Үкімет • 21 Маусым, 2017

Жүргізіліп жатқан жұмыстар жалғасады

159 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірыңғай перспективалық жоспар қаралды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар жалғасады

Сатып алулар саласы жетілдіріледі


Мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру шаралары туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Министр бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алулар веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режімде электронды камералық бақылауға мүмкіндік бергенін айтып өтті. Жалпы, қабылданған шаралар бір конкурстағы қатысушылардың орташа санын 4 есеге, ал үнемдеуді 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берген.
Қаржы министрлігі Инвес­ти­циялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бір­лесіп, отандық өндірушілерге қол­дау көрсету шараларын әзірлеген, солардың ішінде Бірыңғай ұйым­дастырушы арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызм­еттердің тізімдемесі ұлғай­тылған. Сонымен қатар, ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарланған.
Б.Сұлтановтың айтуынша, квази­мемлекеттік сектордың са­тып алу­ларын заңнамалық реттеуді қарас­тыратын заң жобасы әзірленіп жатыр. Министрлікте квазимем­лекеттік сектордың барлық субъек­тілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, солардың ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленбек, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болады.
Мәселені талқылау қоры­тын­­дысында Үкімет басшысы Б.Сағын­таев мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заң жобасына қатысты жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды. 
«Жалпы, осы жерде айтыл­ған барлық ұсыныстарды қол­даймыз. Талқылап, Президент Әкім­шілігімен келісу үшін бір апта уақытымыз бар. Келесі жолы дауыс беретін боламыз және маусым айының соңына дейін­гі белгіленген мерзімде заң жо­басын Мәжіліске енгізуге тиіспіз. Жүр­гізіліп жатқан жұмыстар­ды жалғастырамыз», деді Б.Са­ғын­таев. 

Денсаулық сақтаудың инфрақұрылымы дамиды


Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жайы. 
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметі бойынша, 2016-2019 жылдарға ар­­налған «Денсаулық» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясын­да Ден­саулық сақтау министрлігі «Ден­саулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспек­тивалық жоспарын» әзірлеп жатыр.
Медициналық ұйымдардың же­лісі «Денсаулық сақтау инфра­құрылымын дамытудың бірың­ғай перспективалық жоспары» негізінде жүйеленеді. Онда алғашқы медициналық көмек­тің қолжетімділігін арттыру, инфра­құрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақ­сарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген.
Е.Біртановтың айтуынша, елімізде бір жерде ауруxа­нада науқастарға орын жетпей жатса, келесі мекенжайда, кері­сінше, емxанадағы бос орындар тым көп болып кеткен. Бұл денсаулық сақтау саласы­ның инфрақұрылымын дұрыс жос­пар­ламаудың көрінісі, дейді министр. Бүгінгі таңда ден­саулық сақтау саласының инфра­құ­рылымын дамытудың бірыңғай жоспары дайындалып жатыр. 
«Қазақстанда 7914 денсаулық сақтау мекемесі бар. Соның ішін­де 85,5 пайызы  мемлекеттік емxа­налар болса, 14,5 пайызы жеке мен­шікке тиесілі. Медициналық ұйымдардың тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруxанаға жат­қызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда, республика бо­йын­ша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құр­маудың дәлелі», деді Е. Біртанов. 
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға 1 трлн теңге сұрап отыр. Дегенмен, құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға да талпынатындары жоқ емес. Мәселен, Астанада балаларға арналған инфекциялық емxанада бір жатын орынға 240 шаршы метр қарастырылған. Ондай көрсеткіш xалықаралық талаптардан екі есе артық, ал республика бойынша салынатын нысандардың көрсеткішінен алты есе жоғары болып тұр. Осылайша, бір жатын орынға бюджеттің біраз ақшасы кетіп жатады. 
«Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті xалықтың саны ескеріл­мейді. Осының салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілік­ті атқарушы органдар бюджет қара­жатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды. Сондықтан бізге денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын да­мытудың бірыңғай жоспары аса қажет», деді министр.
Отырыста, сондай-ақ, Дү­ние­жүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А.Браун, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкіл­дігінің директоры Дж. Капаннелли, сондай-ақ Алматы облы­сының әкімі А.Баталов аталған бағыт бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-Министр Б.Са­ғын­таев Денсаулық сақтау министр­лі­гіне облыстардың, Аста­на мен Алматы қалаларының әкім­дері­мен денсаулық сақтау нысан­дарының желісін жоспар­лау жұ­мыстарын қосымша пы­сық­тап, мұндайда өңірлердің ерек­шелік­терін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы да­мытудың басым­дық­тарын еске­руді тапсырды. Ведомствоға уәкі­летті мемле­кет­тік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ере­желерді жеңілдету, денсаулық сақ­тау саласын реттеу шараларын қабылдау, медициналық инфра­құ­рылымды жаңғырту аясында ден­саулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобалар­ды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар