Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2021

Мәулен Әшімбаев: Отыз жылда ордалы елге айналдық

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанда XVII Еуразиялық медиа форум өтті. Форумда дүние жүзін алаңдатқан бірқатар маңызды мәселелер кеңінен талқыланды, деп жазады Egemen.kz Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың фейсбуктегі жазбасына сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Отыз жылда ордалы елге айналдық

Іс-шараға қатысушылар пандемиямен күрес, денсаулық, қауіпсіздік, ынтымақтастық және басқа да бағыттар бойынша өз ойларын білдіріп, ұсыныс-пікірлерімен бөліскен. 

«Біз қатысқан пленарлық сессия Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Осы жылдар ішінде Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Шын мәнінде, біз бар болғаны үш онжылдықта ордалы елге айналдық. Шекарамызды шегендеп, экономика мен ішкі және сыртқы саясатта жасампаз шешімдер қабылдадық. Тәуелсіз мемлекет құру жолында салиқалы қадамдар жасадық. Әрине, әлі де болса жетілдіретін, толықтыратын тұстарымыз бар екені белгілі. Алдағы уақытта соның бәрін еңсеріп, елдігімізді еңселі ете түсеміз деп сенемін. Оған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де толық жетеді», деді М. Әшімбаев. 

в

Сондай-ақ ол Қазақстанның бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас орнатып келе жатқанын жеткізді. 

«Қазіргі таңда біз үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Сондықтан егемендікті одан әрі нығайту – барша қазақстандықтың абыройлы міндеті. Осы жолда ашықтық пен толеранттылық аса маңызды. Сол себепті Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас орнатып, инновацияға, ғылым мен білімге және өзара ынтымақтастыққа баса мән беріп келеді», деді Сенат төрағасы. 

уу

Мәулен Әшімбаев қазақ елінің әлемге жаһандық мәселелерді талқылайтын осындай алаң ұсынуының өзі ашықтықтың жарқын үлгісі деп санайды. 

«Биыл іс-шара онлайн форматты қолданып өткізілгеніне қарамастан, әдеттегідей әлемге белгілі әрі білікті спикерлер мен сарапшылар жұмылдырылған. Соған байланысты көптеген өзекті мәселенің шешімін табу үшін осындай жиындардың берері мол деп есептеймін», деп жазылған Сенат төрғасының фейсбуктегі жазбасында.

Соңғы жаңалықтар