06 Сәуір, 2010

КӘСІПОРЫНДАР ТОҚТАП ТҰР

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс орталығында 30-ға тарта өндіріс орындары өз жұ­мыс­тарын тоқтатып, жұмысшы-қызметкерлерін еңбекақысыз дем­алысқа жіберуге мәжбүр бол­ды. Олардың арасында “Қазнеф­те­газ”, “Мұнаймаш”, “Құрылыс мате­риал­дары”, “Богатырьские про­дук­ты” секілді ірі мекемелер мил­лиондаған теңге залал шегіп, кім­нен өндірерін білмей дал. “Құры­лыс материалдары” зауы­тын­да  жұ­мыстың доғарылғанына  20 күн­ге жуықтаған. Содан бері  оның директоры Юрий Кащеевтің  шағымданбаған жері қалмаған. Тапсырыстардың орындалмай қалу қаупін жасырмайды. Келісім-шарт сақталмаса 20 пайыз айып­пұл төлеуге тура келеді. “Мұ­най­маш” АҚ бас инженері Виктор Са­мойловтың  түңілгені сонша­лық, қолын бір сілтеуден басқа амалы қалмағанға ұқсайды. Штан­галы  сорғылар жасауға тапсырыс берген қазақстандық мұнайшы­лар­мен есептесетін күн жақын. Оларға не деп түсіндірерсің? Кү­ніне 20 сорғы жасап шығаратын­быз. Бір айлық шығынның орнын кім толтырады, деп шыр-пыр болады ол. – Бізде бірқатар жұмыс үде­ріс­­тері сумен атқарылады. Онсыз тірлігіміз келіспейді, ісіміз ілгері баспайды. Су төлемі жөнінен қа­ры­зымыз жоқ. Тиісті орындар қысқа жан-жақты қамданғанда жо­ғарыдағыдай жолсыздық орын алмас еді. Олардың бұл тірлігін ешнә­р­се­мен ақтауға болмайды. Төрт жүз­ден астам адамды еріксіз дем­алысқа жіберуге тура келді, – дейді судан тарыққан мекемелер­дің өкілдері. “Петропавл су” кәсіпорнының басшылары судың берілмей қалуын құбырлардың қатып қалуымен,  соның салдарынан қысымның төмендеп кетуімен түсіндіріп әлек. Бар кінәні өзгеге, еш сұрауы жоқ табиғаттың тосын  “сыйына” аудара  салу – сыныққа сылтау айтып үйренген шенеунік­тердің ежелгі тәсілі ғой, бұлай бұра сөйлеу жауапкершіліктен жалтарудан басқа ештеңе емес. Осындайда бұдан  суық күндері де  судың жеткілікті келіп тұрғаны  еріксіз еске түседі. Біздіңше, мә­селе әріде жатқан сықылды. Ме­кеме  басшысы С.Бегалин былтыр  осы қызметке  тағайындалғанда су құбырлары жүйелерінің 80 пайыз­дан астамы­ның әбден тозғанын, ауыстырыл­мағанын мәлімдеген еді. Ар жағын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Облыс орталығының  шағын  аудандарында да су колонкалары  істен шығып, тұрғындардың ауыз судан тарығып отырған жайлары бар. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.