Экономика • Бүгін, 14:37

Жекеменшік мектептердің шотына алғашқы қаражат түсе бастады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысындағы ADVANTA.KZ жекеменшік мектеп-лицейіне 108 млн теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл – Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасындағы жаңа OrtaBilim цифрлық сервисі арқылы қаржыландыруды алғаш болып алған отандық білім ұйымы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жекеменшік мектептердің шотына алғашқы қаражат түсе бастады

Фото: gov.kz

Жаңа сервис мектептерді қаржыландыру жұмысын барынша ашық етуге бағытталған. Бұған дейін жүргізілген аудиттер қағаз жүзінде оқушылар санын асырып көрсету, штатта бар болып көрінгенімен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлердің тіркелуі, мектеп ғимаратының талапқа сай болмауы секілді көптеген заңбұзушылықты анықтаған еді. Кей өңірлерде оқушылар тойхана секілді орындарда білім алған жағдайлар да тіркелген.

OrtaBilim сервисі осы мәселелерді жоюды көздейді. Енді әрбір мектептің бюджеті, оқушы саны, кезегі, өтінімдері цифрлық жүйеде ашық көрсетіледі. Жүйе автоматты форматта логикалық тексерістер жүргізеді. Мысалы, оқушының немесе мұғалімнің ЖСН бірнеше мемлекеттік деректер базасымен салыстырылып, оның нақты тіркелген-тіркелмегені бірден анықталады. Оқушылар туралы деректер «Электронды күнделік» жүйесімен біріктірілген, сондықтан мәліметтер автоматты түрде жаңарып отырады. Нәтижесінде ақша нақты оқып жатқан балалар санына сәйкес төленеді.

Қазір бюджет Ұлытау, Қызылорда және Ақмола облыстарынан басқа барлық өңірде жарияланған. Ал жергілікті мектептер қаржыландыруға өтініш бермес бұрын өңірлік білім басқармалары бюджеттерді ашық жариялауы қажет.

Ведомствоның мәліметінше, жекеменшік мектептер еліміздің білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар мектеп тапшылығын азайтуға көмектеседі және бюджетке түсетін жүктемені жеңілдетеді. Дегенмен, бөлінетін қаражаттың тиімді әрі әділ жұмсалуы қатаң бақылауды талап етеді. Сондықтан келешекте осы саладағы бәсекелестікті арттыру үшін ваучерлік жүйе енгізу жоспарланып отыр.

OrtaBilim – Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ әзірлеген отандық цифрлық өнім. Бұл орталық – Қазақстандағы ең тәжірибелі IT ұйымдарының бірі. Биыл оның құрылғанына 32 жыл толды. 1993 жылы 2 қарашада ҚР Министрлер кабинеті қаулысымен құрылған орталық осы уақыт ішінде Мемлекеттік мүлік тізілімі, астық қолхаттары жүйесі, қаржы есептілік депозитарийі, Азаматтардың банкроттығы, мемлекеттік шекарадағы электронды кезек, CarGoRuqsat және CarGoAlem, бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізімі, мұнай және алкоголь өнімдерін есепке алу жүйелері, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы сияқты көптеген маңызды ақпараттық жүйені әзірлеп, оларды тұрақты түрде қолдап келеді. Орталықтың барлық сервистері деректердің қауіпсіздігі бойынша міндетті аттестаттаудан уақтылы өтіп отырады.