13 Наурыз, 2010

БІРЫҢҒАЙ ТӘРТІП ЕНГІЗУДІ КӨЗДЕЙДІ

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Сенатында Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің ұйымдастыруымен “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасының тұсаукесері болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Жиында негізгі баяндама жасаған Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов шараға қатысушыларды заң жобасының тұжырымдамасымен таныстырды. Ол жер қойнауын пайдалануға қатысты қатынастар қазіргі кезде “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” және “Мұнай туралы” заңдармен реттелетіні жайында айта келіп, жоба осы салаға қатысты заңдарды одан әрі жетілдіруге және жүйелендіруге, жер қойнауының иесі ретіндегі мемлекеттің мүддесін қорғауды қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті. Заң жобасымен жер қойнауын пайдалану құқығы және осыған қатысты нысандардың қозғалысына мемлекеттік бақылау жасау, мемлекеттің басым құқығын іске асыруды дәл ресімдеу, жер қойнауын пайдалану келісімдерінің үлгісі ретінде өнімді бірлесе бөлуден бас тарту белгіленіп отыр. Заң жобасы жер қойнауын пайдалану құқығын беруге конкурс өткізу ресім­дері мен тікелей келіссөздер негізінде шарт жасасу тәртібін, сон­дай-ақ пайдалы қазбаның қандай түрі болса да жер қойнауын пайдалану құқығын берудің бірыңғай тәртібін енгізуді көздейді. Жер қойнауын пайдалану саласындағы активтерді сатып алу-сату жөніндегі мәмілелерді белсенділендіру жағдайында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заң жобасының маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Сафинов осы саладағы активтерді алыпсатарлықпен тартып алу мүмкіндігін болдырмайтын ережелерге назар аударды. Заң жобасына тек тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер ғана емес, мамандармен қамтамасыз етуде де “қазақстандық маз­мұнды” қарастыратын өзгерістер ұсынылып отыр. Талқылау барысында Қ.Сафинов депутаттардың сауалдарына жауап берді.