Руханият • 11 Қараша, 2021

Тарихи қисынсыз шындық та болмайды

710 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Өмірдің өзін, қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды ақ қағаз бетінде сөйлетіп,  оқырманға ой айтатын жазушылар қауымы ұлт руханияты үшін алтын көпір рөлін атқарып келеді. Олардың әр шығармасы өмірдің жолын, кешегісі мен бүгінін сипаттап бере алады. Жақында ғана «Бопай ханым» атты тарихи романы жарық көрген жазушы Мәди АЙЫМБЕТОВ бізге берген сұхбатында әдебиет туралы көзқарасын, шығармаларындағы кейіпкерлер образын кеңінен сөз етті.

Тарихи қисынсыз шындық та болмайды

Алғашқы шығармамды тоғыз ай жаздым

 – Оқырман сізді «Тәтті мұң» атты тырнақалды туындыңызбен таниды, алғашқы әңгімеңіз жарық көргенде қандай күйде болдыңыз?

– Ең алғашқы туындым ұмытпасам 1972 жылғы «Жұлдыз» журналының 12-санына шықты ғой деймін. Оралхан Бөкеев сол әңгімемді ұнатыпты. Сол кездегі редактор да дүниеден өтіп кетті, жазушы кісі еді. Сол кісі маған «Орал­ханға албаты шығарма ұнамайтын, мына шығармаңыз ол кісінің көңілінен шығыпты, Шерхан оқып, мистикасы басымдау сияқты ма депті, бірақ Оралхан жақсы әңгіме деп журналға өткізді» деді. Бұл әңгімені мен тоғыз ай жаздым.

– Неге сонша көп уақыт кетті?

– Бір шағын әңгімені үш-төрт күн­де жазуға болады, бірақ мен бұл шығар­маның алғашқы абзацын жазып, әрі қарай бірден жалғастыра алмадым. «Тәтті мұң» деген кімнің мұңы болмақ деген ой иектеп алды. Бұл әңгіме не бәрі үш-ақ күн күйеуімен бірге болып, жұбайлық өмірдің дәмін татып үлгермеген әйелдің жан күйзелісі туралы. Күйеуі соғысқа кетіп, артынан оралмайды, қара қағаз алады. Әңгіме арқауы осы. Мұң дегенім соның мұңы. Махаббатын аялап, күтеді, үмітін үзбейді. Тіпті жа­ман­дыққа жүрегі сенбейді. Бұндай тақырыпта жазылған әңгіме көп қой, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» мысалға алуға да болады. Мен соларға еліктеп кетемін бе деп те ойладым. Со­ғыс өмірін көрмесем де, кейіпкерімнің мұңы ойыма қайта-қайта орала берді. Сосын өзінің жүрегіндегі қайғысын жеңе білген жас әйелдің мұңын жазып шықтым. Басқаша себебі, са­уыншы болып жүрген кезінде соғыстан қайтқан бір мүгедек солдатқа ғашық болады, бірақ жүрегінде үрей бар, өзінен өзі шошиды. «Неге мен бұлай істеймін, менің күйеуім бар ғой» деген ойды алданыш етеді. Бірақ өзін қаншама жеңуге тырысса да, ана жігіт көз алдына келе береді. Ол сезімін жігітке білдіргісі келмейді, бұл менің тәтті мұңым болып қалсын дей­ді. Алғашқы жазған дүнием осылай басталды.

– Бұл әңгімені «Жұлдыз» журналы жариялаған соң оқырман қалай қа­­был­дады? Ол кезде оқырман көп еді ғой...

– Мені танитын қаламгерлер хабарласып, құттықтады. Кейіпкеріңнің образына соншама кіргенсің, шынайы туынды деп бағалап, сүйсініп жатты. Тіпті кейбірі әйелдің жанын қалайша жақсы түсіне білгенсің деген пікірлерін білдірді. Мүмкін, журналға оқырмандар хат та жазған шығар, ол жағын білмеймін.

– Әдебиеттің негізі – өмір, қоғам, адам. Осы үш фактор сіздің шығар­маларыңызда қалай шешімін тапты?

– Негізі әңгіме жанры маған өте жақын. Өмірден өзім байқаған, білген, елден естіген дүниелер маған әсер етсе, соны ойымда пісіріп, соны қағазға тү­сірген­ді ұнатамын. 1986 жылғы желтоқ­сан­ның соңғы күндерінің бірінде «Құла түздегі үнсіздік» деген әңгіме жаздым. Бір ғажабы, бір-ақ күнде жазылды. Анық­тап оқыған адамға бұл – қасқыр тура­лы емес, адам туралы шығарма. Кезінде ел жақтағы бір жігіттің үйінде қонақта болдық. Бақытжан Момышұлына біздің елді көріңіз деп ауылымызға шақырдым, қатты қобалжып «Қаладан шықпаған адам едім, бала күнімде әрі кетсе Жуалыға ғана баратынмын» деп толқыды. «Ендеше батыстағы ел­дің жағдайын аралап көріңіз» деп, қасымызға досым, математик Мұхтарбай Өтелбаевты ертіп, ауылға кеттік. Ел ықы­лас­пен қарсы алды. Бақытжан ағаны сол жолы ел адамдары даңқты әкесі Бауыржан Момышұлының көзі деп, зор құрметпен өте жақсы қабылдады. Сосын бір кеңшарға барғанымызда, сол шаруашылықтың басшыларының бірі үйіне қонаққа шақырды. Кенет ол мақ­танып, өзінің кереметтей аңшы екенін мақтана айтып, мынадай оқиғаны сөз етті. Қыстыгүні олар малшыларды аралап жүріп, бір үйге түссе, сол үйдің әйелі үш күн бойы толғатып, босана алмай қиналып жатыр екен. Мал жағ­дайын көруге барғандар амалсыз әлгі әйелді алып қайтып бара жатқанда, алдарынан екі қасқыр кездесіпті, арлан мен қаншығы екен. Тұра кеп қуады. Бір кезде әлгі арлан қаншығынан бөлініп, күзгі егістіктің қар басқан одыр да бұдыр алқабына қарай қиястай қашады. Сонда арланның ойы қаншықты құтқару екен. Қуғыншылардың арасында толғатып жатқан әйел де бар. Бір уақытта әйел мені тастап кетіңдер деп өтініш айтыпты. Олар арланды атып алып, қайта келсе, әлгі әйел босанып, шаранасы кеппеген шақалағы қыстың саршұнақ аязында бір уыс болып қатып қалыпты. Арлан болашақ ұрпағын ойлап, құрсағында күшіктері бар қаншықты жанұшыра қорғады. Ал адамдардың әрекеті әлгіндей!.. Бұл әңгімені естіген Бақытжан ағаның жүзі күреңітіп кетті. Ал қаперінде ештеңе жоқ ақкөңіл әңгімешіміз «ерлігін» айтып отырып мұны байқамады. Әлгінде өзің айтқан адам, өмір, қоғам деген, әдебиеттің негізі жоғарыда айтқан үш тұғыры, міне, осы болса керек! Әдебиет өміртанымдық миссиясы бар ұлттық идеологияның басты құралы, әдебиет – шын мәніндегі тәлім көзі. Тартымды шығарманың тақырыбы да, айтар идеясы да осыдан өрбиді.

 Бопай ханым - тарихи тұлға

– Жақында «Бопай ханым» атты жаңа романыңыз шықты, бұл кітап ұлт тарихындағы көрнекті тұлғаларды тануға, ұрпақтарға насихаттауға қо­сыл­ған жақсы шығарманың бірі бол­мақ. Бұл тарихи романды жа­зуыңыз­ға не түрткі болды?

– Әбіл­қайыр ханның тағдырындағы оның алатын орны айрықша дер едім. Бопай қазақтың бас ханына сүйікті жар болып қана қойған жоқ, сенімді өмірлік серігі, ел өміріне қатысты күрделі мәселелерде ақылшы, кеңесші де бола білген көреген де аса сұңғыла жан болған. Әбілқайырдың ел бүтіндігін, халықтың тыныштығын сақтау жолындағы адами әрекет-амалдарына да өзіндік зерделі көзқарасын таныта білген. Ханның биік мәртебесін ол жары ретінде ардақтай да алған. Хан өміріндегі осындай кемелдігі оны сол кезеңдердегі зиялы қауымының құрметіне бөлеген. Орыс империясының жоғары билігіне де Бопай есімі танымал болғаны – тарихи шындық. Осы тарихи шығармамды жазуға түрткі болған бірден-бір жайт та осыған саяды. Бопай ханымның зиялы да терең бейнесі арқылы қазақ әйелінің ұлылығын да, қайыспас қайсарлығын да, жан-дүние сұлулығын да көрсеткім келді. Ұлы даланың өн-бойын­дағы тіршілігінде өжеттігімен, өрлігімен, биік парасат-санасымен халық жадында қалған Бопайдай арудың тарихи бейнесін ашудағы мақсат­тың бір парасы, міне, осындай.

– Бопай ханым мен Бопай ханшаны айыра алмайтындар көп, бұған не дейсіз?

– Дұрыс айтасың, мұндай мысалдар бар. Өмір кезеңі әртүрлі ғасырды қамти­тын бұл екі тұлғаны тарихи және көркем деректерде шатастыруды қай жағынан алғанда түсіну де, ақтау да қиын. Абылайханның Қасым деген ұлынан туған немере қызы, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханша мен одан бұрын өмір кешкен Бопай ханымды бір ғасырдан сәл астам уақыт бөліп тұр. Жалпы, тарихи тұлғалардың хронологиясын бұрмалау тарихи нақтылықтың санамызда орнығуына көлеңкесін түсіретінін ұмытпағанымыз жөн. Тарихи қисын болмаған жерде шындық та болмайтыны анық.

– Романда Бопай Сүйіндікқызының Әбілқайыр ханның тағдырында өте маңызды адам екені айтылады. Кейбір тарихи шындықты көркем шындыққа қалай байланыстырдыңыз?

– Бопайдың образын көркем шындық тұрғысынан жасауда алдыма қойған басты ұстанымым оның болмысын Әбілқайыр ханның күрескерлік өмірінің аясында танып, көру еді. Аталған ұстаным қандай деңгейде орындалды, мұны оқырманның төрелігі айтсын. Ал тарихи шындық пен көркем шындықты кейіпкер өмір ке­шіп, әрекет еткен кезеңнің тарихи қисыны байланыстыруға тиіс деп ойлай­мын. Бопай ханым бейнесін әрлеп мүсіндеуде сол уақыттың үлгісіндегі кейбір деректердің негізіне сүйене отырып осы тәсілге ден қойдым. Тарихи романның жазылу үрдісіне лайықты шындықты кейіпкер образының өзегіне салуға тырыстым...

– Осы арада мынадай сұрақ тіл ұшы­­­­­на оралып отырғаны: Бопай ханым образына қатысты қандай де­рек­­­­­тер­ді сараладыңыз, ой сорабынан өт­кі­здіңіз?

– Жаңағы мен айтқан кейіпкер образын жасаудағы тарихи қисынға апаратын нақты тарихи деректемелер туралы айтсам, Бопайдың портреттік бейнесін жасаған Джон Кэстльдің күнделігі маған алдымен көп ой салды. Бұл материалдар әр-әр жылдары әртүрлі басылымдарда жарық көрген. Қазір солардың кейбір үзінділері интернеттегі сайттарда да бар. Орыс патшалығының дипломатиялық миссионері әрі суретшінің сөзімен берілген және қылқаламымен бейнеленген, ханымның көзі тірі кезінде жазылған деректі айналып өте алмадым. Бұл шын мәнінде құнды материал еді. Одан соң осы романның бас кейіпкерлеріне байланыс­ты орыс архивінен алынып жинақталған «1675-1821 жылдардағы қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы» (Қа­зақ билеушілерінің хаттары) атты И.В. Еро­феева құрастырған жинағын оқы­­ған­нан кейінгі ой қорытуларымды негізге алдым. Бұл жинақ қазақ елі тура­лы өз ыңғайына қарай орайластырып, бұр­ма­ланып орыс тіліне шоқынды татар тілмаштар қолымен жасалған, орыс архивінен алынған материалдардың негізін­де құрастырылғандығы көзге ұрып тұр. Қазақ билеушілері элитасының, оның ішінде Әбілқайыр мен Бопай да бар, орыс патшалары мен патшайымдарына мойынсұнып, соларды мақтап, марапаттап, құлдық ұрып жалбарынуы, солардан қорғаныш, демеушілік іздеуі тарихи қисынға келмейтін жайт. Демек бәрі керісінше екені ақиқат деген ойға еріксіз келесің. Бұған Әбілқайырдың хан болғанынан бастап, өле-өлгенше орыс бодандығындағы оның итаршылары: казак-орыстармен, Еділ қалмақтарымен, ара-тұра естектермен соғысып өткендігі де айқын мысал бола алады. Немесе оның ел басшысы ретінде орыс патшайымына бодандықты емес, ынтымақтастық келісім жасауды ғана ұсынған хатының шоқынды М.Тевкелевтің қолымен бұрмаланып аударылуы да (бұл туралы романда нақты деректер келтірілген) осыған дәлел. Жылдар бойы ханға тірекші, ақылшы, хан әулетін ұйыстырып отырған Бопайдың да бұл оқиғалардың сырттай бақылаушысы болмағаны анық. Оның осындай тұлғалы бейнесіне қаламгерлік көзқараспен қарауыма осы қисын түрткі болды десем, артық кеткенім болмас.

 Роман жазуға қажетті материалдарды: жазба және ауызша деректерді соңғы төрт-бес жыл көлемінде жинақтау үстінде Бопай ханым жөніндегі пайымдауларым осы еңбектің жазылуына себеп болды.

 – Бопай ханым Хан әулетінің ұйыс­ты­ру­шысы болған дедіңіз. Оның ана бейнесіндегі орнын қалайша пайымдар едіңіз?

 – Бопай ханым – Әбілқайырдан соң бірінен соң бірі хан болған Нұралы, Ералы, Айшуақ және Қожахмет, Әділ сұлтан сынды ұлдардың шешесі болған мәртебелі ана. Нұралының мұрагерлік жолмен хан сайлануы және оны Ресейдің танып, мо­йындауы тікелей Бопай арқылы жүзеге асырылғаны тарихи ақиқат. Кіші жүз бен орта жүздің билері мен старшындарын, батырларын орда төріне жинап хан сайлау рәсімін ұйымдастыруды Бопай халық алдындағы өзінің басты парызы санады. Түптеп келгенде оның хан ордасындағы асқақ, зор беделімен Санкт-Петербург те, Орынбордағы орыс патшалығының өкілетті губернаторлары да санасқан. Романда әр қырынан жазылған осы тарихи әрекеттерінің өзі Бопайдың он сегізінші ғасырдағы қазақ тарихында қандай тұлға болғанын мәлім етсе керек-ті.

 Өсіп келе жатқан таланттар бар

– Біздің әдебиетіміз – әлем әдебие­тінің бір бұтағы. Ендеше, қазіргі әде­бие­ті­міздің жай-күйі қандай? Кешегі даму жағдайы әлі жалғасып келе ме?

– Әдебиет тарихын зерттеушілердің іргелі зерделеуі біздің әдебиеттің баста­уын сонау алтыншы-жетінші ғасырлардан іздейді. Ежелгі сына жазу дәуірлеріне ше­гініс жасасақ, онда әдебиетіміздің бас­тау көзі тым әріден басталатыны да ақиқат. Біздің әдебиеттің де ұлылығы сонда. Біздің көне жазуымыз болған. Сол жазуымыз арқылы халықтың мұңы, күрескерлік рухы, жасампаз өмірі жырланған.

 Ал кеңестік кездегі әдебиетте де үлкен нәрселер жасалды. Қанша идеоло­гия­н­ың қыспағы болса да, Майлин, Жан­сүгі­ров, Аймауытов, Жұмабаев, Әуезов, Мүсіреповтер ұлттық әдебиет үшін көп құндылықты дүниеге әкелді. Бел­гі­лі деңгейге жету үшін аяғына тұсау бол­ған істер болған шығар, бірақ қалай болған­мен де әдебиет сөзінің жасампаз әлемінің тұғырын солар жасап кетті. Ал қазіргі әдебиетпен айырмашылығы дегенге жауап берсем, тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де жазылмай қалған шындық, тарихи көркем дүниелер әдебиет әлеміне келді. Сәкен Жүніс «Ақан серінің» екі кітабын жазды. «Жапандағы жалғыз үйінде» империялық саясаттың қатыгездігін ар­қау етті. Одан бергі кезеңде Қабдеш Жұмаді­ловтің «Дарабозы», «Соңғы көші» сияқты шығармалар өмір шындығын паш етті. Соңғы кездегі әдебиетіміз қа­зақ­тың өмірін, тарихын бейнелеуде еш аянып қалған жоқ. Жаңа ғасырдағы әдебие­тімізде бұрынғы кезге ұқсамайтын жақсы леп бар. Өсіп келе жатқан таланттар бар.

– «Тылсым» атты повесіңіз екі жастың бір-біріне деген ыстық махаббатын, кіршіксіз сезімін бейнелейтін шығарма. Сізше, махаббат қаламгерлер үшін мәңгілік тақырып па?

– Махаббат – мәңгілік тақырып. Адам бар жерде махаббат бар, махаббат бар жерде адам бар. Әлемге аты шық­қан жазушылардың жазғандарын оқып отырсаңыз, махаббат туралы жазбағаны кемде кем. Қалай жазды, қандай тұрғыда жазды, ол басқа әңгіме. Ал менің «Тыл­сым» атты шығармамда тек махаб­бат туралы жазылмаған. Бұл туынды кешегі тоқсаныншы жылдардағы қо­ғам бас­тан кешкен күрделі де қиын кезең­нің тіршілігін бейнелейді. Менің бұл шығармадағы кейіпкерлерім – қаңғып, жұ­мыс­сыз жүрген қыз бен жігіт. «Құл базарында» жалданып жұмыс істейтін жас жігіттің өзінің сүйгенін жолықтыруы, соққыға жығылып, қансырап жатқанда әлгі қыздың келуі, шығарма солардың бас­тан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді. Бұл хикаят шынында сол қиын кездегі екі адам­ның өмірді жалғастыруы, махаббаты, ең соңында нашақорлардың қолынан қаза тап­қан жігіттің сәбиін көре алмауы сын­ды оқиғалар сол кезеңдегі өмірдің шындығы. Жас кейіпкерлерім арқылы соны көрсеткім келді. Олардың бойында махаббат та, күйзеліс те, қуаныш пен жұбаныш та бар. Бұл шығармама жұрттың пікірі жаман болған жоқ. Қаламгер үшін жазғаны жұртқа ұнауы да бір ғанибет. «Алабай-дода» хикаяты бүгінгі заманғы кейбір ашкөз олигархтардың өмірін сөз етеді. Ессіз байлыққа мастану, масаттану, билікке ұмтылу, бір-бірін аяқтан шалу сынды әрекеттері тілге тиек болады. Әлгілер сөйте жүріп, ит таластыратын ермек тапқан, әрине, ақшамен құмар ойнайды. Мұндағы ойым – иттердің төбелесі мен сондай адамдардың қырқыс-тартысына параллель жасау.

– Осы шығармада әкесіз қалған сәбидің тағдыры туралы толғанасыз, бұл жағдай қазіргі біздің қоғамның бас­ты мәселесі ғой, неге осыны өзек ете отырып роман жазбасқа?

– Менің оңтайыма келетін жанр әңгіме, хикаят. Сол үшін осы жанрда жиі шығарма жаздым. Өзіме осылай істеген ұнамды.

– Балалар тақырыбы да сізге жат емес сияқты?

– Мен әдебиетке балалар жазушысы болып келдім. ҚазГУ-дің журналистикасын бітірерде мені Фариза Оңғарсынова апамыз «Қазақстан пионеріне» жұмысқа шақырды. Ол кезде «Лениншіл жас» жас жазушылар үшін үлкен аудитория еді. Сонда мен үшінші курстан бас­тап бұрқыратып жаза бастағанмын. Солар­ды Фариза апамыз оқыған сияқты. «Қо­лың­нан жазу келеді» деген сөзі әлі есім­нен кетпейді. Сөйтіп балалар өмірінен шығарма жазуды сол кезде бастадым. Сол жерде алты жыл жұмыс істедім. Кейін апамыз «Пионер» журналына жұмысқа шақырды. Әне сол кезде балаларға арналған шығармаларым дендеп жазыла бастады. Менің «Бар болғаны он төрт жас» дейтін хикаятыма «Нәзік жаңғырық», «Ғашық болу бақыт» деген тағы екі хикаят қосылды. Бәрінде де бір кейіпкердің өмірі баян етілген. Он төрт жастан он алты жасқа, одан мектеп бітіргендегі он жеті жас. Сосын оның алғашқы махаббаты оянады. Әкесін тыңдамай, жоғары оқуға бармай, таудағы жылқышы нағашы атасына көмекші болады. Бұл шығарма былайша айтқанда, бір адамның есею жолы. Маған осы шығармам қатты ұнайды. Сол кездегі қоғамды он төрт жастағы баланың көзімен бере алдым ғой деп ойлаймын. Осы хикаят биылғы «30 жылдыққа – 30 кітап» акциясының балалар әдебиеті бойынша таңдаулы бір кітабы деп жарияланды.

– Швед жазушысы Мария Грипенің «Эльвис Карлсон» повесін, В.Шукшин, А.Головко, А.Пацюс, тағы басқа жазушылардың шығармаларын ауда­рып­сыз, көркем аударма сізді несі­мен қызықтырды? Қазіргі көркем аудар­мамыздың деңгейі қандай?

– Шынымды айтсам, көркем аударма­да қаламгердің қолтаңбасын тап басып беру аса қиын. Желдіртіп, сөзді оңды-солды көбейтіп аударма жасауды шы­ғармашылық санатына жатқызуға бол­майды. Классиктерді аударуда сақ болу қажет. Аға буын қаламгерлердің ара­сынан Нияз Сыздықов, Жұмағали Ысмағұлов, солардың мектебінен өткен Кеңес Юсу­пов­тың қаламынан шыққан әлемдік әдебиеттің жауһар дүниелеріндей мінсіз шығармалардың қатары қазір­гі таңда көп емес. Ал өзіме келсем, талай баспа ұсыныс жасады, бірақ клас­сиктерді аударуға батылым бармады. Жалпы, аударма кітаптарды көп оқығым келмейді, қанша айтқанмен, аударманың түпнұсқадағы ойды жеткізуі қиындау.

– Жастардың шығармаларын оқып тұрасыз ба? Қайсы жас жазушыдан үміт күтесіз?

– Кітап таралымы азайып, қолға түсе бермейтіндіктен оларды оқу мүмкіндігім шектеулі болып қалды. Ал ара-кідік болса да оқығандарымның арасынан үміт күтетіндері бар. Талантты жазушылар өсіп келеді. Сөздің қадірін білетіндер көп...

– Үнемі қайталап оқитын жазу­шыла­­рыңыз бар ма?

– Әрине, бар. Ғабит Мүсіреповтің әсіресе әңгімелерін үнемі қайталап оқып отырамын. «Абай жолын» қанша рет оқығанымды ұмытып та қалдым. Ал орыс жазушыларынан Достоевскийдің шығармаларын оқимын. Флобер – сүйікті жазушым. Толстойдың әңгімелерін оқи­мын, әсіресе осы ұлы шалдың күнделігін көп оқыдым. Орыс, шетел әдебиетінің классикасын оқуды шын мәнінде студент кезімнен бастадым. Ең алдымен ойды тоқыратпау үшін де кемеңгерлердің жазған-сызғанын оқып отыру өте пайдалы дер едім.

Бір сөзбен айтқанда, әдебиет – ұлт бейнесінің көркем де айнымас құбыл­намасы! Оған адал, шынайы шығармашы­лықпен қызмет ету – қай қаламгердің болсын ұлы парызы! Әріден, беріден қозғаған бүгінгі әңгімелесуіміздің түйінін осыған тіресек қайтеді!..

– Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақ­мет!

 Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»