12 Наурыз, 2010

ЖАМБЫЛ – КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛАЙЛЫ АЙМАҚ БОЛАДЫ

682 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруы­мен облыс кәсіпкерлерінің аймақ­тық бизнес-форумы өтті. Форум­ның мақсаты – Елбасының биылғы Жолдауы шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға ұйытқы болып, атсалысу. Форумға “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ, тоқыма және жиһаз кәсіпорындары, азық-түлік және сүт өнімдері кәсіпорын­дары, май және шұжық бұйымда­рын өндірумен шұғылданатын кәсіпорындар, құрылыс компа­ниялары және Жамбыл облысын­дағы екінші деңгейлі банк филиал­дарының басшылары қатысты. Форум басталмас бұрын оған шақырылған басшылар мен кә­сіпкерлер жергілікті тауар өндіру­ші­лердің көрмесімен танысып, бизнеске қызмет ететін екінші дең­гейлі банктер мен “Даму” кәсіп­керлікті дамыту қоры филиалдары “мобильді кеңселерінің” қызмет­керлері ұсынған несие түрлерінен мағлұматтар алды. Облыс кәсіпкерлерінің аймақ­тық форумын ашқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларға сәйкес облыс кәсіпкерлерін жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. – Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытудың бірнеше негізгі бағыттары бар. Ол – аймақтағы ин­дустриялық-инновациялық даму­ды үдемелеу, әкімшілік кедергілерді азайту, отандық және шетелдік инвесторлармен өзара тиімді және қолайлы ұсыныс жолдарымен ин­вестициялық игілікті ахуал жасау, минералды шикізат ресурстарын және адами капиталды пайдалана отырып, қолда бар мүмкіндіктер не­гізінде облыс экономикасын да­мы­ту бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. Бұл міндеттерді орындау жергілікті билік пен биз­нес бірлесіп күш топтастырған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сондықтан біз әрқашанда бизнес­пен іскер байланыс жасауға дайынбыз және олардың облыс экономикасын көтеруге ыңғайлы кез келген бастамасын қолдаймыз, – деді облыс әкімі. “Самұрық-Қазына” қорының делегациясы, атап айтсақ, қордағы отандық кәсіпкерлікті қолдаумен айналысатын даму институттары мен компаниялардың өкілдері фо­рум кезінде кәсіпкерлікті қолдау-дағы қор тобы ұсынып отырған мүмкіндіктермен таныстырды. Кәсіпкерлікті қолдаудың ерекше­ліктерін түсіндірді. “Самұрық-Қазына” қорына енетін “Қазақстан Даму банкі” АҚ орташа мерзімді және ұзақ мерзімді несиелеу бойынша қосым­ша қаржыландыру құралы ретінде 5 млн. АҚШ долларынан бастап несие берсе, ал агроөнеркәсіптік саладағы жобалар үшін 20 млн. АҚШ долларынан бастап несие бере алады екен. Экспорттық опе­рацияларды қосымша қаржылан­дыру, яғни несиелеу 1 млн. АҚШ долларынан басталады. Қазір ҚДБ-ның қатысуымен 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияға қазақстандық компаниялардың 62 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жамбыл облысында 3 жоба, яғни өндірістік көлемі 400 мың тон­на цемент зауытының құры­лысы, Тараз қаласында жылына 120 мың тонна металлопрокат (ар­матура, швеллер, т.б) шығаратын зауыт және жылына қуаттылығы 123 мың тонналық өнім шығаруға жететін Тараз металлургиялық зауытының ферроқорытпа өндірісін кеңейту және модернизациялау жобасы іске асырылуда. ҚДБ бұған дейін Жамбыл облысында “KEGOC” АҚ-тың Солтүстік-Оң­түстік транзитінің 500 кВ. электр тарату жүйесінің екінші бөлігінің құрылысын салу бойынша жоба­сын жүзеге асырған. Форум барысында ҚДБ-ның еншілес компаниясы “БРК-ли­зинг” АҚ орта мерзімді және ұзақ мерзімді лизингтік операцияларды 1 млн. АҚШ долларынан бастап қар­жыландыра алатыны да ай­тылды. Ал “Қазақстанның Инвести­ция­­лық қоры” жарғылық капитал арқылы жобаларды қаржылан­дырған кезде үлескер ретінде қаты­суы мүмкін, сондай-ақ жарғылық капиталына қордың қатысы бар ком­панияларға несие береді. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ екінші дәрежелі банктер арқы­лы (шарт бойынша қаржы салу) орта және шағын бизнес субъек­тілерін несиелеу, микроне­сиелеу, орта және шағын бизнес субъек­­тілерін ақпараттық-консультатив­тік түрде қолдауға дайын. Несие­леу мерзімі 7 жылға, ал несие сомасы әр қарыз алушыға 750 млн. теңгеге дейін. Жамбыл облысында “Даму” бағдарламасының негізінде 8,9 млрд. теңге көлемінде 316 азамат несие алып, соның арқасында 379 жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ, бұрынғы істеп тұрған жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкіндігі туғызылған. Несиенің орташа сомасы 26,6 млн. теңге. “Kazyna Capіtal Management” АҚ бірлескен қорлар құру, оның ішінде тіке инвестиция қорлары, инфра­құрылымдық қорлар, портфельді инвестициялық қорлар (бірнеше активтерді қосып, портфель жасау), венчурлық қорлар, бірлескен қорлар арқылы жобаларды қаржыландыруға көмектесе алады. “Экспорттық несие мен инвес­тицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компа­ния­сы” АҚ шикізаттық емес сала­дағы тауар, жұмыс, қызмет түрлерін сақтандыру, шетелдегі инвести­ция­ларды сақтандыру, қайтадан сақтандырумен айналысады. Облыс әкімі бүгінде аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол форумда жа­қын­да ғана құрылған “Тараз Ин­вест Консалт” ЖШС-ні билік пен кәсіпкерлердің арасындағы көпір деп бағалады. Өйткені, облыс бас­шысы аймақты аралау бары­сында кәсіпкерлерге кеңес беру ша­руа­сының ақсап жатқанын байқаған. Қанат Бозымбаев облыс кәсіп­керлерінің бизнес-форумын қоры­тындылай келіп, тиісті тараптарға облыс әкімдігі жанынан кәсіпкер­лер кеңесін құруды тапсырды. Оның құрамына алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерді қосуды жүктеді. Оның мақсаты – жеке кәсіп­кер­лікті дамыту және мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға көмектесу. Сондай-ақ, аймақтық форумда өзара үйлесімді әрекет жасау мақ­сатында Жамбыл облысы әкімдігі мен “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы Жамбыл филиалымен меморандум жасады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.