02 Сәуір, 2010

БАСТЫ БАЙЛЫҚ – АДАМДЫ АРДАҚ ТҰТҚАН...

709 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығы барысында Ұлы Отан соғысында қан төк­кен ардагерлер, ел қорғау ісінде қаһар­ман­дық та­нытқан әрбір қарт жауынгер құр­­мет пен ізгіліктен тыс қалмауға тиісті.Әр жыл сайын халық асыға күтетін Жолдау биыл әдеттегіден ертерек жасалды. Менің ойымша, мұның басты себептері Елбасы Жолд­ауында көрсетілген және жүзеге асырылуға тиісті міндет­тер­дің көпшілігі үстіміздегі жылы жү­зе­ге асуға тиісті, тіпті сәуір айынан бастап шәкіртақылар мен бюджет­тегілердің еңбекақыларын 25%-ға өсіру қарастырылды, демек Қазақ­стан Үкіметі үшін уақыт қымбат, ұзын арқау, кең тұсауға сала бере­тін заман емес. “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” деген бас тақырыппен жарияланған Жол­дау негізінен алғанда алты ба­ғытты қамтып отыр. Аталған ба­ғыттар реті төмендегідей: “2010 стратегиялық жоспарын іске асыру – ел да­муы­ның аса маңызды шебі”, “Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты”, “2020 стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол”, “Адам – елдің басты бай­лы­ғы”, “Ішкі саяси тұрақтылық – 2020 стратегиялық жоспарын іске асы­рудың сенімді іргетасы”, “Сырт­қы саясат”. Көрсетіліп отырған бағыттар нені аңғартады? Ең алдымен Қазақстан Республикасының бұған дейінгі ұстанып келген, басты құ­жа­ты болып табылатын “Қазақ­стан–2030” Даму стратегиясы бар еді, яғни Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­ осын­дай аса маңызды құжаттың өткен он жылына қорытынды сараптама жасай отырып, одан әрі жүзеге асырылуға тиісті алдағы онжыл­дық­тың жаңа міндеттерін айқын­дап берді. “Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін” көрсетуге тиісті. Сағаттан астам уақыт тікелей эфир арқылы халыққа көрсетіліп, одан әрі баспасөз арқылы оқыр­ман аудиториясына жол тартқан дәстүрлі Жолдаудың берер ғиб­раты мен алдағы уақытта жүзеге асуға тиісті мақсат-міндеттері жайында өз түйгенімізді халықпен бөліскеннің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Әрине, Жолдауда айтылған барлық мәселені қамтып пікір айту бір күннің әңгімесі бол­мауға тиісті, сол себепті өзіміздің жан-дүниемізге тым жақын айтыл­ған кейбір жағдаяттар жайында ғана ой өрбітсек дейміз. Елбасы ең алдымен стра­те­гия­лық жоспарлардың дұрыс бағытта жасалып, толыққанды жүзеге асуы­ның нәтижесінде ғана дағ­дарыстан қатты зардап шекпеге­ні­мізді қадап айтты. “2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стра­тегиясының рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғаш­қы онжылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік”, деп атап көрсеткен Нұрсұлтан Назар­баев үнді халқының кемеңгер көсемі Нерудің “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген қағидатын мысалға кел­тіре отырып, “біз батыл қи­мылдадық”, “біз төтеп бердік” деген бағытпен патриоттық рухты асқақтата түсетін ой түйіп, сенім мен серпілісті серік еткендер ғана жеңіске жететінін дәлелдей түсті. “Адам – елдің басты байлығы” деген тақырыппен берілген төртін­ші бағыттың да берері мол. Ел­ба­сы өткен жылдардағы Жолдау­лары­ның бірінде “ХХІ  ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алма­ған елдің тығырыққа тірелері анық”, деп атап көрсеткен бола­тын, бұл Жолдауда да отандық білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мектепке дейінгі бүлшіршіндерге арналған “Бала­пан” атты арнайы бағдарламадан бастап, білім берудің аса жоғары флагманына айналуға тиісті “Жаңа Халықаралық Университет” сын­ды жобаларды жүзеге асыруды тап­сырды, мұның бәрі Елбасының білім мен ғылымға деген қам­қорлығын айқындай түседі. Әр жылы жасалатын Жолдау­лар­да, басқа да кездесулерде, тіке­лей эфирдегі сұхбаттарында Пре­зидент үнемі әлеуметтік мәселе­лерді, жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтаждарын қаперде ұстай­ды. Соның бірі Жолдаудағы Арда­герлерге қамқорлықта да басым бағыттар қатарында айтылған. Келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығы барысында Ұлы Отан соғысында қан төккен ардагерлер, ел қорғау ісінде қаһармандық та­нытқан әрбір қарт жауынгер құр­мет пен ізгіліктен тыс қалмауға тиісті. Сондай-ақ осы соғыс арда­герлеріне теңестірілген жандар да материалдық қолдауға ие болаты­ны қандай қуанышты. “Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымызға олар­дың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін” құрмет деп атап көрсеткен Елбасы тапсырмасы мен аманаты орындалуға тиісті. Әрбір соғыс ардагері, жасы ұлғайған қариялар, тағдыр тәлкегімен мүгедек болып қалған кез келген бауырымызды құрметтеу, аман сақтау бүгінгі бейбіт замандағы біздердің пары­зы­мыз бен қарызымыз. Осы аралықта тағы бір жәйтті айта кеткен орынды. Жолдау жасалған 29 қаңтар күні түстен кейінгі министрлік өкілдерімен болған кездесуінде Президент қа­рапайым халық көңілінен шыға­тын бір мәлімдеме жасады, яғни Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданып жатқан әрбір сұрақ-сауалдың астарында терең сыр бар, нақтылай айтқанда, ауыл әкімі мен құқық қорғау орган­дары­нан әбден үміт үзген жағ­дайда ғана Астанадан, Елбасынан әділеттілік іздейтінін атап көрсетті, биліктің әр тұтқасын ұстап отыр­ғандардың мұндай әрекеттеріне қатты қынжылыс білдірді. Бұдан түйетініміз – Елбасы аманаты – еш­кім, ешқашан да қорғаусыз, панасыз қалмауы керек, еңкейген қарт пен еңбектеген сәби де мемлекет қамқорлығын сезінуге тиісті, біздің қоғамда адам құқығы аяққа тапталмауы қажет. “Басты байлық – адам” деп ерекше атап көрсеткен бөлімнің жалғасы іспетті “Ішкі саяси тұрақ­тылықта” да осы адам құқы, заңды құрметтеу жайында жақсы, көңілге қонымды ойлар айтылды. Құқық қорғау жүйесін реформалайтын уақыт жетті деп ойлайтын  Нұр­сұл­тан Назарбаев: “Бүгінде, өкі­нішке қарай, біздің барлығымызға тиімсіз басқарудан, құқық қорғау органдары функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыс­тың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқты­ғынан туындаған проблемалар анық көрінді”, – деген тұрғыда ашық әңгіме айтылды. Сәл шегініс жасасақ, кең байтақ сайын даламызда көк туын биік көтеріп ел болған, мемлекет құрған бабаларымыз екі нәрсені “ұмыт қалдырыпты”, бірі – қонақүй салу, екіншісі – түрме салу. Бодандық қамытын мықтап кигізген Ресей патшасы “итжек­кенге” айдауды үйретті, ал боль­шевиктер билік басына келген коммунистік кеңес билігі Тұран даласын “Карлагқа” айнал­дырды. Бүгінгі күні азаттыққа жеткен, ХХІ ғасырға тәуелсіздік туымен қадам басқан қазақ қоғамы адам­зат баласын соттау арқылы, дәлі­рек айтқанда, түрмеге отырғызу жо­лымен ғана түзеуге көшкендей күй кешуде. Түрмемен түзеу жағы­нан келгенде әлем елдерінің алдың­ғы сапында тұрғанымыз тым мақтанатын жәйт емес. Елбасын қынжылтатыны да осы. Сол себепті де: “Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру бо­лып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңал­ту­мен айналыспайды”, дейтін Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі жүйе­дегі жазалау айыптары 5%-дан аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4%-ды құрайтынын, ал енді қоғамдық жұмыстардың мүлдем жоқ екенін де атап көрсетті. Бұл бағытпен қайда барамыз, түрме толы тауық немесе ұялы телефон ұрлағандар, ана сүті аузынан кетпеген бозба­лаларды түрме түзетіп жібереді дегенге сене алмайсың. Әрине, қыл­мыскер жазасын алсын, қан­іш­ерге бостандық әлемінде орын жоқ, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер қолымен істегенін мой­нымен көтерсін, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, ізгі­лендіру жұмысын қашан қолға аламыз? Біздің құқық қорғау ұйымдары, заңдылықты сақтау мекемелері адам соттау, жазалау үрдісінде бәсекеге түсуден аулақ болғаны жөн, әйтпесе қазіргі әңгіме ауаны полицейлер мен ҰҚК-нің, енді бірде қаржы поли­циясының кімдерді құрықтағаны жайында ғана болатын сияқты. Бұл жерде “осы жылдың өзінде құқық қорғау жүйелерін рефор­малау жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырған” Елбасына тек қолдау білдіреміз. Қазақ елі ата-баба дәстүрін берік ұстана отырып түрмеге отырғызу ісімен емес, одан да ізгі – түзеу, тәрбиелеу, түсіндіру, құн төлету, т.б. шаралармен ел тентегін жөнге салуды қолға алғаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, “өкпеге қиса да, өлімге қимаған” бабалар дәстүрін жал­ғастырғаннан ұтарымыз аз бол­мауға тиісті, Елбасы осыны меңзеді. Жолдау келер күннің бағыт-бағдарына жол көрсететін аманат хат, сол бағыт-бағдарды, асыл аманатты қапысыз орындаған елі­міздің ертеңі баянды болмақ. Айтпақ болған ойымыздың қоры­тындысын Елбасының Жолдау түйінінде айтқан келесі бір қанат­ты қағидасымен байланыстырсақ дейміз. “Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”. Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанның жаңа мүмкіндік­те­рін жүзеге асыру арқылы тәуел­сіз­дікті баянды ету, ұлт мұратын биік қою, тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткен ең басты мақсаттарымыз жүзеге асатын жылдар жақындап келеді, сол күн­дердің қуанышы бүгінгі біздерге, келе жатқан жаңа ұрпаққа бая­ны­мен, мәңгілігімен болсын. “Басты байлық – адамды” ардақ тұтқан Жолдаудың айтар ойы мен берер та­ғылымы мол. Соның бір парасын өздеріңізбен бөлістік. Нариман НҰРПЕЙІСОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистер одағының мүшесі, доцент. Шымкент.