Медицина • 21 Маусым, 2017

Елдіктің ең басты қағидасы – тәртіп

379 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Сонау 1992 жылы 23 маусымда «Ішкі істер органдары туралы» алғашқы Заң қабылданған болатын. Сондықтан бұл күн тәуелсіз еліміздің ішкі істер органдарының қалыптасқан күні болып саналады. Осы ширек ғасырда еліміздегі ең ірі құқық қорғау саласы бірнеше даму белесінен өтіп, Қазақстан полициясының жаңа келбетін қалыптастырды. Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет ҚАСЫМОВПЕН арнайы сұхбат құрған кезде оң өзгерістерге серпін берген реформалар мен ірі өзгерістер нәтижелері, саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында ауқымды әңгіме өрбіген еді.

Елдіктің ең басты қағидасы – тәртіп

– Құрметті Қалмұханбет Нұр­мұханбетұлы, Тәуел­сіз­дікке қол жеткізген уақыт­тан бастап ішкі істер сала­сында көптеген өзгеріс жүзе­ге асырылып, бірнеше ірі ре­фор­ма қабылданғаны бел­гілі. Осы жаңа бастамалар мен бағыттар жүйені өз­деріңіз көздеген межеге көтере алды ма?
– Ішкі істер министрлігі саны жағынан да, атқаратын міндеттері тұрғысынан да елі­міздегі ең ірі құқық қор­ғау органы екені белгілі. Тәуел­сіздікке жаңа қадам бас­қан елімізде ішкі тәртіп­ті нығайту, халықтың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету ең басты міндеттерге айналды. Өйткені, сол уақытта жас мем­лекеттің шаңырағын шай­қал­тып, тір­лігін тоздыру­ды көздеген топтар белсенді жұ­мыс жасаған еді. Олар ха­лық­тың берекесін алып, түр­лі айла-шарғылар ұйым­дас­тырып, елдің бірлі­гін әлсі­ретуге, іштегі тәртіпсіз­дікті өршітуге тырысты. Сон­дықтан ішкі істер саласы жаңа мемлекеттің ішкі тәртібін нығайту, халық­тың тыныштығын сақтау, қыл­мысқа дер кезінде тосқауыл қою сияқты басты міндеттерді ешқандай кедергісіз орындау үшін біқатар артық қыз­мет­терден арылуы тиіс бол­ды. Соған байланысты 90-шы жылдардың басында құқық­тық статистика мен ар­найы есепті жүргізу мін­деті Бас прокуратураға, сараптама жүргізу өкілеттігі Әді­лет министрлігіне, өрт қауіп­сіз­дігін сақтау өз алдына бөлек құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Осын­дай өзгерістердің нәтиже­сін­де ішкі істер саласы жаңа заман­ға лайық жетіле түс­ті. Елбасы­ның көрсеткен бағы­ты, сара жолы нақ­ты тәжі­рибеде барлық салада да өзі­нің өміршеңдігін, көре­ген­ді­лік­пен таңдалған саяси ұста­ным екенін дәлелдеп шықты. 
Бұдан соң Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған Құқықтық саясат конвенциясын жүзеге асыру аясында Ішкі істер министрлігі жүйесін артық қызметтерден арылту ісі қайта жалғасқан еді. Соның нәтижесінде медициналық айықтырғыштар денсаулық сақтау органдарының, ал жасөспірімдерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары білім беру жүйесінің құзырына өтті. Күзет саласы бойынша біздің министрлікте тек аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету міндеті қалды. Басқалары бәсе­келестік ор­таға берілген болатын. Мұ­ның ішінде міндетті техни­калық байқаудан өткізу де бар. Бірден айту керек, ішкі істер сала­сындағы осындай өзгерістер іс жүзінде өзін ақтады. Бұл өте дұрыс жасалған қадам болғанын уа­қыт­тың өзі көрсетті. 
Негізгі міндеттер сәтімен орын­­­­далғаннан кейін қылмыс­тық ат­қару жүйесі, төтенше жағдайлар және тағы басқа қызметтер ішкі істер органдарына қайтарылды. Осын­дай қадамдар саланың қыз­мет ауқы­мын кеңейтіп, елдегі ең үлкен құқық­­тық құрылым ре­тінде нығая түсуімізге сеп­тес­ті. Көп салалы органға айналдық.
– Өзіңіз айтып өткендей, ішкі істер саласы – бүгінде көп салалы құзырлы орган. Құқық қорғауға қатыс­ты міндеттерден бөлек, ха­лыққа мемлекеттік қыз­меттер көрсетуді де жүзеге асы­расыздар. Бұл  сіз басқа­ратын министрлікке артық жүктеме емес пе?
– Сұраққа жауап бермес үшін бірқатар қызметтің ішкі іс­тер органдарына қайтарылу себебін түсіндіре кетсем дей­мін. Мәселен, Әділет ми­нистр­лігінде он жылдан аса уақыт болған қылмыстық ат­­қару жүйесін кері қай­тару – жедел жағдайды сауық­тыру бойынша тез шара қолдану қажеттілігіне және түзеу мекемелеріндегі соттал­ған­дарды ұстау жүйесі мен тәртібін ретке келтіруге бай­ланысты жүргізілді. Біз осы міндеттерді абыроймен орын­дап, қысқа уақыт ішінде сала­дағы салғырттықты жөнге кел­­тірдік. Яғни, мұндай мін­­­дет­­терді атқаруға біздің әлеуе­­ті­­міз толық жеткілікті еке­­ні іс жүзінде көрінді. 
Сондай-ақ, әділет органдары­нан тұрғындарды құжат­тан­дыру және тіркеу міндеті де біздің ми­нистр­­лікке осындай себептермен қай­тарылған болатын. Бүгінде біз 39 түрлі мемлекеттік қызмет көр­­се­­те­міз. Жаңа айтып өткен­дей, аза­­мат­­тарға жеке куә­лік, төл­­құ­­жат ресімдеу мен тір­кеуден бө­лек, мекен­жай анық­тамасын беру, аза­мат­­тық қаруларды тіркеу сияқ­­ты көптеген мемлекеттік қыз­мет­­тер көрсетіледі. Ұсынылатын осын­­дай қызметтерге қолже­тілім­­дік­ті жақ­сарту үшін бір­қатар қыз­мет­тер элек­тронды форматқа көші­ріл­ді. Ола­р­дың бәрін тікелей «элект­рон­ды үкімет» порталынан алуға болады. 
Мемлекеттік қызметтер­дің көп бөлігі ХҚО арқы­лы көрсетіледі. Ал 12 облыс ор­талығында мамандан­ды­рыл­ған халыққа қызмет көр­сету орталықтары жұмыс істей­ді. Мұндай орталықтарда авто­көлік­тер тіркеліп, оларға техни­ка­лық төлқұжаттар беріледі. Көлік жүргізу курстарында оқып шық­қан­­дар емтихан тапсырып, жүр­гізу­ші куәлігін алады. Бола­шақ­та осын­дай ХҚО-ны тағы төрт облыс ор­талығында ашу жоспарланып отыр.
– Қылмыстық атқа­ру жүйесі Ішкі істер министр­лігі құзы­рына берілгеннен кейін кең көлемді пенитен­циарлық реформа жүргі­зіліп келе жатқаны белгілі. Оның бүгінгі нәтижесі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл реформаның негізгі мақ­саты – қылмыстық саясат­ты ізгі­лендіру. Сол арқы­лы түзеу ме­ке­мелеріндегі «түр­­ме тұр­ғын­дары­ның» санын азайту көзделіп отыр. Осы мақсатты жүр­гізілген сая­­сат­тың нәтиже­сінде бүгін­­де түр­медегілер саны 1990-жылдармен салыстырғанда үш есе азайды. Жаңадан қабыл­данған қылмыстық заңнама бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды кеңінен қолдануға мүмкіндік берді. Бұл да түзеу мекемелеріндегі соттал­ғандардың санын азайтуға ықпал еткені анық. Еліміз 2016 жылы «түрме тұрғындары» саны бойынша әлемдік рейтингте 62-ші орынға түсті. 1990-жылдары біз АҚШ пен Ресей Федерациясынан кейін үшінші орында едік. 
Соңғы жылдары ҚАЖ кә­сіп­орындарының өндірістік-шаруа­шылық қызметін жетіл­діру бағы­тында бірқа­тар маңызды шаралар қабыл­данып, сотталғандарға қо­сымша жаңа жұмыс орын­­дары ашылды. Қазіргі қол­да­ныс­тағы заңнама сотталғандарға тіпті жеке кәсіпкерлік қыз­метпен айналысуға да мүм­кіндік береді. Мұның қан­ша­лықты маңызды екені түсі­нікті. Жұмыс істеген немесе кәсіппен айналысқан сот­талған­дар өздерінің отбасына көмектесіп, бостандыққа шық­қан­ша өзіне қажетті қаржы жинау мүмкіндігіне де ие болады. 
Сотталғандар қоныс-коло­ния­лар ішінде 35 түрлі маман­дық бо­йынша кәсіптік білім алады. Соның нәтижесінде олар бостандыққа шыққанда қоғамға тез бейімделеді, өзінің оқыған мамандығы бойынша жұмыс тауып, толыққанды азамат ретінде қалыптасуына мүмкіндігі мол. Шартты түрде сотталған­дар­ды, сондай-ақ бостандығы шек­телген­дерді, мерзімінен шартты түрде босағандарды қадағалап, бақылау міндетін атқаратын пробация қызметі де даму үстінде. Жергілікті атқарушы органдармен бірге, олардың жұмысқа тұруына, емделіп, білім алуына, белгілі бір кәсіп­ті меңгеруіне және құқықтық жәрдем алуына септесеміз. 
– Төтенше жағдайлар жөнін­дегі министрліктің міндет­тері мен өкілеттері ІІМ-ге берілгелі де үш жыл өткен екен. Жаңа коми­тет­тің жұмысы қалай жүр­гізілуде?
– Төтенше жағдайлар жөнін­дегі комитет құрамын­да қазір 16 әмбебап құтқару­шылар бөлімшесі бар. Оған жедел құтқару және суда құтқару қызметтері бірік­тіріл­ген. Қазіргі уақытта құт­қару­шылар мен өрт сөн­діру бөлімшелерінің техни­калық жабдықталу деңгейін көтеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағ­дай­лар жөніндегі комитет­тің адамдарды қауіп-қатер­­лер­ден құтқару және қорғау бағы­тында жинақтаған жұмыс тәжі­рибесі мол. Өткен жылдар ішінде құтқарушылар 320 адамды қиын жағдайдан алып шықты. Отыз мыңнан астам зардап шегушіге медици­налық көмек көрсетіп,  жалпы құны 1 миллион теңге бола­тын апаттық-құтқару жұ­мыс­тарын жүргізді. 
Ал өрт сөндірушілер бөлі­мі жылына 1,5 мың адам­ның өміріне араша түсіп, 20 мың­нан астам адамды қауіп­сіз жерлерге көшіреді. Төтен­ше жағдай туындағанда жедел медициналық ден қою жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасуда. Медициналық апат орталығының медицина қызметкерлері мен психологтары Қазақстан мен шетел­дердегі қырық шақты ірі төтенше оқиғаларға қаты­сып, ме­дициналық-санитарлық жағ­­дайды сауықтыруға өз үлестерін қосты, 20 мыңнан ас­там зардап шегушіге білік­­ті медициналық және психо­ло­гиялық жәрдемін тигізді. 
Қауіпті жол учаскелерінде 40 шақты медициналық құт­қару пункттері құрылған бола­тын. Осы пункттердің бри­гадалары жол-көлік оқи­ғаларынан зардап шеккендер­ге медициналық көмек көр­сетеді. Осындай пункт­тер құ­рылғаннан бері 17 мыңнан астам зардап шегушіге тиісті жәрдем жасалған. 
– Еліміздегі қылмыс деңгейін төмендету және қоғам­дық қауіпсіздікті арт­тыру бағытында 2012 жыл­­дан бастап ұсақ бұза­қы­лыққа «мүлдем төз­беу­шілік» сая­са­ты іске асырыла бастады. Сол кезде бірқатар қоғамдық ұйым­дар «қазір уақытша ұстау орын­дарын­да көпшілік жерде ше­міш­ке шағып, көшеде қағаз лақ­тыр­ғандары үшін отырғандар көп» деп байбалам салып еді. Бүгін­де халық ұсақ бұзақылық та жазалануға жататын құ­қық бұзу­шылық екенін жақ­сы түсінген сыңайлы. Халық­тың құқықтық санасын осындай деңгейге көтеру оңайға түспеген шығар? 
– Ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағи­дасы өз бастауын Елбасы­ның «Қазақстан-2050 Стра­те­гиясы – қалыптасқан мем­­лекеттің жаңа саяси бағы­ты» Жолдауынан бастау алады. Осы Жолдауда Елба­сы елі­міздегі қыл­мыстың деңгейін тө­мендету және қоғамдағы қауіп­сіздікті жоғары деңгейде қамта­ма­сыз ету бағытында нақты тапсыр­малар берген болатын. Түсіне біл­ген адамға тапсырманың мәнісі тереңде. Осы орайда қазақ­тың әйгілі батыры Бауыржан Момыш­ұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі еске түседі. 
«Нөлдік төзімділік» қағи­дасы қалыптаспас бұрын бізде қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, кез келген жерге қоқыстарды лақтыра салу, көшедегі ұсақ бұзақылықтар аса бір үлкен заң бұзушылық ретінде қаралған жоқ. Бірақ осындай ұсақ бұзақылықтардың кейін үлкен зардаптарға ұрындыратынына өзіміз талай куә болғанбыз. «Ұсақ-түйектерге» заң жүзінде тыйым болмаған соң жалпы қоғамдық ортаның да мәдениеті төмендеп бара жатқан еді. Болмашы бұзақы­лықтар қалыпты жағдай ретінде қабылданып, етіміз үйрене баста­ған­дықтан, қо­ғам­ның жалпы тәртібі де төмен­деді. Атамыз айтқан сөз рас, елді тәртіпсіздік жай­лаған соң, берекеден, елдік­тен айырылатын едік. Бізде «нөлдік төзімділік» қағидасы Елбасының көрегендігі ар­қа­сында дер кезінде қабыл­данды. 
Әрине, басында өзіңіз айт­қан­дай, елдің тыныштығы бұзыл­ғанын қалайтын кейбір топтар «бүгінде болмашы нәрселерге бола жазаға тартылып жатқандар көп» деп байбалам салды. Алайда, алға жылжыған уақыт мұның бәрі өте дұрыс шешім болғанын дәлелдеді.  
– Полиция қызмет­кер­лері ұсақ бұзақылықтарға, қоғамның тыныштығын бұзатын әрекет­терге дер кезін­де шара қол­дануы арқа­сында, елдегі жалпы қыл­мыстың деңгейі төмен­дегені бай­қалатын секілді көрінеді бізге. 
– Сақшылар тек ұсақ бұ­за­қы­лықтарды анықтап, ша­ра қол­данумен шектелген жоқ, оның алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізді. Халықпен жиі кезде­су­лер өткізіп, ұсақ бұзақы­лық­тардың өзіне заң жүзін­де қан­дай жаза қолданылатынын түсіндірді. Мұндай жұмыс­тарға қоғамның назарын аудару үшін түрлі іс-шаралар өт­кізілді. Жыл сайын республика аумағында «тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағида­сына қатыс­ты акциялар ұйым­дас­тырылды. Қоғам­дық орындарда орнатылған ақ­параттық экрандарда, телеарналарда да осы қағидаға байланысты бейнежазбалар үнемі көрсетіледі. 
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Соның нәти­же­сін­де халықтың құқық­тық сауаты бүгінде бұрынғы­сы­нан әлдеқайда жоғарылады. Қоғамдағы ұсақ құқық бұзу­шы­лыққа тұрғындар­дың өзі төзбейтін дәрежеге жетті. Қазіргі уақытта шетелдерден келген қонақтар жалпы елде тәртіп барын, тұрғындар­дың құқықтық санасы жоғары екенін бірден бай­қайды. Біздегі халықтың қоғам­дық орындарда жүріп-тұру мәдениеті жоғары қа­лып­тас­қанына еріксіз таңда­нып жатады. Осындай жо­ғары мәдениет, бірыңғай тәртіп еліміздің заңын сыйлау, соған сөзсіз мойынсұну нәти­жесінде келді ғой. Сон­дықтан заң талаптарын түсін­діру, құқықтық сауатты одан әрі көтеру бағытындағы жұ­мыстарды тоқтаусыз жүр­гізе беруге тиіспіз. Сонда тәртіп бұрынғысынан да нығая түседі. Ал тәртіп – ел­дік­тің ең басты қағидасы!
– Ішкі істер саласы өткен жылды да ірі өзгерістермен бастап, жергілікті полиция қызметін дамытуды қолға алған еді. Жаңа өзге­ріс полицияның қоғаммен өз­­ара ашық байланысқа түсу сая­­сатын жетіл­діруге септі­гін тигізді ме?
– Тигізгенде қандай! Құ­қық­тық тәртіпті қамтамасыз ету­дің жер­гілікті жердегі жаңа үлгісі сол аумақтағы халықтың бас­ты өкіл­дері мен полиция қызметкер­лері ара­сындағы өзара іс-қимылды бұрынғыдан да жандандыра түсті. Жергілікті полиция қызметінің басшы құрамын әкімдер мен мәслихат депутаттары тағайындайды. Сол себептен Жергілікті полиция қыз­метінің басшылары жылына бір рет халықтың алдында, екі-екі реттен әкімнің және мәслихат депу­таттарының алдында есеп береді. Олардың жұмыс сапасына да жергілікті мәслихат пен халықтың өкіл­дері өздері баға береді. 
Жергілікті жердегі осындай үлкен қауымдастықтар полиция қызметін тікелей қадағалап отырған­дықтан, тәртіп сақшысы жұмы­сының ашықтығы мен тиім­ділігі де артып келеді. Жер­гі­лік­ті полиция қызметіне қоғамдық және жол қауіпсіздігін қам­та­масыз ету, ювеналдық, табиғатты қорғау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметімен қоса, қабыл­дап-тарату және арнайы қабыл­дау бөлімдерінің жұмысы да жүктелген.
Жергілікті полиция қыз­метінің іске кіріскеніне бір жарым жылдай уақыт өтсе де, бүгінде көңіл көн­ші­терліктей нәтижелер бар. Бұл полиция қызметі жергілік­ті маңызды мәселелерге орай жоспар­ла­нып, сол бағытта жұмыс жа­сайтын болғандықтан, ай­мақ­тағы әкімдер де жақсы нәтижеге жетуге мүдделілік таныта бастады. Жергілікті полиция қызметінің материал­дық-техникалық жағдайын жақсартуда белсенділігі артты.
Жалпы полиция қызметі­нің ашық­тығын қамтамасыз ету мәселе­сіне келетін болсақ, ол бізде жақсы жолға қойыл­ған. ІІМ-нің ресми сайты көп жылдан бері халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде таратып келеді. Бұл сайттан учаскелік полиция пункттерінің мекенжайын, қолды болған ұялы телефондар, айдап кеткен автокөліктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін берешек айыппұлдар жөнінде және басқа мәселелерге қатысты ақпаратты дер кезінде білуге болады. Ал «Ішкі істер министрінің блогына» тұр­ғын­дар өздерін мазалаған сұрақ­тарын тікелей қойып, оған тиісті жауаптар мен түсініктемелер алып отырады. 
Бұған қоса, ІІМ БАҚ-қа күн­делікті мониторинг жүр­гізіп, ішкі істер органына қатысты бірде-бір сыни ма­қаланы назардан тыс қал­дырған емес. Әрбір аймақтық ІІД-де сенім телефоны орна­тылған. Келіп түскен хабар­ларға, сыни мақалаларға дер кезінде тиісті тексерулер жүргізіліп, қажетті шаралар қабыл­данады. Заңдылық пен тәр­тіпті бұзған қызметкер­лер қатаң жазаға тартылады. Мұндай факті­лерді біз қоғамнан жасырмаймыз. Айқындық пен ашықтық қана жақсы жұмыс нәтижесіне жеткізеді деп ойлаймын.
– Жалпы, Ішкі істер ми­нистр­­лігі полиция қыз­ме­тінің ашық­ты­ғы­на қан­ша­лықты көңіл бөліп отыр? 
– Осы мақсатта министрлік дең­гейінде ішкі істер органдары қызметі мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес құрылған болатын. Бұл құрылым арнайы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң аясында жұмыс істейді. Оның 12 мүшесі азаматтық қоғам өкілі болса, 5-еуі ІІМ-нің өкілі. Бұған қоса, өңірлердегі ішкі істер департаменттерінде де консультативті-кеңесші органдар құрылған еді. Мұн­дай қоғамдық ұйымдар­дың өкілдігіне қоғам қайраткерлері, елге белгілі адамдар, халықаралық және рес­пуб­ликалық қоғамдық ұйым­дардың өкілдері, құқық қорғау­шылар мен саланың арда­гер­лері тартылды. Осы­ның бәрі өз кезегінде ішкі істер саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың өкілдерімен бір­лесіп белсенді жұмыстар атқаруға мүм­кіндік беріп отыр. 
Халқымызда «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар, әртүрлі салада білім-білігі, ақыл биігімен танылған азаматтармен қоян-қолтық кеңес жүргізе отырып, құқықтық тәр­тіп пен халықтың қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселені терең талқыға саламыз. Өйткені, біздің ең басты міндетіміз – әділеттің ақ жолын сақтап, Ар мен Намыстың туын биік ұстау, халыққа адал қыз­мет ету. Бұл дәстүрлерді бізден бұ­рын­ғы ардагер-ағаларымыз бе­рік сақ­таған, енді оны болашаққа лайық­ты жалғастыру – киелі парызымыз!
– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен Самат МҰСА, 
«Егемен Қазақстан»