13 Наурыз, 2010

ЖАҢА БАСШЫЛАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлықтарымен қайта құрылған министрліктер ұжымына олардың жаңадан тағайындалған басшыларын таныстырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Үкімет басшысы қайта құруға байланысты таратылған Индустрия және сауда министрлігінің сауда саласындағы функциялары мен өкілеттіктерінің Экономикалық даму және сауда министрлігінің құзы­рына берілетіндігін хабарлады. Индустриялық саясатты жүзеге асы­ру үшін қажетті мәселелердің бәрі кешіктірілмей шешілуге тиіс деп атап өтті ол. Сондай-ақ К.Мә­сі­мов Премьер-Министрдің орын­ба­сары –  Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исе­ке­шевке барлық ұйымдастыру мәсе­лелерін қысқа мерзімде ретке келтіруді тапсырды. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевты таныстыра оты­рып, К.Мәсімов Мемлекет басшы­сы­ның елдің негізгі байлықта­ры­ның бірі – мұнай мен газға қа­тысты нақты міндеттер қойғанын атап көрсетті. Мұнай-газ секторын дамыту саясатын жүргізу бары­сын­да көмірсутегі саласындағы жоба­ларда мемлекеттік мүдделердің сақ­талуын қамтамасыз ету қажет­тігіне назар аударды. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін министрлікке қажетті өкілеттіктер берілген. Сол сияқты Премьер-Министр Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігі ұжымына оның жаңа басшысы Жанар Айтжанованы та­ныс­тырды. Ол министрдің алдына экономика саласындағы страте­гия­лық жоспарлауда, Кеден одағы қызметін ескере отырып, ішкі және сыртқы сауданы дамытуда, сондай-ақ БСҰ-ға өтуде нақты міндеттер қойды. Премьер-Министр қайта құ­рылған Мәдениет министрлігінің басшысы Мұхтар Құл-Мұхам­мед­ке азаматтардың діни еркіндігін және діни бірлестіктермен қарым-қаты­настарын қамтамасыз ету жөніндегі функциялардың Әділет министр­лігінен Мәдениет ми­нис­тр­­лігіне ауысуына байланысты, сол сияқты мемлекеттік тілді да­мыту жөнінен өкілеттіктер бері­луі­не байланысты бірқатар тапсыр­малар берді. Ақпараттандыру және байла­ныс агенттігі базасында құрылған Бай­ланыс және ақпарат министр­лі­гінің жаңа басшысы Асқар Жұ­ма­ғалиевті таныстыра отырып, Пре­мьер-Ми­нистр ақпараттар, ақ­параттандыру салаларындағы рет­теу­лерге, жаңа ақпараттық техно­ло­гияларды, сондай-ақ сандық және спутниктік хабар таратуды енгізуге қатысты  нақты міндеттер жүктеді.