ЭКСПО-2017 • 21 Маусым, 2017

Еңбеккерлер пойызы елордаға келді

119 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ERG – Еуразиялық топ құрамындағы кәсіпорындардың мыңдаған қызметкері корпоративтік оқытуға қатысып, Астана ЭКСПО-2017 көрмесін араламақ. «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның 500 қызметкері мінген алғашқы жолаушылар пойы­зы елорда вокзалына келіп жетті. Олар «Қазіргі жағдайда кәсіпорындарды орнықты дамыту жүйесі» тақырыбында дәріс тыңдап, белгілі бизнес-тренерлер – Надежда Зубова мен Ильдар Валиуллиндермен бірге Еуразиялық топ кәсіпорындары жұмысының соңғы жылдардағы нәтижелерін сараптайды. Сонымен қатар, туындаған қатерлер мен түйткілдерді талқылап, келешектегі дамыту бағыттарын сөз етеді. Интерактивті формада жүргізілетін шарада әр қатысушы Еуразиялық топтың келешегін айқындауға қатыса алады.

Еңбеккерлер пойызы  елордаға келді

Қыркүйек айына дейін ERG кәсіпорындарының 6500 қыз­меткері осындай шараға қаты­сып, топ құрамындағы меке­мелердің келешегін айқын­дауға атсалысады. Олардың қатарында өндіріс озаттары, шежірелі еңбек әулеттерінің өкілдері, салаға еңбегі сіңген және тәжірибелі жұмысшылар, еңбек ардагерлері мен жоғары білікті және жас та белсенді мамандар бар. «ERG кәсіпорындарындағы жұмысшы кадрлар құрамы тұрақ­ты толықтырылуы үшін кадр­лық қамтамасыз ету­дің кешен­ді жүйесі жолға қойылған. Ол мектеп түлектерін кәсіби бағдарлаудан бастап, оқу орындарымен маман даярлау ісіндегі әріптестікке ұла­сып, кәсіпорындарда жұмыс­шы мамандар даярлау, кәсіп­орындардағы жас мамандарды бейімдеу жүйесіне дейінгі сатыларды толық қамтиды. Біз бүгін одан әрі ілгерілеп – жеке корпоративтік академия жоба­сын жүзеге асыруға кірістік. Топта соңғы бес жылда, орта есеппен жылына 27 мың адам оқытылып келеді. Бұл компа­ния кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген ұжымның тең жар­ты­сына жуықтайды. Осы уақыт аралығында ERG бұл мақсат­тарға 2,6 млрд теңгеден астам инвестиция құйды», дейді Еуразия­лық топтың кадрлық есеп, оқыту және персоналды дамыту департаментінің директоры Лидия Бендюк.
«Командалық жаз-2017» бағ­дар­ламасы аясындағы шаралар тек оқытумен шектелмей, ЭКСПО-2017 көрмесін аралауды да қамтиды. Өйткені, Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев көр­мені бірінші кезекте еліміз­дің әр түкпірінен келетін отан­дас­тарымыз тамашалауы керек­тігін баса айтқан. «Алдағы үш ай ішінде әріптестерімнің Аста­наға келіп, халықаралық жиын­ның куәсі бола алатыны ерекше қуантады. Олар мұнда әлемдегі озық шешімдермен, тың инновациялармен танысады. Компания қызметкерлерді ісса­пар­ға жіберу, жатын орны мен тамақтануын, көрмедегі өзге де шығындарды мойнына алды. Өйткені, адамдар – біздің басты активіміз. Еуразиялық топ оларды жан-жақты дамуға, еліміздің өміріне белсенді араласуға барын­ша ынталандырады», дейді топтың персонал және әлеу­мет­тік жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Ирина Дәулетбақова.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»