алмасулар туындатқан текстологиялық түйткілдер бойынша толымды мағлұмат беріп отыруға ден қояды.

Көптомдықта алғаш рет Абай шығармаларын­да қолданыста болған араб, парсы тіліндегі сөздердің ілгерідегі басылымдардағы мағына түсініктеріндегі алшақтықтардың түп негізінде қазақ сөйлеу, жазба тіліне араб тілінен енген сөздердің парсы тілінің сүзгісінен өтіп барып келу фактісіне зер салынған.

Көптомдықтың қазіргі білім беру жүйесінде, орта білім беруде де, жоғары білім беруде де кәдеге асырып отыратын ғылыми негізділігін атап айту керек.

Соңғы жылдары қазақ әдебиеттану ғылымының басым нәтижелері білім мазмұнына жеткілікті деңгейде тартылмай отырғандығы; жоғары мек­теп­тегі жаңа мазмұнды оқулық тапшылығы байқа­лады. Абайдың 2020 жылғы жаңа басылымында білімгерлерді текстологиялық салыстырулар жүргізу бағытында жаттықтыруға септігі тиетін бай материал қоры түзілген. Абайдың бір сөзі, бір өлеңі ауқымында тұтас, өзекті зерттеулер жүргізудің ұста­нымдарында әзірленген бұл басылым қазақ әдебиеті тарихындағы мұраның ауызша таралу, сақталу үдерісі қалыптастырған айрықшалықтың Абай мұрасын да айналып өтпегендігін көрсетеді. Абай шығармаларының қолжазба көшірмелер мен жеке жинақтар ауқымында қордаланған мәтін­дік мәселелерінде тілтанымдық, дүниетаным­дық бағыт­та да ғылыми пайым қалыптастыруға бейімдейді.

Жұмыс тобы негізінен 1909 жылғы басылымға сүйеніп отырған. Қайсыбір техникалық қателер болмаса, 1909 жылғы жинақ мәтіні Абай өлеңдерінің канондық мәтіні болып қабылданғаны көрінеді.

Академиялық басылымда бірнеше мәтіндік нұсқаны салыстыра келіп, мағыналық, мазмұндық қисынын, мәнін, сөз әлеуетін ойласып ұйғарып, «бекітілген» қолданыстар баршылық. Тек осыған зер салып, құлақ асар құлық болса. Әйтпеген күнде «Өлең – сөздің патшасы», «Өлең сөздің патшасы», «Өлеңі бірі жамау, бірі құрау», «бәрі жамау, бәрі құрау», «Төрде отырған», «Өрде отырған», т.б. болып, басылымнан басылым «басып озып», сөз түзеле қоймайды.

Көптомдықта Абай мұрасының сақталуы, таралуы басылым дерегі ғылыми ұстанымда жүйелі тұтастықта мазмұн түзген.

Текстологияның әлемдік тәжірибесінде, ұлттық сөз өнерінің шығармашылық айрықшалықта­рында, Абайтанудағы арғы-бергі зерттеушілердің ғылыми ұстанымдарын негізді сабақтастықта дамыту бағы­тында әзірленіп, баспа жүзін көрген «Абай шығармаларының академиялық толық жинағы» көптомдығы (Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық. – Алматы: «Жазушы баспасы», 2020) отандық әдебиеттану ғылымының басым бағыттарында жүзеге асырылып отырған бұл жобада әдеби мұраны, шығар­ма­шы­лық тұлға еңбегін академиялық басылым мәртебесінде жарыққа шығару алғаш рет толық мәнінде жүзеге асырылғандығы маңызында Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер сала­сындағы 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты басылым.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы