Қоғам • 03 Ақпан, 2022

Сенатор тұрғын үй жалдау үшін өтемақы алатын полицейлердің тізбесін кеңейтуді ұсынды

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы ала алатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізбесін кеңейту қажет. Сенатор Нұрлан Бекназаров Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор тұрғын үй жалдау үшін өтемақы алатын полицейлердің тізбесін кеңейтуді ұсынды

«Ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда, бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Соған байланысты бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж», деді сенатор.

Нұрлан Бекназаров бұл проблема кадрлардың тұрақтамауына, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының төмендеуіне тікелей әсер етеді деп есептейді.

Сенатор осы мәселелерді шешу үшін Премьер-Министрден тиісті, қажет болса қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететін шаралар қабылдауды сұрады.