Қазақстан • 07 Ақпан, 2022

Тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалғандар жоқ

354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратура Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров пен ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов брифинг өткізді.

Тергеу изоляторларында  кездейсоқ қамалғандар жоқ

Бас прокуратура өкілі еліміздің әр өңір­інде бұрқ ете қалған «гибридті шабуылдарға» қарулы деструктивті және қылмыстық топтардың жұмылдырылғанын алға тартты. Р.Ожаров қаңтар оқиғалары кезінде еліміздің «гибридті» шабуылға тап болғанын айта келіп, қазіргі таңда ұйымдасқан қыл­мыстық топтардың 18 мүшесі ұсталып, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жаса­ғаны үшін бұрын сотты болған 21 адам­ның тұтқындалғаны жөнінде мәлімдеді. «Ұс­талғандардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Жұмагелдиев және оның топ мүшелері бар. «Дикий Арман­ның» қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екін­ші жерге апарып, ұрып-соққан. Ауыр соққы­ның салдарынан бір адам қаза болған. Бұдан бөлек, қарақшылар 12-қалалық ауруха­нада по­лиция қызметкерін соққының асты­на алып, қызметтік қаруын тартып алған. Қа­зір­гі таңда осы фактілер бойынша тіркелген қыл­мыстық істер жан-жақты тергелуде», деді ол.

Әлеуметтік желілер мен мессенд­ж­ер­­­­лерде «Дикий Арманды» боса­тып­ты немесе оны белгісіз бір жаққа алып кетіпті деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттардың тарап кеткені рас. Осыған орай Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Р.Ожаров «басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оның жаппай тәр­тіп­сіздіктер бо­йын­ша тергеліп жат­қанын» ресми түрде хабарлады. Қазір­гі кезде арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алған. Осыған орай Жұма­гелдиев ҰҚК-тің тергеу изоляторына ауыс­тырылды. Р.Ожаровтың айтуын­­ша, қаңтар оқиғалары кезінде бел­сен­­ділік танытқан басқа да ұйым­дас­қан топтар анықталған. Мәселен, жақын­да ғана Алматы облысының Ең­бек­ші­қазақ ауданында ҰҚК қызмет­кер­лері «Казахстанский» деп аталатын ұйым­дасқан қылмыстық топ жетек­ші­лерін қолға түсірген.

«Олардан 15 атыс қаруы тәркі­лен­ді. Қазір бұл ұйымдасқан топ­тың ашылмаған басқа да қылмыстар­ға қатыстылығы тек­серілуде», деген Бас прокуратура өкілі қаңтар оқи­ға­лары­ның себеп-салдарларын тергеу бары­сын­да сая­си экстремизмнің айқын белгілері анық­талғанын да алға тартты. Оның айтуынша, кейбір «қоғам» және «азаматтық белсенділер» де нара­зы­лықтардың бастапқы кезеңін пайда­ланып, тізгінді өз қолдарына алуға тырысқан. «Тыйым салынған «ҚДТ/Көше» атты экстремистік ұйы­мының мүшелері өзгелерді жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген. Жалпы ұсталғандар арасында тыйым салынған экстремистік ағым­дардың 35 мүшесі анықталды. Мысалы, Алматыда қылмыстық бағыт­тағы деструктивті діни ағым­ның бір топ мүшесі ұсталды. Олардан қол­дануға дайын қару-жарақ тәркі­ленді. Топтағы әр адамның іс-әрекеті үйлес­тіріліп отырған. Мәселен, олар­дың бір бөлігі алаңда жүрсе, екіншісі қаланың төменгі жағында баррикадаларда отырған», деді ол.

Р.Ожаров сондай-ақ тергеу ба­ры­сында WhatsApp және Telegram ар­қылы тәртіпсіздіктерге қаты­сушы­лардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттардың әшкереленгенін де айтты. «Мысалы, Алматыда санаулы сағат­тың ішінде бір мессенджерге қосылғандар саны 140-тан 5,5 мыңға дейін өскен. Жамбыл облысында да бір чатқа қатысушылар саны 4 мыңға дейін жеткен. Сөйтіп қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған. Ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Біразы дүкендерді талқандап, тонаумен айналысқан. Олар тіпті тұрғын үйлердің бірінші қабат­тарында орналасқан үй-жайлар­ды өртеп жібер­мек болған. Тек тұр­ғын­дардың жан­қияр­лық тойтарыс беру әрекеттері ғана бұдан да ауыр зардаптар мен көп­теген құрбан­дардың алдын алған», деп мә­лім­деген Р.Ожаров лаңкестік шабуыл­дың қалай жасалғанына да сипаттама беріп өтті. Оның айтуынша, алаңға жинал­ғандарға арматура, таяқ, кірпіш, тас және «Молотов коктейльдерін» таратқандар да болған. Оларға тіпті ғимараттарды өртеу үшін автомобиль дөңгелектері мен бензин де жеткізілген.

«Одан кейін халықтың көп жинал­ғанын ұтымды пайдаланып кеткен олар қоршауларды бұзып, өңірлердегі әкімдік ғимараттарын басып алуға кіріскен. Олар қару-жарақ қоймаларын басып алып, қаруға қол жеткізу үшін полиция ғима­рат­тарына шабуыл жасап, қауіпсіздік күш­терінен тартып алған арнайы техни­ка мен көліктерді, басқа да құрал­дарды пайдаланған. Ұрланған қару-жарақты, азық-түлік пен ауыз суды бүлікшілерге жеткізу және тарату амалдарын ұйымдастырған. Қару-жарақтың бүлікшілерге қалай жеткізілгенін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған видеолардан да көруге болады», деді спикер.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда еліміздің 8 өңірінде – Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақ­стан, Ақтөбе және Атырау облыс­та­рын­да терроризм актілері мен жап­­­пай тәртіпсіздіктерді тергеу жұ­мыс­­тары жүргізілуде. Бір айдың ішін­де «Стоптерроризм» сайтына 1 672 файл жүктелген. Олардың дені қаң­тар оқиғасы бойынша видео және фото­­суреттер. Тергеуге қара­па­йым тұрғындардан бөлек, бизнес өкіл­­дері де көмектесуде. Жаппай тәр­тіп­­сіз­діктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жа­­сауға қатысты 467 адам қамауға алын­ған. Олардың жеке басы, отбасы­лық жағдайы, жасы, денсаулық жағда­йын, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көз­қарасы және басқа да сипаттай­тын деректерді зерделей келе арна­йы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изо­ля­­тор­ларынан босатқан. «Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жа­са­­ға­ны туралы нақты айғақтар бар адам­­дар ғана алынды», деген спикер «тер­геу изоляторларында кездей­соқ қа­мал­ған адамдар жоқ екенін» мәлімдеді.

ІІМ өкілі С.Әділов брифингте ішкі істер органдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен тығыз іс-қи­мыл жасай отырып, қаңтар оқиға­ларының себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау жұмыстары жалғасып жатқанын айта келіп, «Қазіргі уақытта барлық зақым­данған нысанды тексеру аяқ­талды. Олардың саны 1,5 мыңнан асады және 760-тан астам автокөлік бар», деді. Оның атап өтуінше, 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы та­ғайын­далды. Куәгерлер мен жәбір­лену­шілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды. «Жүргізіліп жат­қан жұмыстардың нәтижесінде қыл­мыс­керлер мен жасыру орындары­нан 828 бірлік қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленді. Сонымен қатар 65 дана қару ерікті түрде тапсырылды», деді С.Әділов.

Сондай-ақ ІІМ өкілі: «Қазір ақпа­рат­тық кеңістікте өткен оқиғалар­дың бұрмаланып отырғанына куә болып отырмыз. Митингілердің бейбіт сипаты және құқық қорғау күштерінің заңсыз әрекеті туралы айтылады. Мұ­ның бәрі билік қабылдаған шешім­дердің бе­делін түсіру, ең бастысы – жап­пай тәр­тіпсіздіктердің ұйым­дас­­тыру­шы­лары мен қатысушылары жауапкер­ші­лік­­тен бой тасалауы үшін жасалады. Қазақ­стан­дықтар мұның қоғамдық сана­ны айла-шарғы жасау жөніндегі мақ­­сат­ты ақпараттық науқан екенін тү­сі­нуге тиіс. Осыған байланысты аза­мат­­тардан тек ресми, тексерілген ақпа­рат көздеріне сенуді сұраймын», деді С.Әділов