Дәрігерлер кеңесінің шешімі бойынша ана кесарь тілігі арқылы босанған. Ота сәтті аяқталып, бүгінде ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде дәрігерлердің бақылауына алынған.
Жергілікті жұрт «Қажымұқан атамыздың ізбасары келді» деп сүйіншілеп жатқан осы оқиғамен сәйкес келген жағымды жаңалықты жеткізе кетелік. Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров нысанның капсуласын салу рәсімін өткізіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
«Бұл медициналық мекеме болашақта Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет етеді. Осы аймақтардың тұрғындары енді облыс орталығына сабылмай, Темірланда қажетті емді қабылдайды. Өйткені, жаңа перинаталдық орталық жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық көмек көрсетеді. Бұл – ана мен бала денсаулығын сақтап, демографияны жақсартуға серпін беретін маңызды бастама», деді Нұралхан Көшеров.

Перинаталдық орталық ғимаратының жалпы алаңы 34 233,30 шаршы метр болса, құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы аумағы – 8 гектар.