
Жалпы, Қытай мен Үндістанды бөлетін шекара дауы күні кеше басталған жоқ. Ғасырларға созылған бұл жанжалды шешу келісіміне алғаш рет XIX ғасырда қол қойылған. Бірақ Үндістанды Ұлыбританияның жаулап алуына байланысты аталған құжат күшін жойған-тұғын. Кейінірек Үндістан тәуелсіздігін алса да, Қытаймен арадағы шекара мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Аксайчин мен Аруначал-Прадеш аудандары мен бірнеше аймаққа екі мемлекет те әлі күнге дейін таласып отыр. Ал 1962 жылы шекара маңында қақтығыс болып, соңы қару кезенуге ұласқан-ды. Бір айдан кейін ғана қос тарап әупірімдеп жүріп атысты тоқтатуға келісті. Содан бері шекара дауы ең өзекті мәселеге айналып, 3448 шақырымды демаркациялау мүмкін болмады.
Биылғы мамырдан бастап шекара маңының тағы да тынышы кетті. Мәселен, 5 мамырда Шығыс Ладакхта қытайлық және үндістандық 400-ге жуық сарбаз жаппай төбелесті. Ал 9 мамырда Үндістанның Сикким штатының шекара бекетінде екі елдің жауынгерлері тағы да жұдырықтасты. Бұдан кейін тағы екі рет әскерилер шекісіп қалған. Бір айтатыны, сарбаздар қару қолданған жоқ. Есесіне, жүзден астам жауынгер түрлі дене жарақатын алды.
Осыған байланысты, Қытай мен Үндістан шекара маңына қосымша әскер мен қару-жарақ жеткізді. Бейжің билігі Халықтық азаттық әскерінің бірнеше бөлімін жеткізіп, әскери ұшақтарын таулы аймақта соғысуға лайықтап қайта жарақтады. Ал Нью-Дели тарапы шекара маңына ауыр артиллерия полктарын орналастырып, бірнеше батальон жаяу әскер әкелді.
Оқиғаның бұлай өрбуіне халықаралық қоғамдастық та алаңдаушылық білдірген. АҚШ президенті Дональд Трамп шиеленісті шешуде Үндістан тарапына қолдау білдіретінін айтып, арағайын болуға дайын екенін жеткізген. Ақ үй басшысының бұл ұсынысын Бейжің билігі қабылдамай, үшінші тарапты қажет етпейтінін мәлімдеді. Үндістан да Д.Трамптың бастамасына қолдау көрсетпеді.
Көп ұзамай Бейжің де, Нью-Дели де оқиға бақылауға алынғанын хабарлап, кез келген түсініспеушілік дипломатиялық жолмен шешілетінін атап өтті. Осылайша, 6 маусымда екіжақты келіссөздер жүргізілді.
Үндістан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі мемлекеттің әскери басшылары кездесіп, шекарадағы мәселені бейбіт шешу туралы келіссөз жүргізген. Бірақ жиын барысында нақты не айтылғанын, қандай келісім жасалғанын білу қиын. Өйткені Бейжің билігі де, Нью-Дели билігі де ақпаратты өз ыңғайына бұрып, қажет тұсын ғана көрсетуге дағдыланғаны қаша-а-ан! Оның үстіне, қос тарап та шиеленісті жұмсартуға қол жеткізген соң басқа тәсілге – ақпараттық соғысқа көшті.
Мысалы, өткен сенбідегі кездесудің алдында қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары Халықтың азаттық әскерінің (PLA) аймақта жаттығу жиынын өткізгенін хабарлады. Ұшақтар мен сарбаз толы көліктерді көрсеткен медиа өкілдері бұл оқиғаны Қытайдың қажет жағдайда шекара маңында жедел түрде әскер төгуге қабілетті деп жазды.
Ал Hindustan Times газетінің стратегиялық қатынастар жөніндегі сарапшысы өз мақаласында Қытай бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғандарды өтірікке шығарып, Бейжің билігі дезинформациялық науқан бастады деп айыптады. Сондай-ақ Қытайдың бұл қадамын сасқалақтап, келіссөз жүргізуге дайын еместігіне балады.
Мұндай «соғыс» бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жүрген жоқ. Үндістанның бірқатар лауазымды тұлғалары да Қытайдың әрекетін айыптады. Ішкі істер министрі Амит Шахтың айтуынша, Үндістан шекарасын бұзуға жасалған әр әрекетке аямай қарымта жасауға әзір.
«Кейбіреулер АҚШ пен Израиль әр сарбазының төгілген қаны үшін кек алуға қабілетті және әзір екенін айтады. Моди бұл тізімге Үндістанды қосты», деді А.Шах.
Қорғаныс министрі Раджнат Сингх та кез келген әскери іс-қимылға дайын екенін жеткізді. «Үндістан билігі біздің намысымызды таптатуға жол бермейтінін басқаларға ескертіп қойғым келеді. Үндістанның саясаты анық: біз еш мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтірмейміз, сол секілді кез келген елдің бірлігіміз бен тұтастығымызды бұзуына жол бермейміз», деді ол.
Ұзақ уақыт бойы шешілмей келген шекара дауының кейінгі кезде қыза түсуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қытайдың сыртқы саясаттағы стратегиялық қадамдары көршілес жатқан мемлекеттерге де салқынын тигізуі мүмкін. Мысалы, Қытай теңізі, Тайвань мәселелеріндегі Бейжің билігінің ұстанымы шекаралас елдерге үлкен ескерту екені анық. Мұны ескерген Үндістан азулы айдаһардың ашуына тиіп алмауды әрі өзінің ұлттық мүддесін қорғап қалуды мақсат етеді. Сондықтан шекара маңында жонын күжірейтіп қою артық етпейді. Бұдан бөлек, осы қадам арқылы Қытай да көршілеріне АҚШ-пен тым жақын қарым-қатынас орнатпауды «ескертіп» қоюды жөн санайды.
Қысқасы, Қытай мен Үндістан қарулы қақтығыстың алдын алғанымен, енді ақпараттық соғысқа көшті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі тарап та соғысуға құмартпаса да, бір-біріне ескерту жасап қоюды жөн санайды. Бейжің билігінің кейінгі кезде сыртқы саясатта мұндай қадамдарға жиі баруы көршілес мемлекеттерді ойландырмай қоймауы тиіс.