17 Наурыз, 2010

ХАЛЫҚ СЕНІМІ ҚАШАНДА ҚАСИЕТТІ

815 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Осындайда дәуірлеп өткен Кеңес Одағы кезіндегі “іс тетігін кадрлар ше­ше­ді” деген тіркес еске түседі. Бірақ іс тетігін кадр болғанда да жан-жақты дайындығы мол мамандар шешетінін уақыт көрсетіп отыр. Жақсы маманның түп негізі жас ұрпаққа орта білім беруде, яғни мектеп қабырғасында жатыр. Еліміз тәуелсіздігінің келуі тұтас бір дәуірдің өтіп, Қазақстан та­ри­хын­да жаңа уақыттың келгенін паш етті. Ал жаңаның басталуы қашанда ке­дер­гісіз болмайды. Кеңес Одағының ыды­рауына байланысты бұрынғы сырт­қы байланыстардың үзілуі ши­кізат отаны болып келген еліміздің экономикасын құлдыратып жіберді. Нарықтың қылбұрауынан еліміз аса қиындықты сезінген 1997 жылы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа “Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіп­сіздігі және тұрмысының жақсаруы” атты Жолдауын жолдаған еді. Осы құжатта Елбасы мемлекетімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын саралап бер­ген болатын. Тарихи Жолдауды Президенттің өз аузынан тыңдау бақытына ие болған маған мұндай ұзақ мерзімге арналған жұмыстар ора­сан зор, тым ауқымды көрінген. Бірақ алға қой­ған мақсат айқындылығымен әр қазақ­стан­дықтың жүрегіне сенім ұялатты. Экономиканы жүргізу формасының ауысуына, яғни жоспарлы экономиканың орнына нарықтың келуіне байланысты тұралаудан енді бауырын көтеріп келе жатқан елдің сол Жолдау рухын көтерген, алға жігерлендірген. Міне, соның он жылында-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, көреген саясатының кемелдігіне көзіміз жетті. Қазақстан сол тарихи құжатты қабылдағаннан кейінгі бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұ­рынғы Кеңес Одағы құрамында болған мем­ле­кеттердің арасында көш бастады. Өйткені, көрегендікпен жоспарланған істің барлығы да тегеурінділікпен жүзеге асты. Соның арқасында Қазақ­станды қазір әлем таныды, мойын­дады. Енді Президенттің Жарлығымен Қазақ­стан­ды одан әрі дамытудың 2020 жылға арналған  стратегиясы қабылданды. Онда алдағы он жылға арналған жоспарлар мен мақсаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын кезекті Жолдауында мейлінше көрініс тап­ты. Алдымыздағы он жылда Қазақстан дамудың жоғары сатысында болып, көшбас­шы­лық тізгінді қолға алуы керек. Ол, әрине, мем­лекеттің жан-жақты дамуымен, экономиканың нығайып, әлеуметтік тұрмыстың жақсаруымен және оған әр қазақстандықтың үлес қосуымен мүмкін болмақ. Осындайда дәуірлеп өткен Кеңес Одағы кезіндегі “іс тетігін кадрлар ше­ше­ді” деген тіркес еске түседі. Бірақ іс тетігін кадр болғанда да жан-жақты дайындығы мол мамандар шешетінін уақыт көрсетіп отыр. Жақсы маманның түп негізі жас ұрпаққа орта білім беруде, яғни мектеп қабырғасында жатыр. Бұл салада білім берудің 12 жылдық моделіне көшу маңызды факторға айналады. Уақыт талабына сәйкес жастарға техникалық білім берудің сапасын жақсарту қажеттігі білінуде. Жолдауда айтылғандай, Астанада ашылатын жаңа университет жоғары білім саласына сер­піліс әкелмек. Халықаралық стандарттарды темір­қазық етіп алатын дегдар білім ордасы инфокоммуникациялық, космостық техноло­гия, компьютерлік инжиниринг сияқты бола­шақта елдің даму тізгінін ұстайтын салаларға басымдық беретін болады. Кадр мәселесі мемлекеттік қызметке де тікелей қатысты. Мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтеру Елбасы айтқан мақсаттарға жетудің бір тұғыры десек артық айтқандық емес. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр ком­пьютер дәуірі болғандықтан, әр маман ақпа­раттық технологияны жақсы меңгеруі керек. Компьютерді пайдалануды жақсы білудің арқасында бұрынғы екі адам істейтін істі бір қызметкер атқаратындай оңтайлы ойласты­ра­тын да уақыт жетті. Мұнсыз жылдамдықпен сипатталып отырған өмір ағымынан қалып қоямыз. Себебі, мемлекеттік қызмет орнын резеңкедей соза берудің өзі халықтың маңдай терімен жиналатын бюджет қоржынына түсетін артық салмақ екені аян. Мысалы, 2000 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің саны 64 мың болса, ол бүгін 102 мыңға жеткен. Елді әлемдегі мойны озық жұрттардың қатарына жеткізу үшін мемлекеттің, тәуел­сіздіктің іргетасын мықтау керек. Мақсатқа жеткізер сара жолды көрсеткен маңызды құжатты халыққа түсіндіруді алдымен қолға алатын мемле­кеттік қызметкерлер екені тағы белгілі. Халыққа қыз­мет­тің сапасы жақсарса, адам­дар­дың мемлекетке деген сенімі артады. Ал халықтың өзіне деген сенімі мемлекеттің бе­де­лін күшейтеді. Негізі сенім түсінігінің астарында қалтқы­сыз қызмет, адалдық, қам­қор­лық, еңбек сияқты қоғамды гүлдендірудің кепілі боларлық тамаша ұғымдар жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау үшін атқарылатын жұмыстардың бағыттарын терең талдап айтып берді. Бұл реформа да мемлекеттік, яғни халық­қа көрсетілер қызмет сапасын арттыру үшін қолға алынады. Жолдау халыққа жеткен күні “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросында өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кадр ту­ралы мәселені қадап айтты. Ондағы әңгіме желісі мемлекеттік қызметтегі кадрлардың кәсі­би сапасын көтеруге, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға, сол үшін оларды дұрыс орнал­ас­ты­руға келіп саяды. Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агент­тігі “Нұр Отан” партиясымен бірлесе отырып, өзі­нің әр қырынан біліктілігін көрсеткен қызмет­керлерді лауазымды қызметке ұсынатын болады. Мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар жергілікті жерлерден бастау алады. Кадр, маман да солай, өзінің қабілетін, білім қарымын, ішкі мәде­ниетін алдымен мемлекеттік қызметтің төменгі буынында жүріп көрсетеді. Еліміз өңірлерінің экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірін олар бес саусақтай біледі. Сондықтан білімі жетер­лік, ұйымдастыру қабілеті мықты жас қыз­мет­керлер мемлекет мүддесі шеңберіндегі талай игі істерді дөңгелентіп алып кетеді. Өздері атқар­ған жұмыстар арқылы олардың тәжірибесі де молая түседі. Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік партиямен кеңесе отырып, министрліктер мен ведомстволардағы іскер жас қызметкерлерді еліміздің әр аймағындағы аудан әкімінің орынбасарлары, әкім немесе басқа да лауазымды қызметке жіберіп, облыстардағы мемлекеттік қызметте істейтін тәжірибесі мол жігіт­тер мен қыздарды олардың орнына жіберу­ді ұйымдастырады. Мұндай ауыс-түйіс мем­лекеттік қызметті дамытуға жаңа серпін берері және қызметкерлердің кәсіптік деңгейін де көтере түсері сөзсіз. Қазір Қостанай облысында 6788 мемлекет­тік қызметкер бар. Олардың арасында 5330 адам жоғары білімді, 18 қызметкердің ғылыми атағы бар. Өткен жылы біліктілікті көтеру және қайта даярлау облыстық-аймақтық орталы­ғын­да 1040 адам оқып білімін жетілдірді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгесін ана ті­ліміз мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қы­зыл империя кезіндегі ұлттық саясаттың ақ­сауынан өгей баладай есіктен қарап қалған қазақ тілінің қолданыс аясы әлі көңілдегідей емес, әлі көп жұмысты, ізденістерді қажет етіп отыр. Мемлекеттік тіл қадамының ашылуына ық­пал ететін де, тіл насихатшысы да мемле­кет­тік қызметкерлер болуы керек. Өйткені, мәслихаттар хатшылары, барлық деңгейдегі әкімдер, оның орынбасарлары, заң, құқық органдары, прокуратура өкілдері, қысқасы, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекеме­лер­дің барлығында іс қағаздары қазақ тілінде жүр­гізілумен қатар, қызметкерлер шынайылықпен қазақша сөйлесе, ол барлық қазақстандықтарға үлгі болар еді. Қостанай облысында іс қағаз­дары­ның қазақшаға көшкеніне екі жыл, бірақ әлі аударманың үлесі басым. Басшылар мен мамандар жазған бұйрықтарда, басқа да құ­жат­тарда әріп қателері көп, түсініксіз, орашолақ құрылған, қойыртпақ сөйлемдер жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі мәтінді амалсыз жаза салу, көшіре салу фактілерінен де көптеген бас­шы­лар арыла алмай отыр. Дегенмен, облыстағы тіл үйрену орталығында және аудандар мен қалаларда мемлекеттік қызметкерлер үшін қазақ тілін оқыту үздіксіз жүргізіліп келеді. Бір қуанарлығы – соңғы жылдары мем­лекеттік мекемелерге қазақ және орыс тілдерін бірдей білетін жастар келе бастады. Олардың арасында өзге ұлыстардың өкілдері де бар. Василий Смирнов қазақ тілін жақсы білуінің арқасында облыстық мәслихат аппаратына қызметке алынды. Қазір білікті мамандардың бірі. Ал Ольга Диденко қазақ тілін үйрену үшін Қостанай қаласындағы жап-жақсы жұмысын тастап, негізінен өзіміздің қазақ ағайындар тұратын Амангелді ауданындағы мектепке жас­өспірімдер инспекторы болып орналасқанына екі жыл болды. Тілдік ортадан алыс кетпеу үшін Ольга былтыр жазғы каникулдың барлы­ғын демалыс лагерінде балалармен бірге өткіз­ді. Қазақша жүргізіп сөйлеп тұрған қыз өзінің болашағын мемлекеттік қызметпен байланыс­тыратынын жасырмайды. Сирек те болса кез­десетін бұл жағдай қазақстандық патриотизм­нің, мемлекеттік тілге деген құрметтің, сұра­ныстың да көрінісі деп білемін. Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің “Тәрбиесіз берген білім қауіпті” деген даналық сөзін мемлекеттік қызмет саласында да ұмыт­пауы­мыз керек. Қазынадан бөлінген қаржыға оқытып, білікті де білімдар еткен қызметкерлер ха­лыққа қызмет көрсетуде адалдық танытпаса, мемлекет керуенінің жүгі ауады. Осы саладағы жұ­мыстардың барлығы да адалдық пен таза­лық­қа, адамгершілікке негізделгенде ғана елі­міз­дегі демо­кратиялық үрдістердің даму жолы адаспай­ды. Экономиканың нығаюы мен әлеу­меттік мә­селелердің уақтылы шешімін табуына көлденең тұратын кесапат – сыбайлас жемқор­лық­тың белең алуына себепкер болатын да немесе оған жол бермейтін де мемлекеттік қызметкер десе бо­лады. Өйткені, мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасының “Мем­лекеттік қызмет туралы”, “Сыбайлас жемқор­лықпен кү­рес туралы” заңдарын, Мемлекеттік қызмет­кер­дің ар-ождан кодексін сақтамағанда қоғамда сыбайлас жемқорлықты өршітетін қол ұшынан жалғасу, бармақбасты, көзқысты әрекеттер бас көтереді. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлер заң нормаларын біле тұра бұзатын жағдайлар көп. Тиісті органдар өткен жылы тексергенде Қос­танай ауданында осы заңдардың 83 бұзылу фактісі тіркелген. Арқалық қаласында – 38, Алтын­сарин ауданында – 53, Әулиекөл ауда­нында – 51, Таран ауданында 30 заң талап­та­рын сақтамаушылық анықталды. Тәртіптік кеңес Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке берілген бес жыл ішінде шынайы­лық пен жариялылық қамтамасыз етілді. Тәртіптік кеңестің әр оты­ры­сында заң талаптарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жа­саған мемлекеттік қызметкер­лер­дің мә­селесі қаралады. Мұнда қандай, кімге қатыс­ты мәселе қаралса да ол жергілікті, республи­ка­лық ақпарат құралдарынан бүгіп қалған кез жоқ. Жариялылық біз жүргізген жұмыстардың нәтижелі болуына ықпал етеді. Өткен жылы Тәртіптік кеңес отырысында қаралған мәсе­ле­лер туралы электронды ақпарат құралдарынан 400-ге жуық материал көрермендер мен радио­тыңдаушыларына жетті. Ал республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда тәртіптік кеңес тезге салған мемлекеттік қызметкерлер мен сыбайластыққа қарсы жасалған жұмыстар туралы 165 мақала, хабарлар жарияланды. Былтыр құқық пен заңды қасақана бұзып, сонымен қатар, сыбайластыққа көпе-көрнеу жол берген жеті лауазым иесі тәртіптік кеңестің ұсынысымен қызметіне лайық емес деп танылып, орынтағын босатты. Бес лауазым иесі­не қызметіне толық лайық еместігі ескер­тілді, 10 адамға қатаң сөгіс, 66 адамға сөгіс бе­рілді. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған­дар­дың ішінде он адам саяси мемлекеттік қыз­мет­кер, біреуі аудан, тоғызы ауыл әкімі. Мұның өзі бір облыс төңірегі үшін аз сан емес. Бір ауданның тізгінін сеніп тапсырған адам мем­лекет заңын да, ар заңын да аяққа таптап жат­са, оның жұмысы туралы не айтуға болады? Аудан басшысының сол өңірдегі шаруашы­лық­тың дамуы мен адамдардың әлеуметтік-мәдени хал-ахуалына жауапкершілік алуы өз алдына, әкім республика Президентінің тапсырмаларын тікелей орындауға тиісті тұлға емес пе? Ауыл әкімдерінің жауапкершілігі де мұнан кем емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы он жылға стратегиялық бағыттар берген биыл­ғы Жолдауындағы құқық қорғау жүйесіне қойыл­ған талаптың барлығы да бір бұл сала емес, жалпы еліміздегі мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру керектігінен туған шара деп түсінеміз. Сондықтан мемлекеттік қызметкер жауапкершілік жүгін сезінуі қажет. Бұл жауапкершіліктің артында халық сенімі бар. Әбдімәш МӘМЕШОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Қостанай облыстық басқармасының бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы. Қостанай.