Оқиға • Кеше

Алматы метросының «Қалқаман» станциясы мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жаңалықпен бөлісті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шаһар басшысы «Қалқаман» метро станциясының құрылысы жеделдетіліп, жоспарланған уақыттан әлдеқайда ерте ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы метросының «Қалқаман» станциясы мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі

Фото: istockphoto.com

Бұл жобаның іргетасы 2020 жылы қаланғанымен, 2022 жылы Наурызбай ауданының қарқынды дамуына байланысты станцияның орналасу бағытына түзетулер енгізілген болатын. Құрылыс жұмыстарына 28 млрд теңге бөлініп, алғашқы жоспар бойынша нысан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында аяқталуы тиіс еді. Алайда әкімдік атқарылатын жұмыстардың кестесін қайта қарап, мерзімді барынша қысқарту туралы шешім қабылдады.

«Маусым айында метро құрылысымен танысқанымда, мамандар «Қалқаман» станциясын аяқтауға 24 ай қажет екенін айтқан болатын. Қазір біз бұл жұмыстарды 8-9 айдың ішінде тәмамдауды жоспарлап отырмыз. Мұндай маңызды жобалар барынша жедел жүзеге асырылуы тиіс», деді Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, қаладағы кептеліс мәселесі экологиялық жағдайға тікелей әсер етеді – ауаның 60%-ға ластануы дәл осы көлік құралдарына тиесілі. Сондықтан билік Шанхай, Лондон және Мәскеу сияқты ірі мегаполистердің тәжірибесін зерделей отырып, жеке көлікке қарағанда қоғамдық көліктің үлесін арттыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар келесі жылы «Қалқаман» станциясы мен «Барлық» базарының арасын жалғайтын ұзындығы 5,3 шақырым болатын жаңа учаскенің құрылысы басталады. Сондай-ақ қала билігі метроның екінші желісін жобалауға кірісті: бұл бағыт «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі 14 шақырымды қамтиды.

Соңғы жаңалықтар