Білім • 08 Ақпан, 2022

Техникалық ғылымның дамуына не кедергі?

1013 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикасы дамуы үшін технарь-мамандар керек екенін айтты және техникалық университеттер мен осы саладағы мамандықтарға айрықша көңіл бөлуді, шетелдік беделді техникалық университеттердің филиалын ашуды тапсырды. Тапсырма орындалды дейік, бірақ зерттеусіз, зерделеусіз жасалған жүйе де, жоспар да, бағдарлама да нәтиже бермейді. Ал оны зерттейтін сол саланың ғалымдары, техника ғылымы.

Техникалық ғылымның дамуына не кедергі?

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Көп кемшілік – оқу бағдарламасында

Ең әуелі мәселенің мәнісіне тереңдеп көрейік. Неге біз барлық түйткілдің түйі­нін техника ғылымына әкеліп тіредік? Иә, бізге технарь керек. Елді дамытатын, экономиканы көтеретін дәл осы ма­ман­дықтар екенін телефон, компьютер, машина, ұшақ, тікұшақ, зымыран шығарған елдер дәлелдеп берді. Енді сол мектептен қанат қаққан талаптыны технарь ететін кім? Оқу орны, одан да маңыздысы – оқытушылар, профессорлар. Әдістемелік құрал, оқулық, сапалы, қоғамның талабын қанағаттандырар маман даярлайтын жоспар, жұмыс берушілердің сұранысына сай білім беру бағдарламасы болмаса, бәрі бекер. Соның барлығына жауап беретін – техника ғылымы. Ал сұраныс болса да, техника ғылымының дамымай жатқанына не себеп?

Сәтбаев университетінің жанындағы Автоматика және ақпараттық техноло­гиялар институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Раиса Өскенбаева мәселенің мәнісі жо­ға­ры оқу орындарындағы білім беру бағ­дар­ла­ма­ла­рын­да екенін айтады.

«Әлем экономикасы өзгерді. Соған сай маман керек. Қандай маман? Индустрияға бағытталған технарь-мамандар қажет. Ал олар қоғамның, жаңа заманның өзге­рі­сіне дайын, нарықтың сұранысын, өн­дірістің талабын қанағаттандыруға қа­бі­летті болуы үшін кадр даярлайтын біл­ім бағдарламаларының мазмұнын, бағытын өзгертуге тиіспіз. Онсыз мүмкін емес. Қазіргі заманда бір мамандықпен ғана жұмыс істейтін адам аз, өйткені сұраныс сондай, көбі бірнеше дағдыны игерген әмбебап маманды қалайды. Біз осыған орай оқу бағдарламасына өзгеріс енгіздік. Осы семестрден бастап «Тау-кен ісі» мамандығында оқитын студенттер ақпараттық технологияларға қатысты пәндерді өтеді. Екі бағдарламаны сәйкес­тендіріп жасадық. Мұндай бағдар­ла­мамен бітіріп шыққан маман екі саланы қатар меңгеріп, тау-кен ісінде соңғы ақпараттық технологияларды қолдануға қабілетті болып шығады. «Тау-кен ісі» мамандығын бітірген студент ақпараттық технологиялар бойынша 3 жыл бойы алған кредиті, яғни білімі үшін дипломына қосымша екінші бағдарламаны бітіргені туралы сертификат иеленеді. Қос мамандыққа құрылған оқу бағдарламасы тек «Тау-кен ісі» мамандығының студенттеріне ғана емес, басқа да техникалық маман­дықтардың ізденушілеріне де оқытылып жатыр», дейді Р.Өскенбаева.

Президент Қ.Тоқаев жоғары оқу орындарының арна­сындағы бәсе­ке­­лестікті арттыру мақсатында ше­тел­дік белді универси­теттердің филиалын техника­лық бағыт бойынша ашуды тапсырды. Аталған институт дирек­торының ай­туынша, осы жұмысты негізінен ішкі мазмұн жағынан барлық ЖОО-ға әзірден енгізе беру­ге болады.

«Пандемияның пайдалы жақтары да болды ғой. Соның нәтижесінде қашықтан оқыту, онлайн оқыту форматтарына ерекше ден қойдық. Атақты Coursera платформасы әлемдік ірі, халықаралық рейтингте көш бастап тұрған шетелдік университеттердің сабақтарын алуға мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып біз де студенттерімізді сондағы техникалық мамандықтарға арналған маңызды курстардан өткізуді қолға алдық. Әрине, бұл да бізге оңайға соққан жоқ, Coursera-мен жүргізілген келіссөздердің негізінде қол жеткіздік. Онда­ғы курстардан жекелеген студенттер ғана өтпейді, оқу орнының барлық мамандығына біздің оқу бағдарламасына сәйкестендіріп екі пән енгізілді. Олар осы семестрден бастап шетелдік ЖОО-ның білімін қоса алып жатыр. Мұның бәрі ізденушінің ғылымға қызығушылығын арттыруға сеп болады. Шыны керек, қазір ізденем деген адамға ресурс жеткілікті, бұрынғымен салыстырғанда жастарға ғылым жолына түсу де біршама жеңілдегендей. Мәселен, мен екі деңгейден өттім, өйткені ол кезде әуелі кандидат болуыңыз керек, содан кейін барып докторлыққа шығасыз. Ал қазір постдокторантура да қарастырылған», дейді профессор Р.Өскенбаева.

Білім маңызды, практика екі есе маңызды

Осыны о баста түсінген елдер дуал­дық білім беру жүйесін енгізген. Бұл де­ге­ніңіз – студентті алған білімін өмірде, тәжірибеде қолдана білуге үйрету. Яғни оқу бағдарламасында өндірістік прак­ти­­кадан өтуге, зертханалық дәрістерге көбірек кө­ңіл бөлінеді. Бұл жүйеден Қазақстан да қалыс қал­­мады, он жылдай бұрын енгізілді. Бірақ неге нәти­жесіз? Мұның себебін физика-математика ғы­лым­­­дарының докторы Әбдімәулен Бердішев практикадан өтетін өндіріс орындарындағы, оқу орын­да­ры­ның зертханаларындағы заманауи жабдық­тар­дың жетіспеушілігімен байланыстырады.

«Шындығында техникалық мамандарды даярлауға қо­мақ­ты қаржы керек. Гуманитарлық саланың студент­терін оқытуға көп шығын шығармауға болады. Технарь дайындауға керемет оқулық пен жүйе­лі жоспар жеткіліксіз. Оған үлкен зертханалар, тех­никалық құралдар, заманауи жабдықтар қажет. Бұл жағынан біз артта қалып келеміз. Қазір құрал-жабдығы толық жаңарған зертханалар жоқтың қасы. Жабдығы бар зертханалардың өзінде ескі, қол­­даныстан әне-міне шығуға таяу техникалар тұр. Сондықтан да техниканы толық меңгерген, кейін сол құралдармен жасалған тәжірибелерді ғылыми негіз­дей­тін мамандар қалыптаспайды. Мұның екінші бір зияны бар. Айталық, шетелдерден оқып келген техник жастар елде жұмыс таппай жатады. Оған да сол жабдықталған өндіріс орындарының жоқтығы себеп», дейді Ә.Бердішев.

Жақында «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» бай­қа­уының жеңімпазы атанған ғалым Ә.Бердішев өзі де университетте маман даярлайды. Жылына қан­ша маман даярланып шықса да кадр тапшылығын көруі­мізді де сарапшы сол өндірістік орындардың аздығымен, кей өңірлерде тіпті жоқтығымен түсін­діреді. Ал техникалық саланың маманы техникамен жұмыс істемесе, өнім де болмайды. Өнім болмаған жерде зерттеу де жоқ, ғылым да дамымайды. Себебі гуманитарлық саланың ғалымдары күнделікті өмір мен айналадағы адамдарды да бақылап, зерттеу жүргізе беруі мүмкін. Бірақ техникалық салада техникамен жұмыссыз, яғни зертханасыз зерттеу жасау мүмкін емес. Онда бұл жалған ғылымға айналады.

«Түлектерімнің 10 пайызы, әрі кетсе 15 пайызы ғана жоғары білімін магистратура мен докторантурада жалғастырады. Әсіресе докторантураны бітіргендердің көбі техникалық салада докторлығын қорғай алмайды. Өйткені олардың ғылыммен айналысуы үшін тағы сол зертхана керек. Ал түлектердің қалған пайызы жоғары білімімен өз мамандығы бойынша жұмыс істейін десе, жалақы мардымсыз, одан өндірістегі құралдары мен техникалары тозған. Санаулы өндіріс орындары бар, бірақ онда отандық инженерлерді жұмысқа алғысы келмейді. Шетелден жұмыс күшін тартуға құмар. Мұны көрген өзіміздің қарадомалақтар шетке кетеді. Жоғарыда ауызға алған «Болашақ» бағдарламасының түлектері де Қазақстанда шартты еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін шетелге кетіп қалады», дейді Ә.Бердішев.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі ЖОО-лардың рейтингін жасайды. Биылғы рейтингте ең жоғарғы жалақы алатын мамандар қатарында «Стан­дарттау және сертификаттау және метрология», «Ақпараттық техно­ло­гиялар», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру», «Электр тех­­никасы және автоматтандыру», «Қа­ла құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс», «Мұнай ісі» мамандықтарының түлектері тұр. Сон­дықтан жалпы техникалық сала­ның ма­мандарын басқаларымен салыс­тыр­ғанда еңбекақысы мардымсыз дей алмаймыз. Егер олар өздерінің түрлі жобаларын грант бөлетін конкурстарға немесе сол өздері еңбек ететін өндіріс орындарында іске асыруға құлықты болса, қосымша зерттеумен де айналысып, сол арқылы табысын да арттыруға болар-ау. Бірақ олардың зерттеумен, ғылыммен сол өндірісте жүріп айналысуына барлық тарап (жұмысшы, жұмыс беруші, оқу орындары да) мүдделі ме? «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Айнұр Ыбыжанова бізге берген мәліметінде: «Автоматтандыру және басқару» мамандығын бітірген 1 154 түлектің тек 145-і магистратураға түскен. Ал «Алектроэнергетика» мамандығын тәмамдаған 1 102 маманның 121-і магистрант атанған», дейді. Докторантураға қанша адамның түскені, оның ішінде неше докторанттың докторлық атағын қорғай алғаны туралы зерттеу жүргізілмейді екен.

 108 колледж түлегінің тек бесеуі ғана жоғары оқу орнына түскен

Елімізде колледждердің рейтингі жасалмайтыны, кәсіптік-техникалық білімнің бағдарламаларына зерт­теу жүргізілмейтіні өкінішті. Колледжге түсуден үміттілер де қай мамандықтың қандай колледжде жақсы оқытылатынын білуі керек қой. Өйткені енді мемлекеттік грант колледждерге емес, студенттерге беріледі. Айтқымыз келгені басқа, күнделікті тұр­мы­сы­мызға қажетті тех­ни­калық қызметтерді орындайтын ма­мандардың басым бөлігін колледждер дайындайды. Ал сол колледжден кейін бакалавриатқа, одан әрі магистратура, докторантураға жалғап, білі­мін ғылымға ұштап жатқан техниктер аз. Мұны қазақ­стан­дық колледждердің оқытушылары арасында көлік са­ласы бойынша үздік болған Рүстем Ермекұлы да рас­тап отыр.

«Біз токарь, электрик, механик, слесарь, дәне­кер­леу­ші секілді нағыз еңбектің адамдарын, қарапайым жұмысшы мамандарды дайындаймыз. Олардың көбі оқу бітірген соң жұмыс істейді. Ізденісін әрі қарай жалғайтындар өте сирек кездеседі. Мысалы, былтыр бітірген 108 студенттің тек бесеуі ғана ЖОО-ға түсті. Қалғаны кәдімгі өндіріске кетті. Бірақ бұл колледжде ғылыммен айналысуға келмейді, зерттеуге студенттерді қызықтырмайды деген сөз емес. «Жас маман» жобасы аясында колледжіміз заманауи техникалармен, қажетті құралдармен жабдықталды. Онымен жұмыс істеп, жоба жасаған студентім Андрей Ухань WorldSkills республикалық байқауында күміс медаль алды. Негізі осындай байқаулар, түрлі грант­тар арқылы студенттердің зерттеуге деген қы­зы­ғу­шы­лы­ғын арттыруға болады. Дегенмен өзінің ғылыми немесе инновациялық жобасын жүзеге асырып, өн­ді­ріс­ке енгізуге ынталандыру үшін ұстаздары үлгі бола алуы керек», дейді Р.Ермекұлы.

Сөзінің жаны бар. Өзіндей оқыту­шы­лар арасынан озық шыққан ол «Авто­транс­порт саласында қауіп­сіз­­дікті арттыру жолдары» тақы­ры­бында магистрлік диссертациясын қорғаған. Германияда тұрып, бір жыл іс-тәжірибеден өтіп келген Р.Ермекұлы зерттеуін енді докторантурада тереңдете жүргізуді жоспарлап отыр. Ал педагогика саласындағы 15 жылдық тәжірибесінде докторантураға түсіп, ғылыми атағын қорғаған студенті әзірге жоқ. «Мен магистратурадан кейін бірден докторантураны жалғастырғым келді. Алайда Павлодарда менің ма­ман­дығым бойынша докторантураға орын осы екі жылдың көлемінде ғана ашылып, грантқа мүмкіндік берілді. Бұған дейін Қазақстан бойынша докторантурада «Транспорт және логистика» мамандығына өте аз грант болды. Және оған түскен әріптестерім өзге қалаларға барып, қатынап, қоныс аударып оқыды», дейді Р.Ермекұлы.

 Ғылыммен мектепте де айналысуға болады

3D принтермен саусағынан айы­рылған оқушыға протез жасаған мұ­ғалімді газетіміздің тұрақты оқыр­ман­дары ұмыта қоймаған болар. Сол мақаламызда Алматы облысы Жамбыл ауданынының Әсет Бей­се­уов атындағы орта мектептің физика мұғалі­мі­нің жасанды қол жасағанын жазғанбыз. Осы еңбегі үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Ғылым» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алған Бақытәлі Дәулешяр ғылыммен мектепте де айналысуға болатынын, оған құралдардың жоқтығы да кедергі келтіре алмайтынын айтады.

«Кез келген мұғалім жасына қа­ра­мастан жаңашыл­дық­қа ұмтылып тұруға тиіс. Өйткені ол – үйретуші. Үйретуге әрдайым дайын болған жөн. Бір оқушының өзі кейін үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Оның үстіне сол бір баланы жоғары нәтижеге жеткізсе, басқа балалар да қызыға бастайды. Ғылымға, зерттеуге, инновациялық жұ­мыстармен айналысуға мектеп оқу­шы­ларын осылай қызықтыруға болады. Мектебімізде физика сабақтарын түрлендіріп, қызықтырып өткізуге құ­ралдар жетіспеді. Сөйтіп, оны сол оқушыларыммен бірге жасауды ойға, кейін қолға алдым. Бір құралды өзге сы­ныптарға да, келесі сабақтарда да қол­дануға болады. Оны көрген оқу­шылар жобаға қосыла бастады. Оларды әрі қарай ынталандыру үшін білімімді жетілдіріп, роботтехниканы оқыдым. Осылайша, оқушылармен қимылды байқаса жанатын, байқалмаса өздігінен өшіп қалатын шам, қолыңды жақындатсаң ашылып, алыстатсаң жабылып қалатын қоқыс жәшігін, өз уақытында шырылдайтын қоңырау, еденді қоқыстан тазалап, артынан жуып шығатын машина жасадық», дейді Б.Дәулешияр.

Мұғалім мұның бәрін робот техникасын оқытатын арнайы факуль­тативте жасап үйретеді. Негізі сабақ апта­сына бір рет бо­лады. Бірақ бұл жеткіліксіз, сон­дық­­тан аптасына екі-үш реттен де өткізеді. Себебі балалардың ынтасы жоғары. Қазір кейіпкеріміз өзі қыз­мет ете­тін мектептегі еңбек пәні мұғалімімен бір­ге «Ин­же­нерлер әлемі» деген бөлек кабинет ашып жатыр.

«Жалпы, мектепте оқушыларды ғылымға икемдеу үшін де тәрбие ке­рек. Балалар мен жасөспірімдер арасында ғылымды, ғалымдарды, олардың әлемді құтқарған еңбектерін, адамзат жұмысын жеңілдеткен өнім­дерін кеңінен насихаттау қажет. Ко­ронавирус кезінде вакцинаны да, ем­деудің әдістері мен дәрілік препарат­тарды да жасаған – ғалымдар. Осыны жас ұрпақтың са­насына сіңірген абзал. Бұрын бас­қаша болған шығар, бірақ ғылым мен тех­но­логия дамыған қазіргі заманда докторантура жай қағаз болып қалғандай. Ғылыммен айналысу үшін сондай қағазды, ғылыми атақты, зертхананың бол­ға­нын күтіп отырудың қажеті жоқ. Ғылыммен кез келген жер­де де айналысуға болады», дейді Б.Дәулешияр.

Білім және ғылым министрі жа­қында өткен университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының форумында әрбір институтқа кем дегенде бір мектепті қамқорлыққа алып, ғылым мен технологияға ынтасы бар балаларды іріктеп, жас ұрпақты ғылымға тарту жұмыстарымен жүйелі айналысуды тапсырған еді. Және осы тапсырманың орындалуын өзі қадағалайтынын қадап айтты. Мұн­дай маңызды бастаманың орында­луын бәріміз бірге қоғам болып ба­қылауымыз керек-ақ. Байқасаңыз, мақалада ғылымнан орта білімге де­йін тарқаттық. Себебі бар мәселе – түбінен, түбірінен, іргетасынан. Бірақ бұл келесі сатыдағы жұмыс маңызсыз дегенді білдірмейді. Керісінше бірі-бірінсіз нәтиже бермейтінін білдіреді.