
Оңтүстік Корея әскери қызметінің хабарлауынша, КХДР тарапы өткен сейсенбіде сынақ жасаған. Бұл жолғы баллистикалық зымыранды ұшыру Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сеннің туған күнімен тұспа-тұс келді.
Wall Street Journal-дың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, баллистикалық ракета таңғы 07:00-де жағалауға жақын орналасқан Мюнчон қаласының маңынан ұшырылып, Жапониямен екі ортадағы ашық теңізге құлаған. Зымыран шамамен 150 шақырымды 40 минутта ұшып өткен.
Айта кетерлігі, бұл – Солтүстік Корея тарапы биылдыққа тәжірибеден өткізген бесінші баллистикалық ракетасы. Бұған дейін Пхеньян 29 наурызда да сынақ жасаған болатын.
Жалпы, 2020 жыл басталғалы КХДР әскери тәжірибені жиі өткізе бастады. Мұның негізгі себебі ел басшысы Ким Чен Ын АҚШ-пен арадағы келісімді бұдан әрі қарай сақтамайтынын айтқан еді. Таяуда КХДР басшысы жаппай қырып-жою қаруының жаңа түрін сынақтан өткізетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Солтүстік Корея өткен аптада әуе күштерін де сынақтан өткізді. Оңтүстік Корея тарапы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Пхеньяннан көкке көтерілген бірнеше «Сухой» әскери ұшақтары «Әуе-Жер» санатына жататын ракеталарын ашық теңізге тастаған.
Естеріңізге салсақ, екі жыл бұрын КХДР ядролық қаруларын жиі сынақтан өткізіп, баллистикалық зымырандарын тәжірибеден өткізген-ді. Бұл БҰҰ-ның осы елге қатысты шешіміне түбегейлі кереғар әрекет-тұғын. Соған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан Солтүстік Кореяға санкция салу жөнінде қарар қабылдағаны белгілі. Сынақтардан кейін олардың басты әріптесі Қытай да санкцияны күшейтті. Осының салдарынан КХДР тарапы экономикалық қиындыққа ұшырады. Оған қоса АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ким Чен Ын бұқаралық ақпарат құралдарында бір-біріне қатысты түрлі сөз айтып, бірталай жерге барғаны да есімізде.
Ақыры екі елдің басшысы тарихта алғаш рет кездесіп, өзара келісімге келді. Соған сәйкес Солтүстік Корея тарапы ядролық арсеналдан бас тартып, қаруын сынақтан өткізбеуге уәде берген-ді.
Әйтсе де, сол кезде келісімге күдікпен қарағандар табылған. Кей сарапшылар КХДР-дың ядролық қарудан бас тартып, шетел басшыларымен жиі кездесуінің астары мол деп есептейтінін жеткізді. Біріншіден, Солтүстік Корея әлдеқашан қуатты ядролық қару жасап үлгеруі мүмкін. Сондықтан атом бомбасын қайта сынақтан өткізудің қажеттігі жоқ.
Екіншіден, ендігі бағыт сынақ жасау емес, құрлықаралық зымырандарды ұшыратын қондырғылар арсеналын кеңейтуге арналуы ықтимал. Кейінгі кезде Солтүстік Кореяның жақын қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарын жиі ұшыра бастауы сол кезде айтылған болжамның растығын