Қоғам • 25 Сәуір, 2022

Субсидия алу үшін туысының үйін жалға алғандар бар

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Отбасы банк АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Субсидия алу үшін туысының үйін жалға алғандар бар

«Бағдарлама ережесіне сәйкес, субсидия алған азаматтарға отбасы мүшесі немесе жақын туыстарының пәтерін жалға алуға болмайды. Бұл шара аталған бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы үшін қабылданып отыр. Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында үлкен ұйым ұжымымен кездестім. «Бақытты шаңырақ» деп аталатын ұйымда 50-ге жуық отбасы ерекше және мүгедек балаларды тәрбиелеп отыр. Ата-аналардың айтуларынша, көп жағдайда ерекше бала болғандықтан пәтер иелері оларға жалға бергісі келмейді екен. Осы орайда олар жақын туыстарының пәтерін жалдауға рұқсат сұрап отыр», деді Ләззат Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ банк басшысы жуырда басталған жалға берілетін тұрғын үй субсидиясын беруге қатысты өзгерістердің болуы мүмкіндігін айтты.

«Кейбір ерекше немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар кезінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Мысалы, толық емес отбасы деген санат бойынша баспана кезегінде тұрғандар бар. Ал жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алушылар қатарына толық емес отбасы санаты кірмейді. Ендігі уақытта аталған санатқа жататын отбасылар жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алу бағдарламасына қатысуға рұқсат беруін сұрап отыр. Біз аталған ұсынысты қарастыратын боламыз. Яғни индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге қарап, қоғам талқысына салмақпыз», дейді ол.