13 Наурыз, 2010

ЖЕТІМ БАЛАЛАР АТА-АНАСЫЗ БОЛСА ДА БАСПАНАСЫЗ БОЛМАСЫН

798 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетекшілігінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң жобасы бойынша жұмыс тобы­ның жетекшісі депутат Бақыт Сызды­қова отырысты жүргізді. Заң жобасымен Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархат Қуанғанов таныстырды. Республикада отбасы үлгісіндегі 6 мемлекеттік және 3 жеке меншік SOS балалар ауылы жұмыс істейді, оларда 600-ге жуық жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ба­лалар тәрбиеленуде. Жыл сайын жетім балаларға және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балаларға арналған білім беру интернаттық ұйымдарының 9 және 11-сыныптарын 2 мыңға жуық бала тәмамдайды. Оның ішінде 400-ге жуық бала 10-сыныпта, ал 1700-ден ас­там бітіруші кәсіптік, техникалық және жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырады. Олардың 45%-ы ғана отбасы үлгісіндегі балалар үйлері мен ба­лалар ауылының түлектері ретінде жасөс­пірімдер үйлерінде тұруға құқығы бар. Мектеп-интернаттары жанында жас­ө­спірімдер үйлерін дербес мекеме ретін­де құру нормасын енгізу тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелердің тәрбиеленушілері арасынан барлық бітірушілерге 23 жасқа дейін әлеуметтік бейімделуден өту кезеңіндегі тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Заң жобасының таныстырылымында депутат Гүлнар Сейітмағанбетова “Бала­лар 23 жасқа толғаннан кейін қайда барады?” деген сұрақ қойса, депутат Тито Сыздықов заңда көрсетілген “Тәрбиеші-ана”деген атаудың тәрбие­шілер ер адам болған жағдайда атауы сәйкес келмейтінін айтып, “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасына осы жетім балалар үшін жалға беретін болса да баспана беруді қарастырған жөн. Ата-анасыз жетім қалған баланы енді баспанасыз да қалдырған үлкен обал болар”, – деп әріптестеріне ой тастады. Депутат Алдан Смайыл “Бұл заң­ның ең негізгі тұжырымы – Қазақ­стан­дағы жетім балалар үйін жоюында болғаны. Балалар үйіндегі әр балаға мемлекет тарапынан есеп-шот ашылып, оған жиналған қаржы бала 23-ке толған­да баспана сатып алуына жетуі керек”, деген ұсыныс айтты. Заң жобасының қызу пікірталасына комитет төрайымы Динар Нөкетаева мен комитет мүшесі Қылышбай Бисенов қатысты. Алдағы уақытта депутаттар өз ұсы­ныстары мен пікірлерін жұмыс тобына жазбаша түрде түсіретін болады. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.