Аймақтар • 21 Маусым, 2017

Руханият жолы адастырмайды

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстікте Елбасының «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен «Ұлттық сананы жаңғырту» тақырыбында өткен жүздесуге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімұлы және Жүсіпбек Қорғасбек жұмыс сапарымен келді.

Руханият жолы адастырмайды

Таңертеңгілік облыс әкі­мінің орынбасары Ұласбек Сәді­бековтің қабылдауында болып, келелі әңгіменің желісін тар­қатқан ақын-жазушылар «Оты­рар» кітапханасында болып, кітап көрмесімен танысты.
Мәжіліс залында оқыр­ман­дармен жаймашуақ көңіл күйде өткен жүздесуді жергілікті жазу­шы Шойбек Орынбай жүргі­зіп, асқақ Алатаудың баурайы­нан келген қонақтарға сөз берді. Рухани кездесуге  об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясының жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің төра­ғалары, зиялы қауым өкілдері, оқу орындарындағы «Достық» клубтарының мүшелері мен кі­тапхана оқырмандары қатысты.
Алдымен сөз сабақтаған қа­ламгер-журналист, Қазақстан Рес­публикасы Президенті сыйлы­ғының лауреаты Мереке Құл­кенов Елбасы мақаласын түсініп, түйсініп оқу үшін халқы­мыздың басынан өткен зұлмат жылдарды еске түсіру қажеттігін атап көрсетті. 1894 жылы пат­шалық Ресейдің жүргізген халық санағы мәліметі бойынша қазақ халқының саны 6 млн 480 мың болған екен. Арадағы бір ғасырдан астам  уақытта қазақтың бар өскені 4 млннан сәл ғана асады. 40-50 млн болып жайқалып отыруға тиісті қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымаған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған бай­ланысты «ұлтымызға адам айт­қысыз демографиялық соққы жасалды, оның жарасы бір ғасырдан бері жазылмай келеді» деді. Дені сау ұрпақ өсіріп, демографиялық ахуал­ды түзетумен қатар, ұлттық құндылықтар жайында сөз еткен жазушы жаулап алған жерлерінен Самарқандқа кітап тасыған, үлкен кітапхана салдырған Әмір Темір көрегеннің өмірінен мысал келтірді. Ізгілікке апаратын жолдың руханиятты жаңғырту екендігін айтты.
Ақын Аманхан Әлімұлы бұл бағдарламалық мақала Ел­ба­сының бұрынғы Жолдауларынан өзіне ыстығырақ екенін жеткізді.  Өйткені, бұған дейін тұралаған экономиканы қалпына келтіру үшін руханиятты кейінге ысырып келдік. «Экономика – өңеш. Өңештен өткеннің бәрі – экономика», деп өткенді бір түйреген ақын Елбасы мақаласындағы «Сапаның ашықтығы» бөліміне айрықша тоқталды. Елбасының «егер қазақстандықтар жер жү­зіне үйден шықпай, терезеден телміріп баға беретін болса, әлемде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды» деген сөзін мысалға келтірген Аманхан ақын қазақтың өз қазанында ғана қайнауы ешқандай жақсылық әкелмейтіндігін қадап айтты. Әйгілі «Жібек жолы» сауда керуені әлеммен байланыс көзі болды. Сол сияқты әлем әдебиеті, мәдениет, өркениет игіліктерінен сыртқары қалуға болмайды.
«Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов 1960 жылдары «Жыл келгенде жаңалық сезілер» деген мақала жазғанда ұлтымызға үлкен сілкініс туғызды. Елбасының бұл мақаласында да сондай сілкініс, риясыз сезім байқалады», деді, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов өз ойын осылай жұптаған ол мақаланың жүгін астананы Алатаудың ете­гінен Сарыарқаның төріне көшір­ген тарихи оқиғаның мәніне теңеді.
Бірқатар жақсы пайымдау­ларымен бөліскен ақын қазақ­ты етектен тартқан ескі сарқын­шақ­тардан ең алдымен оңтүстіктің тазаруы керектігін сөз етті. Ақынның ойынша, оңтүстік − қазақ ұлтының ұйытқысы, қазақ ордасы. Игіліктер осы жерден басталуы заңды.
Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те әріптестерінің руханият жө­ніндегі ойларын жалғады, келелі ұсыныстар айтты.
Оқырмандармен ойлы кез­десуді Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясы төра­ғасының орынбасары Мұратəлі Қалмұрадов қорытты.
Түстен кейін жазушы Мере­ке Құл­кенов Қырғыз Респуб­лика­сына жол тартты. Қалған қалам­гер­лер «Қазақстан-Шым­кент» теле­ар­насының «Ортақ шаңырақ» теле­бағ­дар­ламасына қатысқаннан кейін облыс­тық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығына, облыстық тари­хи-өлке­тану мұражайына барып, атал­ған мекемелердің  жұмыс­тары­мен танысты. Көрнекті ақын То­қаш Бердияровтың туған інісін­дей болып, тәрбиесін алған ақын­дар Есенғали Раушанов пен Аман­хан Әлім­ұлы, содан кейін сыр­лы Созаққа жол­ға шықты. 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар