
Сондай ұстаздардың бірі Климен Балабекұлы, сонау КСРО кезінен бастап, кейін еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында елорданың білім беру саласына елеулі үлесін қосқан, 40 жыл бойы бір мектепте саналы ғұмырын сарп етіп, ұрпаққа сапалы білім беру саласында аянбай еңбек еткен үлкен жүректі, ізгі ниетті жан. Осыған байланысты қолыма қалам алып, осындай ұлағатты ұстаздың болғаны жайлы өсіп келе жатқан ұрпаққа бір-екі ауыз сөз жазуды жөн көрдім.
Отбасында жалғыз тәрбиеленіп, ата-анасын қадірлеген және соңғы сәттеріне дейін балалық парызын өтеп, баталарын алған бұл азамат Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтын химия, биология және ауыл шаруашылығы негіздері мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын бұрынғы Целиноград, Ақмола, бүгінгі Астанадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №26 мектепте (бұрынғы М.Ғабдуллин атындағы №62 қазақ орта мектебі) бастап, осы білім ордасында 40 жыл табан аудармай еңбек етті.
1960-2000 жылдары мектепте қатардағы мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мектептің директоры болып қызмет атқарды. Әр оқушыға ерекше көңіл бөліп, бар күшін терең білім беруге бағыттады. Қазіргі кезде шәкірттері Парламент депутаты, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, медицина сынды қоғамның сан түрлі саласында еңбек етуде.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де аттан түспеді. Астананың іргетасын бекітуге өзінің аз да болсын үлесін қосуға тырысты. Әсіресе жас буын болашақ спортшыларды тәрбиелеуге ат салысты. Ел спортына еңбегі сіңген талай даңқты спортшыларды тәрбиелеп шығарған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Елдің түкпір-түкпірінен жиналған қызуқанды спортшы балаларға ақылын айтып, әкесіндей тәрбиесін берді. Тәрбие ісін қолға алып, ақыл-парасатымен, адалдығымен, ұстаздық өнегесімен республикалық мектеп-интернаттың сыйлы азаматтарының біріне айналды. Климен Балабекұлынан тәлім алған жүздеген спортшы бала Олимпиада ойындарына, Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғап, жаңа Астанамыздың атын қазіргі уақытқа дейін әлемге танытып жүр. Ұстаздарының айтқан ақыл-кеңесі мен берген тәрбиесі олардың өмір жолына пайдасын тигізгені анық. Өйткені адам қандай дарынды болмасын, бұл өмірде көп дүние алған тәрбиеге байланысты.
Өмірлік серігі Сәуле Исақызы да жолдасымен бірге бір мектепте қырық жыл ұстаздық етті. Елге үлгі болған ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп өсірді. Балалары да ата-анасының жолын қуып, өмірде өз жолдарын таба білді. Төрт баладан 11 немере, 6 шөбере сүйіп бәйтеректей үлкен әулетке айналды.
«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады» деген Елбасының дана сөзі бар. Себебі әр мемлекеттің ең басты байлығы адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын мектеп. Сол себепті де Климен Балабекұлының Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайтын білікті, білімді жас маман дайындау жолында сіңірген еңбегі үшін алғысымыз шексіз. Осындай жандар еліміздің болашағына жарқын жол салып, келесі ұрпаққа өнеге болатынына кәміл сенемін.
Климен Балабекұлының бейнесі тағылымын көрген шәкірттерінің, кісілігін көрген әріптестерінің, көмегін көрген ағайын-туысқаны мен дос-жаранының мәңгі жадында болмақ.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты