
Іс-шара барысында Ата заңның елдің саяси жаңғыруындағы және демократиялық институттарды нығайтудағы маңызы талқыланды. Әсіресе 2022 жылғы конституциялық реформаға ерекше назар аударылды. Оның нәтижесінде Конституцияның үштен бірі жаңартылып, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілді, Конституциялық Сот құрылды, сондай-ақ Президент өкілеттігі бір мерзіммен шектелді. Бұл өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің және саяси жүйенің дамуының маңызды белесі болды.
Шара барысында ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ағымдағы жылдың 11 шілдесі мен 12 тамызы аралығында халық арасында жүргізілген жаппай сауалнама нәтижелерін жария етті. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты. Іріктеу көлемі 8000 респондентті құрайды.
Әлеуметтанулық сауалнамаға сәйкес респонденттердің 76,3 пайызы еліміздің Конституциясының мазмұнымен және негізгі ережелерімен таныс. Жас ерекшелігіне қарай жастар Конституцияның мазмұнынан көбірек хабардар екенін айта кеткен жөн. Осылайша, 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 79,1%-ы Конституцияны жақсы біледі/оқыды немесе жалпы түсінікке ие. Одан кейінгі топтарда көрсеткіш келесідей: 30-45 жас (77,5%) және 46-60 жас (74,9%). 61 жастан жоғары (72,5%) егде жас тобында көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен.
Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың саяси өзгерістер мен реформаларды жіті бақылайтынын көрсетті. Азаматтар оларды заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадамдар ретінде қабылдайды. 2022 жылғы конституциялық өзгерістер қоғам үшін маңызды болды, бұл азаматтардың осы реформалардың негізгі нәтижелері туралы хабардар болуының жоғары деңгейімен расталады. Осылайша, ұсынылған 15 бастаманың ішінде қазақстандықтар үшін ең маңызды үштікке мыналар кірді:
1. Президенттік өкілеттікті бір реттік 7 жылға өзгерту – 34,7%.
2. Жер, оның қойнауы және басқа да табиғи ресурстар халықтың айрықша меншiгi деген норманың бекітілуі – 27,8%.
3. Конституциялық сотты құру – 23,9%.
Респонденттер келесідей нормаларды да еске алды:
— Мәжілістің санын 98 депутатқа дейін қысқарту (14,6%),
— өлім жазасын толығымен алып тастау (13,4%),
— Президентке, Конституциялық Соттың төрағалары мен мүшелеріне, Орталық сайлау комиссиясына, Жоғарғы есеп палатасына саяси партияларға мүшелікке шектеулер енгізу (13%);
— Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3%),
— Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мен мәртебесін күшейту (9,7%)
— партиялық тізімдерге және мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30% квота енгізу (9,5%).
Осы бастамаларды іс жүзінде іске асыру тұрғысында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атап өткен жөн, оған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударылады. Бұл ұлттық бағдарлама «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сәйкес табиғи ресурстардан түсетін табысты қайта бөлу арқылы өскелең ұрпақтың тұрақты болашағын нығайтуға және қамтамасыз етуге арналған.
Жалпы, зерттеу нәтижелері азаматтардың жоғары хабардар болуын да, 2022 жылғы конституциялық өзгерістерді қоғамның мақұлдағанын көрсетеді.
Үш жылдан кейін азаматтар конституциялық реформалардың маңыздылығын және олардың күнделікті өміріндегі оң әсерін атап өтеді. Соның нәтижесінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар қазақстандықтардың көпшілігі үшін жоғары құндылыққа ие. Жүзеге асырылып жатқан реформалар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының тиімділігін көрсете отырып, халықтың бүгінгі сұранысына жауап береді.
Қатысушылар реформалардың табысты жүзеге асуы қоғамның кең қолдауы мен олардың мәнін дұрыс түсінусіз мүмкін еместігін атап өтті. Осы орайда құқықтық мәдениетті қалыптастыру және Конституцияны мемлекеттік құрылымның негізі әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде кеңінен насихаттау басты басымдық ретінде белгіленді.
КИСИ GPS жұмысына ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Айнұр Идрисова, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен және басқа да сарапшылар қатысты.
Отырыста Конституцияның рөлін нығайту, оның қағидаттарын талқылауға азаматтардың қатысуын кеңейту және бұл құндылықтарды күнделікті өмірге сіңіру – елдегі демократияны орнықты дамытудың басты шарттары екені атап өтілді.