Қазақстан • 21 Маусым, 2017

Біртұтас ұлт мұраты

781 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде бірлік пен келісімнің киелі бесігіне, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына айналды. Татулықты ту еткен халқымызды бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мақсаттарымызға жол бастады. Өз тарихында Ассамблея консультативті-кеңесші органнан құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Ел Президентінің басшылығымен мемлекет өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, ел мүддесі үшін келелі шешімдер қабылдайтын «бірлік күшіне» айналды. Өзінің құрылған кезеңінен бастап, ел мұратына жетелейтін жалпыұлттық құжаттарды өмірге әкелетін «халықтық парламент» рөлін атқарып келеді.

Біртұтас ұлт мұраты

Облысымызда этносаралық қарым-қатынасты нығайту жұмыстары 1992 жылдан бас­тау алды. Сол жылдары облыс­та 9 – грек, өзбек, түрік, чешен-ингуш, корей, ұйғыр, неміс, украин және орыс этномәдени бір­лестіктерінің өкілдіктері жұмыс ат­қарса, бүгінгі таңда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңы­рағының астына 26 этно­мәдени бірлестіктер бірікті. Этномәдени бірлестік ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмей, қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстардың да қозғаушы күшіне айналды. Аналар кеңесі, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңестері, «Ақжелкендіктер» қоғамымызға пайдалы істердің басынан табылып жүр. 
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық Ассамблеясының ал­ғашқы Достық үйін ҚХА-ның 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашқан болатын. Достық үйі – облыстағы этнос өкілдерін бір отбасына біріктірген киелі шаңырақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында жаңа Достық үйі пайдалануға берілді. Сәулетіне дәулеті сай ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 
1 млрд 277 млн теңге жұмсалып, бүгінде ел игілігіне айналды. 
Сондай-ақ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – қоғамның санасын өзгерту арқылы рухани бай, бәсекеге қабілетті ұлт­ты қалыптастыруда ұйымға «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» ұранымен өткен ҚХА-ның ХХV сессиясында тағы да үлкен үміт артылып, тың міндеттер жүктелді. 
Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зиденті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияда қазіргі таңда жүйелі жаңғыру бүкіл ел жұмыстарының басты қазығына айналғанын айта келіп, бір-біріне сабақтас үш жаңғыруды – экономикалық, саяси, рухани жаңғыруға ел болып батыл кірісіп кеткенін атап өтті. 
Экономикалық, саяси жаң­ғы­румен қатар, қазіргі жаһандану үдерісі өте күшті және жедел өтіп жатқан дәуірде рухани жаңғырудың да Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор. Осы кезге дейін тарихтың тар кезеңінде «мың өліп, мың тіріл­ген» рухы мықты қазақ халқы бүгінгі таңда қайтсе өзінің дербестігін, ұлттық келбе­тін сақтай алады деген ұлттық, елдік мәселенің басты сұрақта­рына Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық, терең мазмұнды мақаласында жауап берген.
Ассамблея сессиясының жұ­мы­сында Елбасының мем­ле­кеттің басты капиталы адам­ның, тұтас халықтың рухани жаңғыруына, оның маңызы мен атқарылатын жұмыстардың ауқымына жан-жақты тоқталуы тегін емес. Өйткені Ұлы Дала елі түрлі тарихи кезеңдерде өктем биліктен қиянат көріп, ата мекенінен еріксіз қоныс аударып, қазақ даласына орныққан, сөйтіп бүгінде қазақ халқымен тағдыр біріктіріп, бауырласып кеткен көптеген этнос өкілдерімен қатар өмір кешуде. Бұл жөнінде Елбасы Тәуелсіздік туралы толғана айтқан сөздерінің бірінде «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» деп атап көрсеткен еді. Сол себепті де Рухани жаңғыру мәсе­лелері, атқарылар жұмыстары бәрімізге ортақ. Бұған Ассамблея сессиясының жұмысында баса назар аударылды. 
Қазақстан Республикасының рухани тұрғыдан жаңғырған азаматы қандай болуы керек? Елбасы Ассамблея мүшелері алдында мұны тарата баяндады. «Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қа­жет­тігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жа­сампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрі реалист. Үшіншіден, ұлт­тық бірегейлікті нығайтып, ұлты­ның дамуын тежейтін бар­лық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білім­нің салтанат құруын ең маңыз­ды іс санайтын, жаһандық білім­нің шыңына шыққан жан. Бесін­шіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркен­деуіне мүмкіндік беретінін жақ­сы түсінетін саналы азамат. Ал­тыншыдан, ол – түрлі тіл­дерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Бұл – бүгінгі заманғы уа­қыт талабы. Елбасы айтқан қа­зіргі заман адамына қажетті қасиеттердің қай-қайсы да өте маңызды. Мұндағы ең бас­ты мәселенің бірі – халықтың ұлттық кодын сақтау жайы. Тіл, діл, дәстүр-салт, ұлттық мі­нез, өзімізге ғана тән халықтық қа­сиет-құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап дамыту – бұл анық бағытты, айқын жос­парды талап ететін ұзақ мер­зімді ауқымды жұмыстар.
Елбасы бұл ретте атқарылуға тиіс­ті нақты жұмыс бағыттарын да айқындап берді. Егемен елі­міздің шаңырағы беки түсу үшін Ұлы Дала елінде тағдыр қос­қан этнос өкілдерінің ынты­мақ-бірлігі, сонымен қатар, Қазақ­станға деген сүйіспеншілігі мен оның алдындағы жауапты азаматтық сезімінің, мақтаны­шының жоғары болуы аса қымбат. Сондықтан да азаматтық бірегейлік пен біртұтас ұлт мәсе­лесі де сол тілектің, ниеттің бір­лігінен, тазалығынан туындап жататын табиғи процесс болуы тиіс. Мұны біз қазірдің өзінде жақсы сезініп жүрміз. 
Қазақ жерінде бақытын еңбектен тауып, елдің ырыс-несібесін арттырып, ұлттық тұтас­тықтың жарқын үлгісі бо­лып жүрген адамдар қан­шама! Мұндай жандар шаруа­шылықтың, биліктің барлық саласында да бар. Олар ағынан жарылып, Қазақстанды өз Отаны санайды, қиын-қыстау уақытта пана болған қазақ халқына ризашылық сезімін еш жасырмайды. Міне, осындай таза ниет пен тілектен қазақстандық ұлттық бірегейлік туындайды. Мұны әрбір этнос өкілі жақсы түсінеді. Бүгінде мемлекет тарапынан олардың жан-жақты өркендеуіне барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан елімізге мақтаныш болатын, үлгі тұтатын өзге этнос өкілдерінің де болуы заңдылық болып саналады.
Сол себепті рухани жаңғыру бағыттарын жүзеге асыруда Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкіл­дері біртұтас болып бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғара жұмыла кірісу қажет­ті­гіне Елбасы баса назар аударды.
Тарихы тереңге тамыр тарт­қан Жамбыл облысы – бүгінде ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдері бірлесе өмір кешіп, бақытын еңбектен тауып жатқан құт дарыған өлке. Оның әрбір тау-тасының, өзен-суының, сай-жырасының сырын ішіне бүккен тарихын білу, зерттеу мен зерделеу, сөйтіп кейінгі ұрпаққа ұлағат етіп отыру – ортақ парыз. Туған өлкенің тарихы мен көркем табиғатын терең біліп-сезініп өскен жас ұрпақтың Елбасы айтқандай, ертең Туған елінің қадір-қасиетін бағалай білетін шын азаматы болып қалыптасары сөзсіз. Сол себепті өлке тарихын Қазақстанның терең тарихы және бүгінгі жар­қын келбетімен ұштастыра біліп, жас ұрпақтың санасына сіңіру – рухани жаңғырудың алғышарттарының бірі деп білеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатын абыроймен атқарған Жамбыл облысының бұл ретте тарихи жәдігерлері молдығымен, оларды әлем жұртшылығының мойындауымен мақтана алады. Ақтөбе – Баласағұн, Құлан, Өр­нек, Қостөбе, Ақыртас секілді 5 тарихи-мәдени мұрамыздың ЮНЕСКО тізіміне енуі – ұлттық мақтаныш. Ал олардың рухани жаңғыруда орны ерекше.
Жастардың сана-сезімінің қалыптасуы мен рухани жаң­ғыруы тек өткенді білу арқылы ғана емес, сонымен қатар әлем таныған білім-ғылымның қа­зіргі озық үлгілерін оқып-танумен де өрістеуі қажет. ХХV сессияға қатысқан Ассамблея мүшелері алдында Елбасы «Жаңа гуманитарлық білім» жобасына тағы да айрықша мән бере тоқталып, әлемнің жетекші тілдеріндегі ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Бүгінде сатылап іс жүзіне асырыла бастаған үш тілді білім алу жайы да әлемдік білім-ғылымға, озық технологияға жол ашпақ. Рухани жаңғыру тұйықталу арқылы емес, қайта керісінше сананың ашықтығымен, дамыған өзге елмен тең дәрежелі қарым-қатынас жасай алумен, жақсысын тану, игеру арқылы орындалмақ. Өзгелердің көлеңкесінде қалып, соңында қалмау үшін де ағылшын тілін жастардың еркін игеруі қажет. 
Елбасы ұлттық бірлікті нығайта түсуде басқа барлық мем­лекеттік органдармен қа­тар, Қазақстан халқы Ассамблея­сының да күнделікті, тұрақты жұмыстар атқарып келе жатқанына тоқталды. 
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерек­ше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының көпфункциялы мультимедиалық порталын ашуды, «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. «Ел иесі – қазақтың мем­лекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түр­лі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көр­сетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне, ҚХА-мен бірле­сіп, ғылыми негізде осы интерак­тивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын», деді Елбасы. Сонымен қатар, бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкіл­дерін «Туған жер» жобасына қаты­суға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Бүгінгі таңда ұлттық сананы жаңғырту, Ассамблея алдындағы міндеттерді іске асыруға бағыт­талған ауқымды жұмыстар Жам­был өңірінде де қарқынды жүр­гізіліп отыр. Облыс ассам­блеясының ХХ сессиясында өңір басшысы 2017 жылдың жа­ңа міндеттерін айқындауда өз ойын білдірді. Қоғамдық ке­лі­сім мен этносаралық қаты­насты нығайтуға арналған іс-шара­лардың кешенді жоспары бекітілді.

Маржан ҚОЖАЕВА, 
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының 
орынбасары, хатшылық меңгерушісі