Фото: instagram
Әкімдіктің айтуынша, қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Қонаевтағы жағдай тұрақты: электр энергиясы, су және жылумен қамту штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Әкімдік Қонаев қаласында 12 желтоқсанға қараған түні қатты желдің салдарынан (желдің екпіні секундына 25 метрден асқан) бірқатар тұрғын үй мен ғимарат шатырлары зақымдалып, көшедегі жарықтандыру бағаналары істен шыққан.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына («Азаматтық қорғау туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар) сәйкес Қонаев қаласының әкімі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. 17 желтоқсаннан бастап жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай ресми түрде жарияланды», делінген хабарламада.
Зақымданған нысандарды жөндеу жұмыстары төтенше жағдай резерві қаражаты есебінен жүргізіледі.
Айта кетейік, Қонаев қаласында қатты желдің салдарынан қаладағы электр қуаты өшіп, шатырлар ұшып, ағаштар құлаған, инженерлік желілер зақымдалып, жылумен қамту жүйесінде іркілістер болған. Сонымен қатар жеке тұрғын үйде өрт шығып, саяжай алқаптарында түрлі апаттар болған.