Министр БАҚ өкілдерінің пандемия кезінде халықтың «көзі, құлағы һәм тіліне» айналып, тынбай еңбектену арқылы ақпарат айдынында жалған мәліметтерге бой алдырмай, дұрыс бағыт ұстануға көмектескенін атап өтті.
«28 маусымның Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілуі – журналистика саласына өмірін арнаған адамдарға деген, олардың кəсібилігіне деген құрметтің белгісі.
Ұлт болашағына, елдің ертеңіне ерен еңбегімен үлес қосып, шындықтың жаршысы болған Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтау – біз үшін үлкен қуаныш. Тәуелсіздік жылдарында қоғамның «көзі мен құлағы һәм үні» болған «төртінші билік» өкілдерімен мемлекеттік органдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқаруы өз нәтижесін беріп келеді. Мәдениет, спорт және туризм саласының өзекті тақырыптарын елімізге, қалың бұқараның көкейтесті мәселесін бізге жеткізе білгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз! Бұқаралық ақпарат – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Сіздер арқылы халық билікке сөзін дер кезінде жеткізіп отыр. Ал баспасөзбен тығыз байланыстың нәтижесінде атқарушы билік органдарының қызметі туралы халыққа жедел әрі нақты ақпарат беріліп келеді. Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Кәсіптеріңізге өрлеу, шығармашылықтарыңызға сәттілік, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!», деді Ақтоты Райымқұлова.
Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмысқа қысқаша тоқталып, Министрлік жүзеге асырып жатқан көптеген бағдарлама мен жобаны халыққа жеткізіп, кеңінен насихаттау жолында БАҚ-тың алатын орны ерекше екенін жеткізді.
«Биыл байтақ отанымыздың егемендік алғанын 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, Министрлік барлық жоспарланған іс-шараны уақтылы және сапалы өткізілуін қамтамасыз етеді. Әрбір іс-шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, елдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Барлық іс-шара жыл басынан бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуда. Бүгінде 500-ден астам материал жарық көрді. Мәдениет және өнер қайраткерлері мен белгілі спортшылардың қатысуымен 200-ден астам сұхбат берілді. Министрлікке бағынысты ұйымдардың ресми парақшаларында мәдениет жəне спорт саласының жетістіктері, мемлекеттің туристік әлеуеті туралы 60-ден астам бейнеролик әзірленді.
Мысалы, Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – парызым» челленджі және «Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге алғыс!» акциясы іске қосылды. Республикалық ұйымдар дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған «Мейірімді болайық бауырлар» және «Достардың музыкалық кеші» шығармашылық концерттерін ұйымдастырды. 14 наурызда «Көрісу күні» кішілердің үлкендерге сәлем беру, құрмет көрсету, ізгі тілектер мен баталар айту дәстүріне негізделген бірқатар іс-шаралар өткізіліп БАҚ та кең көрініс тапты. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылды.
Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыл соңына дейін бірқатар мәдени іс-шара өткізіледі. Шілдеде 30 жаңа жоғары көркем өнер туынды жасау үшін «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсы басталады. Ал қорытындысы Тәуелсіздік күні қарсаңында шығады», деді министр.
Марапаттаудан кейін министр мен БАҚ өкілдері арнайы концертті тамашалады.