07 Ақпан, 2017

Білімнің бәсі артады

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда елді демократияландыруды дамыту бағытына арналған Үндеу жолдады. Онда мәлім болғандай, алдағы уақытта еліміздегі бүгінге дейін Президенттің құзырында болып келген көптеген міндеттер Парламент пен Үкіметке, облыс әкімдіктеріне жүктелмек. Бұл заңды құзырет тараптарға бөлініп, билік тармақтарының жауапкершілігі артады деген сөз. Осының өзі еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет бол­ған­нан кейінгі жиырма бес жылда жаңа сапалық биікке көтерілгенін көр­се­теді. Енді, міне, Мемлекет бас­шы­сы «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһа­ндық бәсекеге қабілет­тілік» атты дәстүрлі Жолдауын жария­лап отыр. Жолдауда еліміздің саяси, эконо­ми­калық, әлеуметтік және мәдени-рухани тұрғыда дамуын жал­ғас­тыру­ды қамтамасыз ететін бірнеше бағыт белгіленген. Соның ішінде, Қазақ­станның жаһандық бәсе­ке­­лес­тікке қабілеттілігін арттыру­ға жол аша­тын бес негізгі басымдық көр­сетіл­ген. Солардың ішінде мен төр­тін­ші басымдық туралы ой бөліссем деймін. Адами капитал сапасын жақсарту маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Ел Конституциясында «Мем­лекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деп жазыл­­ған мемлекет үшін адам капи­та­лын жақсарту үлкен мақсат-міндет­тер­дің біріне саналуы – заңды. Иә, адам факторы, адами капиталдың дамуы – Қазақстан үшін стратегиялық міндет. Сол үшін де Президент осы бағытқа инвестиция салуды, атап айтқанда, жалпы азаматтардың білім алуы мен денсаулығын жақсартуы үшін тиісті қаражат бөліп, екі саланы үздіксіз дамытып отыруды ұдайы назар­да ұстап келеді. Республикалық бюд­жеттің 40 пайыздан астамы денсаулық сақтау, еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым салаларына бөлінетіні осы сөзіміздің айғағы. Азаматтардың білім сапасын арт­тырып, еңбекке жарамды тұлға­лардың бәсекеге қабілетті сапалы маман болып қалыптасуына жол ашу үшін Елбасы, ең алдымен, білім беру жүйесінің өзгеруі керектігін айтты. Жолдауда бұл тұрғыда «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керек», делінген. Сонымен қатар, ІТ білімді, қаржы­лық сауаттылықты қалыптас­тырып, ұлтжандылықты дамытуға да зер салу қажеттігі ескерілген. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығына назар аудар­ған Елбасы Жолдауда білім беруді жақсарту бағытында жұмыс жүргіз­генде ауылдық мектептерге жете көңіл бөлінбей, тысқарылау қалып қоймауы қажеттігін атап көрсетеді. Ол үшін, әрине, еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын оқулықтар мен оқу бағдарламалары оңтайландырылып, қаладағы білім беру мекемелерімен қатар, ауыл мек­тептеріне де білімді, білікті мұға­лімдер тартылуы қажет. Алдағы 2019 жылдан бастап 10-11-сы­ныптарда кейбір пәндер ағыл­шын тілінде оқытыла бастамақ. Осыған байланысты Президент Үкі­метке үш тілді оқытуға кезең-кезең­мен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған. Бұдан шығатын қорытынды, балаларымызға шет тілдерін, соның ішінде ағылшын тілін қосымша оқытудың маңызы арта бермек. Бұл орайда, «бір тіл білу – бір адам болу, екі тіл білу – екі адам болу» деген қағиданы сапалы ұрпақ қалып­тастыруда берік ұстанғанымыз артық болмасы аян. «Қазақ тілінің басымдығы сақта­лады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», дейді Президент. Бұл Елбасының болашақта әрбір Қазақстан азаматы мемлекетті құраушы ұлт – қазақ халқының тілін біліп, өз елінің адал азаматы, ұлтжанды тұлғасы бола отырып, ағылшын тілімен, ғылым-біліммен қаруланып, халық сапасының жоғарылауына үлес қосса деген ниетін аңғартады. Сонымен қатар, орта кәсіптік және жоғары білім беретін оқу орындарының қызмет сапасын арттырып, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын одан әрі жетілдіру мәселесі қамтылған. Осы жұмыс барысында жұмыссыз немесе табысы аз, өзіне тиімсіз жұмыспен жан бағып жүрген азаматтарды жаңа кәсіптерге үйрету және экономикадағы жаңа өнді­ріс­тер үшін мамандар дайындау мәсе­лелерінің қатар шешілетіні қуантады. Қорыта айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы жаңғыруымыздың үшінші кезеңіне аяқ басқан елімізді дамытуға жарқын жол ашатын болады.

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты