12 Наурыз, 2010

АҚСУДЫҢ ӨНДІРІСІ ТОҚТАУСЫЗ, АУЫЛДАРЫ АУҚАТТЫ

1102 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қала әкімі Оразкелді Қайыргелдиновпен әңгіме –Оразкелді Әлиғазыұлы, өзіңіз айтқандай, өндірісі тоқтаусыз, ауыл­дары ауқатты қала өткен жылды қандай көңіл-күйде шы­ғарып салды? –Ең алдымен айтарымыз, жуырда қалада “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына орай ауысымына 500 адам қабыл­дай­тын жаңа емхана, 1200 оқушыға ар­налған қазақ тілінде білім бе­ретін жаңа мектеп және 175 бүл­дір­шінді ана тілімізде тәр­бие­лейтін “Балапан” атты жаңа балабақша пайдалануға берілді. Бұл күндері Елбасының “Жаңа онжылдық жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты жаңа Жолдауын бағыт-бағдарға алып, алдағы жылдарға атқарылатын жұмыстар жүйесін жасаудамыз. Біздің Ақсу қала­сында 60 мыңдай халық тұрады. Еуразиялық энергетикалық корпорация, Ақсу ферроқорытпа зауыты сияқты үлкенді-кішілі өндіріс орындары бар қала болып саналады. Өндіріс орындары ауылдарды өз қамқор­лықтарына алып, қыс келсе отын-суларын түсіріп беріп демеушілік жасайды. Қалада тұратын жұ­мыс­шылар өндіріс қарқынын еселесе, ірге­сінде тұрған ауылдық ау­мақтар мал, ет және сүт, ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өндіреді. Өндірісі тоқтаусыз, ауылдары ауқатты, мал-жаны аман тыныс-тіршілігі бар. Өндірісті қаламызға 14 ауылдық аумақ қарайды. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 95 пайызды құраса, 178,5 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімдері шығарылды. Энергетиктер 13,4 млрд. кВт. электр қуатын өндірсе, “Шығыс” көмір кенішінде көмір шығару көлемі 20 миллион тоннаға жетіп, ферроқорытпа зауыты 1,0 миллион тоннадан аса ферроқорытпа өндірді. — Былтыр мамыр айында Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мовтің қатысуымен осы зауыттағы №61 балқыту пеші іске қосылып еді. –Иә. Дағдарыс уақытында ақсулық зауыттар жұмысшыларын қысқартқан жоқ, олар өз орында­рында еңбек етуде. Қайта күрделі жөндеуден өткен № 62, 41 және 25-ші балқыту пештері қосымша жұмыс жасай бастады. Сонымен қатар, ферроқорытпа зауытында 2012 жылға дейін 22,5 миллиард теңгеге 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынынан хабардар етті. Тағы бір жаңалық, осы кәсіпорында қалдықтарды тиімді пайдалану, өнім сапасын арттыру мақсатында биылғы мамыр айында қуаттылығы 350 мың тонна агломерат шығаратын цех іске қосылады. Жылына қуатты­лығы 40 мың тонна көміртекті феррохром шығаратын № 4 цех жаңғыртылады, жылу қуатты жабдықтар мен балқыту пештер күрделі жөндеуден өтеді. Агло­мерат шығаратын цех іске қосыл­ғанда 120 маман тұрақты жұмыс­пен қамтамасыз етілетін болады. Қазір зауыт ұжымы өздерінің жұ­мысшы-қызметкерлеріне арнал­ған екінші тұрғын үйдің құры­лысын бастады. Өткен жылдың шілде айында ферроқорытпа зауыты қаланың 4-шағын ауда­нында зауыт жұмыскерлері үшін 60 пәтерлі тұрғын үйді тапсырған болатын. Ал, “Еуразиялық энерге­тикалық корпорация” АҚ алдағы жылдары №2 энерго- блокты іске қосу мен қайта қал­пына келтіру нәтижесінде қуатты­лықты 325 МВт-ға арттыра отырып қосымша электр қуатын өндіре алады. Болашақта әрқай-сысының қуаттылығы 600 МВт-ға жететін жаңа энергоблоктар салу көзделіп отыр. Ақсу қаласындағы коллекторды күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті 380 миллион теңгені республикалық бюджеттен немесе Үкіметтің қорынан бөліп беру мәселесі қарастырылуда. – Осындай алып кәсіп­орындары бар қалаға қарайтын ауылдардың жолдары, ауыз су жағдайы қалай? – Қала аумағына қарасты үлкенді-кішілі 33 ауыл бар. Өткен жылы ауылдардың жолдары, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бағыттында бірша­ма істер атқарылды. “Жол карта­сы” бағдарламасы аясында Айна­көл, Мәмәйіт Омаров атындағы ауылда, Қалқаман, Үштерек және Парамонов ауылдарындағы кіреберіс жолдары және “Соль­ветка-Пограничник” ауылдары аралығындағы жолдар жөнделді. Елді мекендерді көріктендіру жұмысында 40,3 миллион теңге игерілді. Бүгінгі күндері 13 ауылда халықты сумен жабдықтайтын кешенді блок-модульдері орна­тыл­ған. Ал, 8 ауылда су құбыры бар. Ал Алғабас ауылының тұр­ғындары екі кешенді блок-модуль арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылдарымыз азық-түлік саясатын іске асыру бойынша өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін өндірді. Ірі қара малдың басы 31 мыңға жетті, қой – 27 мың, жылқы – 4,8 мың, құстың саны 345 мыңды құрап отыр. Күз айларындағы жиын-терін кезінде 48 мың тонна картоп, көкөністер жинап алынды. Биыл облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баста­масымен қолға алынған “Жай­лау” бағдарламасы арқылы ауыл­дықтар 100 бастан қой алып, қазір бағып-қағуда. Мысалы, Еңбек ауылдық аумағында 348 аула бар, 1380 адам тұрады. “Ертіс-Ақмол” ЖШС, 5 шаруа қожалығы, 1 ауыл кооперативі, 5 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Бүгінгі күні ауылда 1662 ірі қара мал, 2181 қой, 191 жылқы бар. 348 ауланың 234 отбасында қосалқы шаруашылық бар, бұл әл-ауқаттың жақсаруы емес пе? Жалпы, қала аумағы бойынша бұл күндері ауыл­шаруашылық өнімдерін дайын­дайтын 31 пункт және қайта өңдейтін 21 кешен жұмыс істеуде. – Оралман ағайындар өндірісті Ақсу қаласының ауылдарында көптеп тұрақтап қалды. Оларға қандай жағдай жасалуда? – Иә, Ақсу қа­ласының ауыл­дарында ағайын­дардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қол­дан келгенше жан-жақты жағ­дай жасаймыз. Біздің ауылдары­мызда 1186 орал­мандар отбасы тұрады. Былтыр 162 отбасына мемлекеттік атаулы көмек және 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төленді. Сонымен қатар тұрмысы төмен оралмандар отбасыларындағы 30 бала қала әкімінің гранты бо­йынша жоғары оқу орындарында оқып жүр. Ақсу өңіріне жұмысқа орналасуға жіберілген жас мамандарға, яғни бір дәрігерге, 13 мұғалімге, бір студентке көмек көрсетілді. Еңбекпен қамту бөлі­мінде тіркелген 121 адам жұмыс­қа орналасты. Денсаулықтарына байланысты емделуге өтініш біл­дірген 10 оралман шипажайда сауығып шықты. Жеке кәсіпкер­лікпен айналысатын ағайындар да бар. Ауылдық округтерде, қала­дағы кәсіпорындарға, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімдерімен байланыс жасап, оларға жұмыс берілуін, керек жағдайда кәсіптік қайта даярлықтан өтуге байланысты істі де қадағалаймыз. Бұлардың бәрі ағайындардың атажұртқа сіңіп, көптеген қиындықтарды жеңуіне септігін тигізетіні сөзсіз. – Өндіріс орындарының жалпы қала мен ауылдарға қандай көмектері бар? – Қаладағы екі ірі кәсіпорын – Ақсу ферроқорытпа зауыты және Еуразиялық энергетикалық корпорация қандай мәселе бол­масын қол ұшын беруге дайын тұрады. Былтыр 500 адамға арналған мешіт жанынан асхана құрылысын салуға қаржы бөліп, атсалысты. Еуразиялық энергети­калық корпорация тұрмысы тө­мен отбасыларына, мүгедектерге жылда қыста жағатын отын-сула­рына көмек жасайды. Сондай-ақ, Қалқаман ауылындағы балалар үйі және Ақсу қаласындағы балалар паналау үйіне өндіріс орындары әрдайым қол ұшын беріп тұрады. Қала көшелерін, аулаларды, балалар алаңдарын көріктендіруге аталмыш екі кәсіп­орын үнемі атсалысып жүреді. – “Жол картасы” бағдарлама­сы бойынша не істелінді? –Ақсулықтар “Жол картасы” бағдарламасына риза деп ойлай­мын. Алдағы уақытта тағы да қол­ға алатын басты шаруамыз “Жол картасы” бағдарламасын әрі қарай жалғастыру болып табыла­ды. Бұл бағдарлама әлемдік қаржылық қиыншылық кезеңінде халықты жұмыспен қамтуға, отбасы кірісінің тұрақты болуына, қосымша жұмыс орындарын құруға, дағдарыстан кейінгі тұрақты дамуға жағдай жасауға мүмкіндік берді. Осы мақсатқа инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қала мен ауылда 1225 жаңа жұмыс орны құрылды, 223 адам жаңа кәсіпке оқытылды. Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақ­сатында қаланың кәсіпорындары мен мекемелеріне жастар прак­тикасы бойынша 238 адам жібе­рілді. Жаңа бағдарлама бойынша жұмыс жүргізуге 560,0 миллион теңге бөлінді. Бұл қала мен ауыл өңірін айтарлықтай көріктен­діруге, әлеуметтік нысандарды, жолдарды салу мен жөндеуге, жыл­дар бойы жиналған пробле­ма­ларды шешуге мүмкіндік берді. Атап өтетін болсам, Құркөл ауылында мәдениет үйі іске қосылды, қаламыздағы мәдениет сарайы, №12 балабақша, орталық аурухана, қарттар мен мүгедектер үйі, Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі және К. Шүлембаев атындағы мектептер толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бағдарла­маның аясында бұрын-соңды болмаған жақсы істер қолға алын­ды, атап айтқанда, 100,0 миллион теңге сомаға ұзындығы 6,5 шақы­рым қаланың жылу трассаларына жөндеу жүргізіліп, 140,0 миллион теңгеге су құбыры қайта жаңар­тылды. 130,0 миллион теңгеге 81600 шаршы метр асфальт төселді. – Денсаулық сақтау саласы, спорт, дене шынықтыру қалай дамыған? – Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша қалада жаңа емхана пайдалануға берілді. Бұл халыққа медицина­лық қызмет сапасы жақсарады деген сөз. Шеті мен шегі жоқ ке­зекте тұрып, шаршайтын нау­қас­­тардың саны азайды. Түрлі спорт сайыстарын өткізу бұрын­нан бері қаламызда жақсы дәс­түр­ге айналған. Мысалы, “Қазақстан-2030” Стратегиясына арналған денсаулық фестивалі үлкен ұйым­шылдықпен өткенін атап айтқым келеді. Өткен жылы “Бұлақ” мәдени бағдарламасы аясында Қалқаман ауылында дене­ шы­нық­­тыру-сауықтыру кешені пай­да­­лануға берілді. Бүгінде мұнда түрлі спорт үйірмелері жұмыс істеп келеді. – Алда қаланы қандай мәселелер күтіп тұр деп ойлайсыз? – Биыл қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту жолында біршама игілікті істерді қолға алуды жос­парлап отырмыз. Соның ішінде “Жол картасы” бағдарламасы аясында көшелерді, жолдарды жөндеуді, қалалық мәдениет сарайында және орталықтанды­рылған кітапханада күрделі жөн­деу жұмыстарын өткізу жоспарда бар. “Ауыз су” республикалық бағдарламасы аясында Қалқаман, Пограничник және Үштерек ауыл­дарында су құбырлары күр­делі жөндеуден өтеді. Қала мен ауылдық жерлерді көріктендіру жұмысы жалғасын табатын бо­лады. Сонымен қатар қаланың су құбыры желілерін қайта жаң­ғырту, тұрғын үй қорын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру сияқты мәселелерді шешу алда тұр. Қаладағы мәдениет және демалыс саябағын көріктендіруді, оны қазіргі талапқа сай жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Мұның бар­лығы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында атқарылатын істер болып табылады. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.