
Мұндай жағдайға жақында Алматы қаласында патрульдеуге қатысатын Радиоэлектроника және байланыс əскери-инженерлік институтының курсанттары тап болды. Олар Төле би – Саин көшесінен қолында гранатасы бар ер адамды ұстады.
Курсанттардың айтуынша, бір жігіт екі белгісіз ер адамды көрсетіп, олардың қолында жарылғыш қол гранатасы бар екенін айтқан.
«Олардың бірінің қалтасында зат болды. Кенеттен ол əлгі затты алып, жерге лақтырды. Мен гранатаның корпусын байқадым», – дейді курсанттардың бірі Ерсұлтан Болат.
Оқиға орнында ұсталғандар полицияға тапсырылып, граната алынып, сараптамаға жіберілді. Кейін анықталғандай, олардың біреуі бұрын ұрлық және тонау əрекеттері үшін сотталған екен. Жарылғыш зат қайдан алынып, сондай-ақ пайдалануға не үшін жоспарланғанын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.
Құрлық әскерлері əскери институтының 4-курс курсанты Мейрамбек Найсекенов Алматы қаласы мен облыс шекарасындағы көпірден өзенге секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарды. Қараңғыда көпірдің артында тұрған бойжеткеннің бейнесін көрген Мейрамбек оған көмекке жүгірген. Ол бірден қыздың қолынан ұстап, көпірдің сүйеніші арқылы жоғары тартып алып, қауіпсіз жерге жеткізген.
Болған оқиға туралы әскери қызметші рация бойынша блок-бекет басшылығына баяндап, полиция келгенге дейін бойжеткенге психологиялық қолдау көрсетуге тырысқан. Белгілі болғандай, ол өзінің жігітімен араздасуына байланысты осындай қадамға барған көрінеді. Құқық қорғау органдарының өкілдері курсанттың батыл әрекеттерінің арқасында бойжеткен тірі қалғанын атап өтті. Мейрамбекке осы əрекеті үшін алғыс жарияланды.
Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері əскери институтының курсанттары Роман Өтесейітов пен Диас Шаменов те өз батылдықтарын көрсете білді. Әскери полиция жасағының әскери қызметшілерімен бірге патрульдеуге қатыса отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған ер адамды ұстады. Аталмыш оқиға Бейбітшілік даңғылында орын алды. Ұсталған азаматта суық қару болғандығы анықталды.
Әскери оқу орындарының жоғары курс курсанттары патрульдеуге қатысады. Болашақ офицерлер тәжірибелі әскери әріптестермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесе қойылған міндеттерді орындайды және осындай қиын жағдайларда да азаматтықтарын танытады.