19 Наурыз, 2010

ДЕПУТАТТАР ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

689 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенаты депутаттарына, республикалық деңгейдегі барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлеріне үндеу жолдады. Онда былай делінеді: “Қадірлі әріптестер! Құрметті бауырлар! Алматы облысы, Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының топан су астында қалып, 37 адамның опат болғанын жақсы білесіздер. Қызылағаштағы су қоймасының апатына байланысты Елбасы жұмыс кеңесін өткізіп, Үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды. Зардап шегушілерге қаржылай, материалдық, медициналық көмек беруді, барлық су қоймаларының жағдайын тексеріп, шұғыл шаралар қабылдауды міндеттеді. Қызылағаштағы 465 үйдің 146-сын су шайып, 251 үй тұруға келмейтін жағдайда. Ал 42 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Апат болған жерде Премьер-Министр бастаған Үкіметтік комиссия болды. 700 адам Талдықорғанға, 300 адам Сағабиен ауылына көшірілді. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Әр облыс әкімдіктері кем дегенде 50 миллионнан астам қаржы бөлді. Демеушілер де қомақты қаржы аударды. Алматының 10 жоғары оқу орнының студенттері мен жастар ұйымдары апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін гуманитарлық көмек жібере бастады”. “Көп тілегі – көл” деген. Осы үндеуге Мәжіліс депутаттары Д.Нөкетаева, Г.Қарағұсова, А.Самақова, З.Балиева, Л.Хочиева, Г.Исімбаева, С.Тоқпақбаев, Ү.Медеуов, К.Бижанов, Е.Омаров, Т.Асанов, Р.Сәрпеков, Н.Сабильянов, У.Қалижанов қол қоя отырып, әрқайсысы 100 мың теңгеден ақша аударатындықтарын мәлімдеді және Сенат депутаттарын, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлерін бір күндік еңбекақыларын апат зардаптарын жоюға арналған қорға аударуға шақырды. Енді банк есеп-шотын назарларыңызға салайық: “Қазақстанның халық банкі” АҚ Талдықорған аймақтық филиалы: ИИК: 002700125 kzt            РНН: 530200007643 БИК банка: 194101601       Кбе: 18 “Егемен-ақпарат”.