16 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

1114 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Оның себебі неде? Қызылағаш ауылындағы орын алған жағдайды жазу тұрмақ, айтуға ауыз бармайды. Айдың күннің аманында бір елді мекенді су шайып, дүние-мүлік, мал-жанмен бірге тұрғындар жақын-туысы мен баласынан, әйелінен айрылып, ет-жүрегі езілуде. Бақытсыздық әкелген ауылдың шығысындағы биікке орналасқан “Шынар” ЖШС меншігіндегі 42 млн. текше метр су сақтайтын қой­ма­ның арнасынан асып, алапат тас­қыннан бетон  плиталар мен диа­метрі 1,5 метр, ұзындығы 10 ме­трлік тас құбырлар жолындағы тұр­ғын үй, ағаш, тіпті автомәшинеге дейін ағызып, жермен жексен еткен. Дүлей күштің қаншалықты екендігін жол жие­гін­дегі тұрғын үй­лер­дің орны лай мен қоқысқа ай­нал­ғанынан анық аңғарылады. Жұма күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қызылағашта бо­лып, жағдайды көріп, нақты тап­сырма беріп, содан кейін тұрғындар уақытша орналасқан жатақхана­лар­дағы жай-күйлерімен танысты. Нақ­ты көмектің көрсетілетінін жеткізді. Міне, содан бері Қы­зыл­ағашта, Талдықорған қаласында зар­дап шеккендерді тіркеу, ақ­шалай көмек, уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табуда. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, облыс әкімі Серік Үм­бетов, тағы басқа сала қызмет­кер­лері су тасқынының зардаптарын жою, халыққа әлеуметтік-тұр­мыс­тық көмек көрсетуді жалғастыруда. Осы кезге дейін ресми деректер бой­ынша селден көз жұмған 37 адам­ның мәйіті табылды. Жапа шек­кендердің отбасылары жақын­дарына министр мен облыс әкімі көңіл айтып, оларды жерлеу рәсім­деріне қатысты. Сонымен бірге жерлеу рәсімдеріне байланысты материалдық жағдайды облыс әкімдігі көтерді. Апаттан із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстары әлі де жал­ғастырылса, министр В.Божко бас­панасыз қалғандарға Қызылағашта жаңадан үй салынатынын жеткізді. Бұл өңірдегі халықты дүрлік­тірген алғашқы тасқын емес. Бұған дейін Күрті су қоймасындағы сел қаупінің алдын алу мәселесі тия­нақ­ты әрі дер кезінде көте­ріл­гендіктен 6000 халық қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, бірнеше күн­ге созылған құтқару жұмыстары жүргізілген бола­тын. Бөгеттегі қабаты қа­лың мұзды кесіп, техника күшімен шығары­лып, күн-түн демей жал­ғасқан жұ­мыс нәтиже берген еді. Су қақпасы арқылы жиналған су ағызылып, деңгейі қалпына келті­рілген-ді. Осыдан кейін іле-шала облыс әкімдігінде су тасқынының алдын алуға байла­нысты мәселе ар­найы қаралып, онда Күрті су қой­ма­сындағы жағ­дайдың қайта­лан­бауын қадағалау, өңірдегі жүзден астам су бөгет­терінің бүгінгі жайын тексеру, меншігіне қара­мастан кезекшілік ұйымдастыру, бақылау тапсы­рыл­ған еді. Сол мәжілісте Қызыл­ағаштағы бөгеттің апатты жағдайы да көтерілген болатын. Айтып ауыз жаппастан алапат су тасқыны тұрғындарды дүр­ліктіріп, адам өлімі мен халықтың баспанасыз қалуына әкеліп соқты. Тоспа су арқылы пайда табам деген теріс пиғыл жүздеген отбасын ойран етті. Құрылысы 1969 жылы салынған бөгетке содан бері жөн­деу жұмыстары жүргізілмепті. Оның үстіне өткен аптадағы 3 күн бойы толассыз жауған нөсерден кейін де су деңгейін бақылау ұмыт қалдырылған. Осы сәтте облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген қорытындыда да “су қой­масы топырақ үйіндісімен” са­лынғаны атап көрсетіліпті. Демек, оның қауіптілігі белгілі болған. “От пен су тілсіз жау” деген сөздің астарында сақтық шаралары қажеттігі ескертілген. Төтенше жағдай жөніндегі об­лыс­тық де­партамент, селден құтқару сала­сында қаншама жауапты қы­з­меткерлер бюджеттен қаржылан­дырылып, осындай апатты аймақ­тағы жұмысты тексеру мен алдын алу шаралары міндеттелген. Егер олар өз міндеттеріне сергек қарап, тоспа, бөгеттердегі су деңгейін бақылауға алса, дер кезінде сыннан қорытынды шығарса, Қызылағашта қайғылы оқиға орын алмас еді деген ой еріксіз мазалайды. Дерекке сүйенсек, аталған елді мекендегі 465 отбасында шамамен 2240 тұрғын мекендеген. Тасқын­нан халық мезгілсіз ажал құшса, там-тұмдап жылдар бойы жинаған мал-мүлкі суға кеткендер жүздеп са­на­лады. Зардап шеккендерге кө­мек көрсетіліп, оқиға болған жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қызыл­ағаштағы тасқыннан жапа шегіп, адам өліміне әкеп соққан апат ту­ралы жедел көңіл айту жолдап, оның себебі мен салдарын жою және зардап шеккендерге қажетті кө­мек көрсету мақсатында үкімет­тік комиссия құрылғанын халық жылы қабылдап, өздерін жұбатуда. Апат аймағында шатырлар ті­гіліп, құтқарушылар зардапты жою шараларын қолға алған. Облыс әкімінен бастап, орынбасарлары, денсаулық сақтау, жол-көлік, құқық қорғау, тағы басқа бас­қар­малар жұмылдырылып, халықтың қасынан табылып, қайғы-мұңдарын жеңілдетуде. Өзіміз де көше-көшені аралап, талай жайға қанықтық. Әрине, көше деп айту артық. Кей жерде үй орнында үйінді, лай-балшық қалса, қабырғасы құлап, төбесі ортасына түс­кені қаншама. Жолдың оң қап­талындағы дөңестегі 4-5 үй аман. Өзін Мәден Әубәкір деп та­ныс­тырған жігіт атамекеніне көршілес Қытайдан оралған екен. – Аллаға шүкір, әйтеуір отбасым аман. Соңғы күндері жұрт бөгеттің апатты жағдайда екенін бір-біріне айтып, ауыл дүрлікті. Бірақ, жергілікті атқарушы билік “Мұндай қауесетті кім таратып жүр. Жағдай жақсы, алаңдауға негіз жоқ”, деп тыныштандырды. Сонда да тоспаның су жіберетін қақпасы тесілген, арнасынан асып, апатты жағдайда екенінен хабарланғандар буынып-түйініп, жақын ауылдар­дағы ағайын-туыстарын жағалап, кете бастады. Біз де қамсыз қал­мадық. Бас аман. Бірақ, елушақты ұсақ малым мен екі сиырым бар еді, бәрі суға кетті, – деді.  Мә­деннің жанындағы Тоқтархан Ілияс баспанасыз қалғанымен, олардың да бала-шағасы аман. Алайда су қоймасының апатты жағдайды біле тұра жауырды жаба тоқығандарға деген өкпелері қара қазандай. Өзін мал дәрігері Төрехан Қо­жағапанұлы деп таныстырған аза­маттың түтіккен, қайғыдан қа­мыққан жүзі қабырға қайыстырды. – Түнгі сағат 12-лер шама­сын­да тасқын аяқ астынан ауылды басып қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғанша өтіп, тасқын судың биіктігі 2,5-3 метрдей болды-ау деймін. Үйім осы, тұруға жара­майды. Балам мен өзім аман қал­дық. Есімізді жиғаннан кейін туыс-туғандарымның көмегімен үйден лай ішіндегі әйелімнің, қызым мен немеремнің мәйітін қазып алдық. Не айтайын, менің жағдайымды түсінесіңдер ғой. Бөгеттің деңгейін көріп, бақылап, судың артығын ағызып тұрса, мұндай апатқа, қайғыға ұшырамас едік. Оның үстіне мемлекеттік мәні бар бө­гет­тің жеке адамға беріліп, жеке­ше­лендірілгені де жөнсіз, – дейді. Кіммен пікірлессең де “Шы­нар” серіктестігіне қарасты су қоймасының апатты жағдайын біле тұра жауапсыздық танытқандарға, алдын алу шараларын жүргізбе­гендерге деген ашу-ызасын алға тартады. Осы сөзімізді облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген анықтама да нақтылайды. Онда Ақсу ауданындағы аталған са­ланың басшысы майор К.Байұ­за­қовқа күннің күрт жылынуы мен ылғалдың мол түсуіне байланысты бөгеттегі су мөлшері апатты екен­дігі ескертіліпті. Сонда аталған саланың басшылары соншама немқұрайдылыққа, көзжұм­бай­лық­қа барғаны ғой. Бұдан басқа шешімге келе алмайсыз. Бір-біріне сіл­теумен, анықтама жазумен шектелген жұмыстың аяғы осы. “Ақ жүргенге жала жоқ, айтқан жерде бәле жоқ”, деген сөз еске түсті. Таудағы жылғамен 1,6 шақырым жылдамдықпен ауылға әп-сәтте жеткен сел тасқыны, қа­лай екені белгісіз, жолындағы бей­іттерді айналып өтіпті. Қабірлер зар­дап шекпеген. Ауылдағы иман­ды­­лық­тың отауы – Алланың үйі де дін аман. Мектептің бірінші қабаты болмаса, қалған құрылысы қал­пында. Керісінше, ұзындығы бір­шама жақтаулары темір бетонмен мықтап бекітілген көпірдің қабыр­ға­ларын су ағызып, тұғырын да қал­дырмапты. Осы күні тас­қыннан ауылдың аяғындағы Егінсу, Көл­та­бан, Алажиде елді мекен­де­рінде адам шығыны болмағанымен, тұр­ғын үйлер зақымданған. Халық қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, оларға да жағдай жасалуда. Жойқын тасқын осылайша бірнеше ауылды жайпап өтіп, халықтың есінде көпке дейін сақталатын алапатымен есте қалды. Қызылағаштағы баспанасыз қал­ғандар мен бауыр еті баласы мен жарынан, әкесінен, анасынан айрылғандардың жан жарасын емдеу мүмкін емес. Десек те, қыл­мыстық іс қозғалумен қатар мем­лекеттік комиссия апат салдарын анықтап, өзгелерге сабақ бола­тындай шешім қабылдайтынына жұрт сенімді. Тас түскен жеріне ауырлық әкелсе, облыста дүйсенбі қайғылы күн ретінде жарияланып, Жетісу жұртшылығы жерлестеріне қолұшын беруге дайын екенін білдіруде. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей тапсырмасымен қызылағаштықтар баспанамен және қажетті жағдайлармен қамты­ла­тыны комиссия отырысында жан-жақты айтылып, халыққа түсін­дірілуде. Жексенбі күні тасқыннан аман қалған үйлерге жарық беріліп, кейбір отбасылары қоныстарына қайтты. Әлі де апат болған жердегі іздестіру, қалпына келтіру жұ­мыс­тары жалғастырылуда. Дүйсенбіде Алматы-Өскемен күре жолындағы бұзылған көпірдің маңайындағы айналма жол іске қосылып, жолаушы қатынасы қалпына келді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.