Пікір • 26 Сәуір, 2022

Елдің кадры мен тілдің тағдыры

1014 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттік жастар кадрлық резерві – жастарға мүмкіндік беретін тамаша жоба. Оған еш таласымыз жоқ. Алайда жақында осы резервте тұрған жастармен тілдескеннен кейін бұл жобаның тиімділігіне күдікпен қарай­тындай күй кешкеніміз рас.

Елдің кадры мен тілдің тағдыры

Журналистік қызмет барысында резервте тұрған бірнеше жаспен сөйлесудің сәті түсті. Сонда байқағанымыз – ел болашағын сеніп тапсырамыз деп отырған кадрлардың көбі ана тілін білмейді. Біз сөйлескен он жастың ішінде бірде-бір басқа ұлттың өкілі жоқ. Бірақ олардың ішінен мемлекеттік тілде ойын емін-еркін жеткізіп, көзқарасын кедергісіз білдіре алатын жан болмады. Ең сорақысы, қазақ тілінде сөйлемек түгілі, он ауыз сөзді қағазға сауатты түсіре алмағанынан қысылып-қымтырылған, қынжылған бірде-бір жасты байқамадық. Өкінішті ме?! Өкініштіңіз не, қорқынышты! Өйткені, біздің білуімізше сол резервтегі жас кандидаттар саяси бәйгеден оза шауып шықса, министрліктер, әкімдіктер мен квазимемлекеттік секторларда жоғары лауазымды қызмет атқара алады. Ал талап бо­йынша кадр қорында тұрған кандидаттардың жасы 35-тен аспайтынын ескерсек, алдағы 30 жылда биліктің тілі тағы ресми тілден алысқа ұзап кете алмайды-ау, шамасы... Биліктің мем­л­екеттік тілде сөйлеуі тағы да отыз жылға созыла ма сонда?!.

Шыны керек, журналистер үшін қазақ тілінде ойын еркін, пікірін ашық әрі сауатты жеткізетін спикер табу қазірдің өзінде – үлкен мәселе. Әсіресе, билік басында жүргендерден мемлекеттік тілде бір ауыз пікір алу бір қиямет. Резервтегі жастардың қазақшасына қарап, қазақтілді БАҚ өкілдері бұл мәселемен әлі талай бетпе-бет келетін болар деген ойда қалдық.

Өткен жылы «Президенттік жастар кадр­лық резерві» жобасының екінші кезеңі бас­талды. Сол кезде биылғы басты ерекшелік – үміт­керлерде мемлекеттік тілді білу деңгейін рас­тайтын сертификат болуы шарт деп қуан­ған едік. Алайда бұл сертификаттың да тек «сән үшін» екенін енді түсінгендей болып отырмыз. Қазіргі таңда кадрлық резервте 300 жас тұр. Соның 2-3-еуі ғана өзге ұлт өкілі болса, қалғандары – қаракөз қазақ жастары. Үміт­керлердің 57 пайызы шет мемлекеттерде білім алса, 43 пайызы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Іріктеудің қоры­тындысы бойынша 50 адам таңдап алы­нады. Бірақ бұл іріктеу кезінде қазақ жас­тарының мем­лекеттік тілді білу деңгейі қалай тек­сері­летіні түсініксіз. Мемлекеттік тілді мең­ге­ру деңгейі туралы берілген сертификат тағы да көзбояушылық болғаны ма?!.

Жалпы, Президенттік кадр резервін жа­сақтау – Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңыз­ды бас­тамаларының бірі. Бұл идеяны Мемлекет басшысы алғаш рет сайлауалды бағдар­ла­ма­сын­да жариялаған болатын. Кадрлық резерв мемлекеттік қызметтегі кадрларды жа­ңар­ту­ға жол ашары сөзсіз. Ел Президенті биылғы Жол­дауында да жастардың дамуы үшін қо­лай­лы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асы­руы үшін барынша қолайлы жағдай жасай­мыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасам­паздық әлеуетін арттыра аламыз», деді. Бүгінде Мемлекет басшысы жұмысшы және шығар­машыл жас­тар­дың барлық бастамасын қолдайды. Алайда ана тілін қажет етпеген, мемлекеттік тілді игермеген жастардан ұлт қамын жейтін озық ойлы көшбасшы шығады дегенге сену қиын.

Жобаның басты мақсаты – білікті басшы­лар­дың жаңа буынын қалыптастыру және жас­тар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру. Бірақ резерв тек қана жоғары лауазымға ұсынылатын топ болып қалмауы керек. Ең алдымен, бұл бастама жастарды халыққа шын ниетімен қызмет етуге ынталандыруы тиіс. Ал халыққа қызмет ету – мемлекеттік тілде сөйлеуден, ана тілге деген құрметтен басталуы керек емес пе?!

Осыдан екі жыл бұрын Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Жастар үшін әлеуметтік лифт орнықтыру керек. Мем­лекеттік басқару ісіндегі және идеология сала­сын­дағы қателіктерді дер кезінде түзеткен жөн. Егер жұмыс осылай жүретін болса, сөзсіз әділдік орнайды» деген болатын. Қ.Тоқаев айтып отырған сол қателік кадрлық резервте де бар екенін мойындауымыз қажет. Сондықтан да бұл кемшілікті де дәл қазір қолға алмасақ, ер­тең кеш болатыны сөзсіз.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Ал Мағжан ақын «көздерінде от ойнар», «сөзде­рін­де жалын бар» жастарға сенім артты. Алай­да Алаш арыстары сенген жалынды жастар елге қызмет етуде мемлекетшілдігін ғана емес, на­ғыз ұлтжандылығын танытса құба-құп. АНАСЫНЫҢ тілін ардақтамаған жас­тар мемлекеттік мүддені ұшпаққа шығарып, халықты жарылқайды деп айту қиын...