Жансарай • Бүгін, 08:53

Еркіндіктің елең-алаңындағы құжат

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 90-жылдары жарты әлемге билігін жүргізген КСРО-ның көбесі сөгіліп, қуаты кеміп, қайраты қайтқаны күн өткен сайын біліне бастап еді. Керегесі қисайып, шаңырағы шайқала бастаған одақтан алғаш болып Балтық елдері ат құйрығын кесісіп шықты. Кезіндегі державаның дәрмені қалмағандықтан қалған одақтас республикалар да өз алдына ел болудың қамын жасай бастады. Алда не боларын болжап біл­месе де халықтың дені сол кездегі саяси үдерістерге аса елең­деулі еді. Осындай алмағайып кезеңде 1990 жылдың 25 қаза­нында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдадық. Осы тарихи оқиғаға қатысқанымды ел алдындағы қызметімнің үлкен бір белесі сезінемін.

Еркіндіктің елең-алаңындағы құжат

Қазіргі күн тұрғысынан қара­ғанда осы бір қадам қарапа­йым оқиға болып көрінуі мүмкін. 1990 жыл­дың наурыз айын­да Жалағаш, Қар­мақшы аудан­дары­нан Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайландым. Бұл елдің еркіндік самалын сезіне бас­таған тұсы еді. Бірақ елдің бола­шағы туралы талас-тартыс қызып жатқан алма­ғайып кезеңде республикада жергілікті ұлт үлесінің аздығы байқа­лып қала беретін. Осындай жағдайда мемлекеттің егемендігі туралы декларация әзірлеп, заң­ды түрде дербес ел атануға қадам басу оңай болған жоқ. Акаде­мик Салық Зимановтың басшы­лығымен жасал­ған ресми нұсқа­мен қатар «Демократиялық Қазақстан» депу­­тат­тық тобы балама жоба әзір­ле­ді. Декларация жобасы ұзақ уақыт талқыланды. Азаттыққа ал­ғашқы қадам жасар сәттің туғанын сезінген ұлт зиялылары аянып қал­ған жоқ. Мерзімді баспасөз арқы­лы талқылауға үн қосып, пікір­талас барысында таразы басын өзімізге аударуға күш салды. Келешекке деген талпыныс­ты тежегісі келгендер де табылмай қалған жоқ.

25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің таңертеңгілік отырысында Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасын жетілдіру жөніндегі комиссия төрағасы Салық Зимановтың әр сөзін қалт жібермей тыңдадық. Ақсақал жобаны талқылау барысында көп пікірталас болғанын айтты. Әр бабына қарсы шығып, шабына шоқ түскендей тулаған әріптестеріміз расында аз емес еді. Декларациядағы республи­ка мен өзге егемен республикалар­мен қарым-қатынасы, ұлттық мемлекеттілікті сақтау мен нығай­ту секілді алғашқы баптардың айна­ласындағы талас-тартыс ұзаққа созылды. Әсіресе осыған дейін орталыққа бағынып, жергі­лік­ті билікті жүре тыңдап келген үлкен кәсіпорындардан сай­лан­­­­­ғандардың қарқыны қатты. Қи­­тұрқы сауал қойып, қи­сын­сыз ұсыныс айтып, бастаманы жалғастырмай тастауға жанталасып-ақ жатыр. Тіпті осы декларацияның қажеттілігіне күмән тудырып, көштің бұйдасын кері тартуға тырысқандар да кездесті.

Пікірталас ұзаққа созылып, үзіліс жарияланды. Жоғарғы кеңес депутаттығына Қызылорда облысынан сайланғандар бірге жүреміз. Асханаға барып жү­рек жалғап тұрғанда аңдасам, Байқоңырдан сайланған үшеу қарсылардың пікірін дұрыс көріп тұр. «Егемен болғанда қайда барамыз?», «Бізді одақтан кім қуып жатыр?» деген сауалына жауап беріп, бетін бері бұрғандай болдық. Үзілістен кейін де пікір­талас қызу жалғасты. Қазақтың өз алдына дербес ел болу талабын тұн­шықтырғысы келгендер той­тарыс алса да, алаңда алмас­қан ойыншыдай сәлден кейін тағы бір кереғар пікір ай­тып, жанұшырып жатты. Осы­ның бәріне қарамастан, сол күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация­сы қабылданды. Талқылауға қатыс­қан 360 депутаттың 71-і қарсы дауыс берсе де, азаттыққа алғашқы қадам жасалды.

Бұл тарихи қадамды жұрт қуа­нышпен қабылдады. Жалағаш аудандық партия комитетінің бі­рін­ші хатшысы, осы аудан мен көр­шілес Қармақшыдан сай­лан­ған депутат ретінде ел арала­ғанда тұрғындар тарапынан осы бастама төңірегінде сұрақ көп қойылатын. Байқоңырдағы сондай кездесудің бірінде бұл талабымызды әскерилердің әжуаға айналдырғысы келгенін де байқа­дық. Әбден дегені болып даң­дай­сыған офицердің бірі «Ал егемен­дікті алдыңдар. Енді не істей­сіңдер?» деген сауал қойғаны бар. Талай жыл қазақтың нанын жеп келген әлгінің сөзіндегі кекесінді аңғар­­сам да барынша сабырлы жауап беруге тырыстым. «Мен ғана емес, алдағы өзгерісті бәріміз істей­­міз. Оның ішінде қазір мені мұ­­қат­­пақ болып отырған сіз де бар­­сыз» дегенімде сұрланып сала берді.

Бұдан кейін де талай қызмет атқардық. Алғашқы сенаторлар қатарында тәуелсіз елдегі тұңғыш заңдарын қабылдауға атсалыстық, үш ауданды басқардық. Дегенмен тәуелсіздікке жол ашқан тұңғыш құжатты қабылдағандар қатарын­да болғанымды ерекше мақтан тұтамын.

Ұзақ жыл бойы ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған осы күннің ескерусіз қалып келгені қынжылтатын еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен тарихи әділдік орнап, ұлық мерекемен қайта қауыш­қанымызға қуаныштымыз.

Қазіргі ел бейнесі бұрынғыдан көп бөлек. Мысалы, Қызыл­орда облысының өзінде ғана кейін­гі 3-4 жылда жүздеген тұр­ғын үй, көптеген әлеуметтік нысан бой көтеріп, жолдар жөндел­ді. Қай саладағы да қарқын­ды даму көңіл қуантады. Осының бәрі – осыдан 35 жыл бұрын қабылданған егемендік декларациясының ел игілігіне айналғандығының белгісі.

 

Биғали ҚАЮПОВ,

Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылым депутаты

 

Қызылорда