Аймақтар • Бүгін, 08:50

Жетісуда заманауи зауыт салынады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кербұлақ ауданында алдағы жылдары жаңа өндіріс ошақтары бой көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашпақ. Инвес­торлар Сарыбұлақ ауылында сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндіретін зауыт пен қуаты 110 МВт/сағ болатын күн электр стансасын салуды жос­парлап отыр.

Жетісуда заманауи зауыт салынады

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Жыл басынан бері аудан экономикасына 21,8 млрд теңге инвес­тиция тартылған (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық). Тартылған инвестицияның 74%-ы – жеке инвес­тиция үлесінде. 2025–2028 жылдары жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 8 ин­вес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде, екі мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп межеленген. Ішіндегі ірілері – Көксай мыс қорыту комбинаты, күн электр стансасы және су электр стансасы.

«Жоба экологиялық жағынан толық­тай таза. Біз деректерді өңдеу орта­лығы­ның жұмысын жүргізуге қажетті электр энергиясын тек күн сәулесінен аламыз. Электр стансасының қуаты – 110 МВт/сағ, ал энергияны сақтау жүйесінің тұрақ­ты қуаты – 20 МВт/сағ болады», деп мәлім­деді «ЖИ және ЖЭК орталығы» ЖШС жобасының жетекшісі Айдын Жанұзақов.

Айтуынша, Сарыбұлақ ауылында 200 мың қос айналмалы панель орнатылады. Бұл панельдер энергияны жинақтап, оны аккумуляторға, кейін серверге жіберіп, деректерді өңдеу орталығының жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл орталық ұялы байланыс операторларымен, банктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Жаңа күн электр стансасы 2027 жылдың шілде айында іске қосылмақ. Экология саласының сарапшысы Айгүл Төлеуқызы мұндай бастаманың аймақ үшін ерекше маңызы бар екенін айтады.

«Күн стансасы тек экономикалық табыс әкелмейді, сонымен қатар көміртек ізі төмен өндірісті дамытуға жол ашады. Бұл Жетісудың «жасыл өңір» ретіндегі брендіне оң әсер етеді. Оның үстіне, халықты жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарады. Ауданның да әлеуметтік жағдайы көтеріледі», дейді А.Төлеуқызы.

Тағы бір маңызды инвестициялық жоба – жылына 98 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт та Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында орналасады. Оны іске асыру Сарыөзек ауылына дейін магистралды газ құбы­рының екінші желісін тарту ісімен тығыз байланысты. Жобаға қаражатты канадалық ірі инвестор құяды. Құрылыс кезінде 350-ге жуық жұмыс орны ашылса, іске қосылған соң 70 тұрақты жұмыс орны құрылады. Зауытта өндірілетін сұйытылған газ ішкі нарықта сатылады. Кәсіпорын құрылысын жыл соңына дейін бастап, 2026 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр.

«Біріншіден, жаңа жұмыс орындары құрылса, екіншіден, салық түсімі көбейеді. Қосалқы қызмет көрсететін салалар – тасымал, техника жөндеу, логистика да дамиды. Яғни бір зауыттың пайдасы бірнеше салаға серпін береді», дейді экономист Талғат Қасымов.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, биылғы жеті айда өндіріс көлемі 4,5%-ға өскен. Ауданда 3,6 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар, онда 5 мың адам жұмыс істейді.

«Газ зауыты, күн электр стансасы және Көксай мыс қорыту комбинаты жобалары іске асқанда, Кербұлақ өндірістік хабқа айналады. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға да тікелей әсер етеді», дейді облыс әкімінің орынбасары.

 

Жетісу облысы