Руханият • 17 Қараша, 2020

Ізгілік иірімдері

372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына әңгімені жақында белгілі журналист Қуаныш Нұрсадықовтан естідік. Сонау ел ішінде дүрбелең тудырған 1937-1938 жылдары ауыл белсендісі атанып жүрген атасы Нұрсадық «жапон тыңшысы» деген жаламен жазықсыз сотталып, Иркутск облысындағы Канск деген қалаға жер аударылады.

Ізгілік иірімдері

Жалғыз емес, қасында ағасы Мүсірәлі мен туған жері Катонқарағай ауданынан тағы оншақты адам болған. Бұлар Сібірдің қалың орманының ішінде ағаш кесумен айналысады. Қарындары аш, үстіне киген киімдері де оңып тұрған жоқ, тек тоқтаусыз қызу еңбектің арқасында қыстың суығына төтеп беріп жүреді.

Бұлар жұмыс істеген жерден 4-5 шақы­рымдық қашықтықта бір орыс селосы бар екен. Сол селодан күн сайын жасы 9-10 шамасындағы орыс баласы қолына түйіншек ұстап келеді. Ол түйін­шегін кесілген томар үстіне қойып, асық­пай жазғанда ішінен бірнеше піскен кар­топ, кепкен балық, тұздалған қияр, пияз және қара нан шығады. Алғашқы күн­дері тұтқындарға тамақ әкелген балаға осқы­рына қараған конвой солдаттар да бұл жағ­дайға ет үйретіп, тұтқындардың тамақ жеуіне қарсы болмайды. Осы жағдай күн сайын қайталанады.

Көзіне мұң тұнған секпіл бет орыс баласы көп сөйлемейді екен. Сұрастырып білсе, баланың әкесі де ГУЛАГ лагер­лері­нің бірінде отырған көрінеді. Бұларға күнделікті тамақ әкеліп тұруына осы жағдай да түрткі болған секілді. Тұтқындардың бәрі, тіпті оларды аңдитын солдаттар да жаңағы баланы жақсы көріп кетеді. Қолдарына түскен қанттарын сол балаға сақтап беріп жүреді. «Сен бізге көп келе берме, мына қалың орман ішінде ит-құсқа жем боларсың» дегендей ақылдарын да айтады. Бірақ бала бұларға күнделікті келуін доғармайды.

Дегенмен бала бір күні тұтқындарға келуін тоқтатады. Бір күн, екі күн өтеді, бір аптадай уақыт өтеді. Бала келмейді. Тұтқын­дар қатты мазасызданады. Өздерін күзететін конвойлардан «баланы іздеп шығайық, ол бірдеңеге ұшыраған болар» деп сұрай берген соң, конвойлар да бұлардың ығына жығылып, ақыры іздеп шығады.

Бұл кез жазға салым уақыт екен. Қарақат бұтасына ілініп қалған баланың көнетоз картузы тұтқындардың көзіне оттай басылады. Сол бұтаның түбінен баланың шашылып қалған сүйегі табылады. Бала жыртқышқа жем болғанға ұқсайды. Әлгі жерде жыла­маған жан қалмайды. Бұларға тамақ әкеліп жүрген періште баланың аянышты өлімі бәрінің сай-сүйегін сырқыратады. Дегенмен іргедегі селомен хабарласуға болмайды. Өйткені түрме басшылығының рұқсатынсыз тек конвойлардың келісімімен ғана іздеуге шығып отыр. Әлгі жерде баланың сүйегін жинап алып жерлеп, келген іздерімен кері қайтады.

Міне, қандай қиын замандарда адамдар бір-біріне соншама мейірімді болған. Біз «халық жауларының» Ресейден әкелініп АЛЖИР лагеріне қамалған әйелдеріне қазақ балаларының да тамақ тасығанын, құрт лақтырып тамақтандырғанын білеміз. Сол бір ашқұрсақ азапты заманның бір ақиқаты – адамдардың бір-біріне деген мейірімі, қамқорлығы еді ғой. Қазір қайда сол мейірім?!

Бірін-бірі жеккөру, ұлттар арасына от жағу мен нәсілшілдік – қазіргі заманның басты дерттерінің бірі дер едік. Мұның оқыс салдары қазір дүние жүзінің әр түкпірінен оқтын-оқтын бой көрсетіп қалады. АҚШ-та қара нәсілді Джордж Флойдтың полицейлер қолынан тұншығып өлгені елде үлкен толқулар тудырды. Таяуда Таулы Қарабақ үшін болған ұрыс қимылдарының да түтіні әлі сейіле қойған жоқ. Дүниежүзілік қауымдастық ақыл айтып, екі жақты бейбітшілікке шақырғандары болмаса, бұған араласқан жоқ. Себебі, әзербайжандар өздерінің басып алынған аумағын азат етті. Енді осындағы назар аудартатын бір оқыс жағдай, өздері мекендеген өңірден көшіп кетіп жатқан кейбір азаматтар өздері тұрған үйлерді өздері өртеп, тіпті қайтыс болған адамдарының мүрдесіне дейін қазып алып, өздерімен әкетіп жатыр екен.

Айта берсек, осы тектес адамның ойына сыймайтын әрекеттер күн сайынғы жаңалықтар хроникасында көрініс табуда. Халықтың басына күн туған қиын кезеңде өз басын қатерге тігіп жүріп басқаларға көмек қолын созған фактілер көп. Ал қазір ше?! Біздің қоғамда ізгілік азайып бара жатқан жоқ па?!