19 Қыркүйек, 2017

Рухани айналымға түспеген фильмдер

546 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кино туралы сөз қозғалса, жұрттың назары әсіресе тарихи-биографиялық, комедиялық фильмдерге көбірек ауатыны белгілі. Қоғамдық пікір негізінен осы екеуінің айналасында өрбіп жатады. Қазіргі біздің жағдайы­мыз да дәл осындай. Оның себебі түсі­нік­ті ғой.

 

Рухани айналымға түспеген фильмдер

Ең алдымен, көпшілікке жақ­сы таныс тарихи кейіпкерлер мен оқиғалар – өзінің өткені мен бүгі­ніне бей-жай қарай алмайтын көре­рмен үшін өте маңызды. Ал енді алдын ала жарнамасы жақсы жүре­тін коме­диялық (коммерциялық) фильм­дер ылғи болмаса да экранға шық­қан алғашқы айда (немесе күн­дері) жұрттың назарында болаты­ны белгі­лі. Әрине, көпшіліктің қызы­ғу­шылы­ғын оятқан фильмдер міндетті түрде еліміз­дегі бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның негізгі тақырыбы болары сөзсіз.

Осы тұста қоғам назарынан тыс қалып жүрген тағы бір фильмдер бар екенін айтуымыз керек. Ол – көлемі жағынан 10-50 минуттан (көбіне 10-30 минуттық) аспайтын қысқа метражды фильмдер. Өкінішке қарай, бұл фильмдерді фес­тивальдерде ғана көруге болады (онда да бағы жанып, бағдарламаға еніп жатса). Әрі кетсе, мамандардың, студенттер­дің арасында бір-екі көрсетілімі болуы мүмкін. Ал көпшілік бұл дүниеде ондай фильмнің бар екенін негізінен қысқа берілетін ақпараттардан ғана біліп жатады (онда да бір кинобайқауларда жүлде алса немесе тұсаукесері өткенде). Бұл тұста көрерменді кінәлаудан аулақпыз. Себебі ол фильмдерді көруге мүмкіндік әрдайым бола бермейді (кинотеатрлардан, телеарналардан көрсетілмесе, оларды біліп-тануға мүмкіндік қайдан болсын). Арнайы көре қояйық деп, шетелді айтпағанда, Астана мен Алматыда өтетін кинофестивальдерге алыстағы өңірлерден ат шаптырып келіп, тамашалап жатпайтыны тағы белгілі. Ащы болса да айтайық, қысқаметражды фильмдерге, тіпті киносыншылар тара­пынан да жеткілікті назар аударыла бермей­ді (мақалалар жазу, дипломдық жұмыс­тар қорғау т.б.). Бұдан түйетін ой: өкініш­ке қарай, отандық қысқаметражды фильм­дер әзірге рухани айналымға түспей отыр.

Бір қуантатыны, соңғы жылдары тек қысқа метражды фильмдер ғана бай­қауға түсетін «Байқоңыр», «Сарыарқа» фестивальдері өткізіліп жүр. Оның ал­дында бес жыл қатарынан «Дидар» (2006-2010), «Жаңа көзқарас» (1999-2001) атты студенттік және дебюттік фильмдер кино­­фестивальдері өткен болатын. Қазір «Еуразия» кинофестивалінің негізгі кон­курсымен қатар, қысқа метражды фильмдердің бағдарламасы да көрсетіліп жүр. Дегенмен халықаралық болған соң, елімізде түсірілген қысқа метражды фильмдердің басым көпшілігі ол фести­вальде көрсетіле бермейді. Ең көп деген­де, бағдарламаға 3-4 фильм ғана енуі мүмкін. «Бастау» халықаралық кино­фестиваліндегі отандық қысқа ­мет­раж­­ды фильмдердің жағдайы да дәл осын­дай. Олай болса, бүгінгі таңда қыс­қа­метражды фильмдер басымырақ көр­сетілетін негізгі алаң – республикалық деңгейдегі фестивальдер болып отыр және олар еліміздегі қысқа метражды фильмдер өндірісінің дүмпуі айрықша екенін сездіртсе керек. Әрине, сан бар жерде сапа да болады. Сондықтан олардың арасынан қызықты кейіпкерлері бар, тіпті «үлкен кинода» кездесе бермейтін тақырыптарды арқау еткен талантты шығармалар да кездеседі. Көптеген студенттік жұмыс­тар­ды айтпағанда, соңғы екі-үш жыл­да «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігінде түсіріл­ген фильмдер осының айғағы болса керек.

Жалпы, қысқа метражды фильм дегеніміз суреткердің шығармашылық әлеуетін, қолтаңбасын аңғартатын ең бір маңызды сәт қой. Өйткені бір жарым-екі сағаттық фильмнің негізіне салынған ойды мүмкіндігінше аз ғана уақыттың ішінде айтып үлгеруің керек. Ал ықшамдылық түрлі кинематографиялық тәсілдерге жүгінуге, ойды жеткізуде мүмкіндігінше кино тілімен «сөйлеуге» мәжбүрлейді. Тіпті, ондай фильмді режиссердің (сценаристің, оператордың, суретшінің т.б.) шығармашылық куәлігі деуге болады. Әлем кинематографистерінің барлығы дерлік кинодағы жолын дәл осы шағын фильмнен бастауы тегін емес. Сол фильмде кейінгі фильмдерінің алғашқы (тіпті, негізгі) дәні себіледі. Мысалы, қазақ авторлық киносының белгілі өкілдерінің бірі Дәрежан Өмірбаевтың кинематографиялық қолтаңбасын түсіну үшін оның алғашқы «Шілде» (1988) атты 28 минуттық фильмін айналып өту мүмкін емес екенін мамандар жақсы біледі. Сатыбалды Нарымбетов, Серік Апрымов, жалпы кез келген режиссердің шығармашылық жолы туралы дәл осылай деуге болады. Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Бірақ қысқа метражды фильмдерді жеке суреткердің кинема­тогра­фиялық ғұмырының қайнар көзі ретінде ғана емес, ұлттық киномыз­дың дербес бір түрі, тармағы ретінде аса назар аударудың уақыты жеткен секілді. Сондықтан отандық қысқа метражды фильмдердің ғұмыры тек фестиваль­дермен ғана шектеліп қалмай, олардың рухани айналымға түсу жолдарын да қарастырудың қажеттілігі туындап отыр.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024