12 Наурыз, 2010

2010-2012 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БЮДЖЕТ туралы заңға өзгерістер мақұлданды

602 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысына Үкімет басшысы қатысты. Өйткені, бұл күні депутаттар назарына 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетке тиісті өзгертулерді қарастыратын және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті бөлуге қатысты заң жобалары ұсынылды. Бірінші кезекте “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыға салынды. Бұл маңызды құжат туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов баяндама жасады. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұртай Сабильянов қосымша түсінік берді. “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға енгізіліп отырған өзгерістер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көр­сеткіштерін нақтылаумен бай­ланысты және Мемлекет басшы­сы­ның “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауында бе­рілген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. 2010 жылға арналған респуб­ли­ка­лық бюджеттің параметрлері әлемдік тауар рыноктарындағы ағым­дағы үрдістер мен Қазақстан экономикасы салаларының 2009 жылғы қаңтар- желтоқсандағы даму үрдістері негізінде нақты­лан­ды. Нәтижесінде 2010 жылға ар­нал­ған республикалық бюджет кіріс­терінің (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) нақтыланған бол­жамы 1 837,5 млрд. теңге сома­сында айқындалды, бекітілген жоспарға қарағанда 103,0 млрд. теңгеге ұлғайды. Республикалық бюджеттің кі­ріс­тері ұлғайды, оның ішінде: 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы аумағында қолданылатын бір­ыңғай кедендік тарифтің ен­гі­зілуіне және импорт көлемінің ұл­ғаюына байланысты 61,3 млрд. теңгеге; ағымдағы жылы біржолғы тө­лемдердің (“Қазақмыс” корпо­ра­ция­сы” ЖШС бересісін өтеу, “Қа­ра­тау” ЖШС-нің мүлікті өткізу ке­зіндегі құн өсімінің төлем көзі­нен ұсталатын корпоративтік та­быс салығын төлеу, KMG EPU.A. корпорациясынан қайта айыр­бас­тау кезіндегі корпоративтік табыс салығын есептеу) түсуіне бай­ла­ныс­ты корпоративтік табыс са­лы­ғы бойынша 19,6 млрд. теңгеге; негізгі минералдық шикізатқа әлемдік бағаның жоспарланған 7%-ға қарағанда орташа алғанда 20%-ға ұлғаюы есебінен табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер бойынша 22,0 млрд. теңгеге ұлғайды. 2010 жылға трансферттер тү­сім­дері бекітілген бюджетке қа­ра­ғанда 100,1 млрд. теңгеге ұлғайып, 1 440,9 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде: облыстық бюджеттерден, Ас­та­на және Алматы қалаларының бюд­жеттерінен кері трансферттер түсімдерінің қысқаруына бай­ла­ныс­ты бюджет саласы қызмет­кер­лерінің жалақысын ағымдағы жыл­ғы 1 сәуірден бастап, яғни осы­ған дейінгі көзделген мерзім­нен үш ай ерте 25%-ға арттыру үшін, 24,2 млрд. теңгеге азайту есебінен; Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты Жолдауына сәй­кес Ұлттық қордан кепілден­ді­ріл­ген трансферттің мөлшерін 1 200,0 млрд. теңгеге жеткізуге байланыс­ты 124,3 млрд. теңгеге ұлғайту есебінен. Ұлттық қорға мұнай секторы кә­сіпорындарынан түсетін түсім­дер­дің 2010 жылға арналған бол­жамы 80 млн. тонна мұнай өндіру көлемін және мұнайдың 65 дол­лар/баррель әлемдік бағасын не­гізге алғанда, 1 737,0 млрд. теңгені немесе ІЖӨ-нің 9,9%-ын құрайды. Тікелей салықтар мен мұнай секторы бойынша түсетін басқа да түсімдердің көлемі 1 736,0 млрд. теңге сомасында болжанып отыр немесе мұнайдың әлемдік бағасы 50-ден 65 доллар/баррельге дейін өз­геруі есебінен бекітілген жос­пар­ға қарағанда 367,2 млрд. теңгеге ұлғаяды. Бюджеттік кредиттерді өтеу бой­ынша 2010 жылға арналған болжам 99,4 млрд.теңгені құрайды немесе жергілікті атқарушы ор­гандарға Тұрғын үй құрылысының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңбе­рінде тұрғын үй салуға берілген бюджеттік кредиттерді қайта құрылымдауға байланысты 13,7 млрд. теңгеге азайған. 2010 жылға республикалық бюджеттің шығыстары түзетілген бюджетпен салыстырғанда 240,0 млрд. теңгеге ұлғайып, 4 182,0 млрд. теңге сомасында көзделіп отыр. Тұтастай алғанда, республи­ка­лық бюджеттің қосымша түсімдері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруға, оның ішінде 25%-ға арттыру мер­зімінің үстіміздегі жылғы 1 шіл­де­ден 1 сәуірге ауысуына байла­ныс­ты бюджет саласы қызметкер­лері­нің жалақысы мен мемлекеттік сти­пендияларды көбейтуге, сон­дай-ақ Үдемелі индустриялық-ин­новациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі шара­ларды қаржыландыруға бағыттал­ған. Депутаттар аталған заңға ұсы­нылған түзетулерді қолдап, дауыс берді. Бюджетке енгізілген толық­тырулар мақұлданды. Сонымен қатар, осы күні “Қа­зақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010 – 2012 жылдарға ар­налған кепілдендірілген транс­ферт туралы” заң жобасы да тал­қыға түсіп, толықтай мақұлданды. Келесі кезекте “Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның жобасы бойынша Парламент Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушіліктерді ең­серу жөніндегі келісім комиссия­сының ұсыныстары туралы Мә­жі­лістің Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ержан Исақұловтың мәліметі тыңдалды. “Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы” және осы­ған орай кейбір заңнамалық ак­тілерге Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бой­ынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымда мақұл­данды. Бұл заң жобасы жөнінде Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп коми­тетінің төрағасы Омар­хан Өксікбаев баяндама жасады, ал Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Төлебек Қосмамбетов қосымша түсінік берді. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің төртінші шақыры­лы­мының бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақса­тында әзірленген. Заң жобасы Есеп комитетінің міндеттері мен мәртебесін нақты­лай түседі. Сондай-ақ Есеп коми­тетінің отырысын ұйымдастыру мен өткізу негіздерін, Есеп коми­теті қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, бақылау іс-шараларын жоспарлау мен жүргізу, бақылау іс-шаралары нәтижелерін талдау, басқа мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау негіздерін және Есеп комитетінің қолда­ныс­тағы заңнамалық актілерде бекі­тілмеген өзге де функционалдық жұмыс бағыттарын заң жүзінде бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы күні Мә­жіліс депутаттары “Трансферттік баға белгілеу туралы” Заңға өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізуді қарастырған заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салып, мақұл­дау жөнінде ортақ шешімге келді. Заңға ұсынылған жаңа толықты­рулар туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов баяндап берді. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов жұмыс тобының атқарған қызметі жайлы айтып өтті. Осы заң жобасының не­гізі мақсаты – трансферттік баға белгілеуді бақылау тетігін одан әрі жетілдіру. Аталған заң жобасын қарау барысында ұзақ мерзімді мәмі­ле­лер бойынша белгіленім кезеңінің мерзімдерін өзгертуге, салық салу нысандарына және салық салуға байланысты салық салу нысан­да­рына түзетулерді енгізуге қатысты, сондай-ақ редакциялық сипаттағы түзетулер қарастырылып отыр. Сонымен қатар, мүлікті қайталама лизингке беру мерзімдерін нақ­тылау бөлігінде Салық кодексіне түзетулер енгізілді. Жалпы отырыста “Өрт қауіп­сіздігі туралы” Қазақстан Респуб­ликасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өз­ге­ріс пен толықтырулар енгізу ту­ралы” заң жобасы екінші оқы­лым­да депутаттар талқысына ұсыныл­ды. Ол екінші оқылымда мақұл­данды. Ел бюджетіне ұсынылған то­лықтырулар туралы Үкімет бас­шысы К.Мәсімов сөз сөйлеп, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.