12 Наурыз, 2010

ЭКОЛОГИЯ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕК...

861 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Айдар МАХАМБЕТ, “Kazakhstan Rubber Recyclіng” ЖШС директоры. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғи ресурстарды тиімді пайда­лану мен өндіріске экологиялық таза технологияларды ендіру мәсе­лесіне назар аударып келеді. Ел эко­номикасының дағдарысқа қара­мас­тан тұрақтанып, өндіріс орын­да­­рының сын сағатта сыр бермей жатқанын көп ретте осы жағдаймен де байланыстыруға болады. Соңғы кездері елімізде өндіріс­ке экологиялық таза технология­лар­ды ендіру мақсатында халық­ара­лық талаптарға сай Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы, қор­ша­ған ортаны қорғау мен құрғақ­шы­лыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламалар, Экологиялық ко­декс сияқты құжаттардың қабыл­дан­ғаны мәлім. Алайда біз әлі де көптеген мәселелердің шешімін та­батын шараларды іске асыруымыз керек деп санаймыз. Осы орайда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтің өндіріс орын­дарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігі туралы ұсынысы дер кезінде жасалғанын атап өту жөн. Мұнда министрлік “2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы” бағдарлама­сының аясында “Жасыл даму орталығы” атты өндіріс қал­дықтарын кешенді қайта өңдеу және кешенді басқару жөнінде ұлт­тық орталық құру туралы ұсыныс білдірген болатын. Министрдің ай­туынша, орталық құрылған жағдай­да ол қоқысты өңдеу зауытын құру мен технологияларды жасаумен айналысып, оларды уақыт өте келе бюджеттен ғана емес, халықаралық ұйымдар мен жеке инвесторлар тарапынан да қаржылан­дыруға болар еді. Біздің пікірімізше, егер осы мәселе шешімін таппаса, ер­тең­гі күні өндіріс қалдықтары кө­бейіп, қоршаған ортаға едәуір қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біздің кәсіпорын аталмыш ведомствоның бұл ұсынысын толығымен қолдап отыр. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде отандық өндірісте 6 млрд. тоннадай қалдық­тар жиналып жатқан көрінеді. Жыл сайын олар 700 млн. тоннаға кө­бейеді екен. Міне, сол себепті елімізге қалдықтарды қайта өңдеп, қоқыс­тарды азайту үшін ұлттық орталық сияқты өзіне жауапкер­шілік алатын бір мекеме қажет деп білеміз. Ал біздің “Kazakhstan Rubber Recyclіng” ЖШС-нің осы салада істеп жатқа­нына көп уақыт бола қойған жоқ. Кәсіпорны­мыз­дың құрылғанына небәрі екі жыл ғана болды. Дегенмен, бізге осы уа­қыт аралығында өндіріске эколо­гиялық таза технологияларды енді­ру мақсатында көп жұмыс істеуге тура келді. Өткен жылдың жазында кәсіпорынға “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың қолдауымен Еу­ропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Сол­түстік және Оңтүстік Америка ел­дерінің іскерлік ортасына белгілі немістің “MeWa” фирмасының заман талабы­на сай жасаған құрал-жабдықтары­ның негізінде жарамсыз доңғалақ­тар мен рези­налық-техникалық бұйымдарды қайта өңдеуге арналған зауытты іске қосуға мүмкіндік туды. Осы жерде “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың Үкіметтің қаулы­сы­на сәйкес, өндіріс саласы үшін несиелеу мөлшерін төмендету жөнінде ұстанған саясаты кәсіп­орнымызға үлкен қолдау болып отырғанын атап өткім келеді. Қазір аталмыш банктің көрсеткен қолдауының нәтижесінде біздің зауыт жол құрылысына пайдала­нылатын резиналық-техникалық бұйымдардың резиналық үгінділе­рін жасау мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы күндері зауыт жы­лына 11 000 тонна үгінді шы­ғара алады. Мұндай үгінді­лер, резиналық қосынды­лар мен ұнтақтар жол құ­рылысына жиі пайда­ла­ны­латыны белгілі. Өйткені, олар Ка­нада, АҚШ, Еу­ропа, Ресей ел­деріндегі тә­жірибе көрсе­тіп отырғандай, қазіргі қолданыстағы жолдардан екі есе шыдамды әрі экологиялық жағынан таза болып келеді. Бүгінде елімізде мұндай жолдар әзірше тәжірибе ретінде пай­даланылуда. Өткен жылы біз­дің кәсіпорын жол құры­лысшы­лар­ымен бірге Ресей техно­ло­­гиясымен жасалған резиналық ұн­тақтың негізінде Алматы, Ас­тана, Шығыс Қазақстан облысы­ның автожол учаскелерінің құры­лысына қатысты. Мұның бәрі, әрине, тәжірибе ретінде салынып жатқан жолдар болып саналады. Дегенмен, алдағы кезде оның сапасына толығымен көзіміз жеткеннен кейін еліміздің барлық өңірлеріне резиналық ұнтақ, қо­сындылар мен үгінділер пайдала­нылған жолдар салуды ойласты­руымыз керек деп білеміз. Бірақ, бұл жұмысқа біздің зауыттың ғана шамасы жетеді деп айта алмай­мын, ол үшін батыс және оңтүс­тік өңір­лердің жолдарының құрылысына тағы екі зауыт салу қажет болады. Оның біріншісі – Ақтөбеде болса, екіншісі Алма­тыда салынуы керек. Жалпы, экология өмірдің бар­лық саласымен тығыз байланыс­тағы сала екені белгілі. Оның өн­діріс орындарына да, жол құрылы­сына да қатысы өте көп. Қазір елі­мізде қоқыстардың көптеген түр­лерін қайта өңдеумен айналы­сатын мекемелер баршылық. Біздің кәсіпорын олармен тығыз байланыс жасауда. Олар біздің проблема­мызды, біз олардың проблемасын жақсы білеміз. Сонымен бірге біздің екі жаққа ортақ, әлі күнге шешімін таппай келе жатқан проблемалары­мыз да жетерлік. Ең басты проб­лемамыз, ол – елімізде қоқыстарды қайта өңдеудің жүйесіз жүргізіліп жат­қандығы. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметте­ріне қарағанда, жыл сайын елі­мізде 70 млрд. теңгеден 80 млрд. тең­геге дейін экологиялық төлем­дер жи­на­лады екен. Ал біздің ел қол қойған Киото протоколы бойынша мұндай сома­ны табиғат­ты қорғау шарал­а­ры­нан басқа жұмыстарға жұмсауға тыйым салынған. Осы орайда кә­сіп­орын жетекшісі ретінде министр Нұрғали Әшімовтің бастамасын толығымен қолдай отырып, әріп­тестерімізді өндіріс қалдықтарын кешенді қайта өңдеу және кешенді басқару жө­нінде ұлттық орталық құру туралы ұсынысты қолдауға шақырамын және біздің кәсіп­орын­ның “Weіser Group” ком­па­ния­сы­мен бірігіп республикалық қо­қыс­тарды басқару кәсіп­орындарының ассоциациясын құру туралы жұ­мыс­тардың жүргі­зіліп жатқандығынан хабардар еткім келеді.