Қаржы • Кеше

Жоғары жалақы байлықтың көрсеткіші ме?

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көп адам байлықты ай сайынғы табыспен өлшейді. Бірақ инвестор Аман Әлімбаев бұған басқаша қарайды. Оның айтуынша, шынайы байлық табыста емес, активтерде жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Жоғары жалақы байлықтың көрсеткіші ме?

Сарапшы ең бай адамдардың рейтингін мысалға келтіреді. Ол тізімде ешкімнің жалақысы немесе айлық кірісі есептелмейді. Негізгі өлшем – капитал. Яғни, активтер. Себебі активтің өзі құнды әрі әрқашан ақша әкеледі.

«Әр ортада басты актив әртүрлі. Компания үшін ең қымбат актив адамдар, яғни қызметкерлер. Себебі компанияны алға сүйрейтін де, құндылық жасайтын да солар. Қызметкер үшін негізгі актив білім мен біліктілік. Ал кәсіпкер үшін ең басты актив клиенттер. Бірақ клиент көп болуы шарт емес, ең маңыздысы мақсатты және тұрақты клиенттер», дейді сарапшы.

Инвестор қарапайым мысал келтіреді. Кәсіпкер тауар немесе қызмет сатып, 1 млн теңге тапты делік. Ең үлкен қателік сол ақшаны алып, өзіне қажетсіз затқа жұмсау болады дейді ол. Ақылды кәсіпкер бұл ақшаның бір бөлігін өз активіне қайта салады. Себебі актив өскен сайын оның құны да, әкелетін табысы да артады. Егер кәсіпкер тауар немесе қызмет сатумен айналысса, ол ең алдымен жарнамаға инвестиция салуы керек. Клиент саны артса, жаңа сатылым пайда болады. Ал жаңа сатылым табыстың өсуіне әкеледі. Осы тізбек үзілмесе ғана бизнес дамиды.

«Табыс табу бақуатты болуға жеткіліксіз. Себебі табыс өте тұрақсыз. Бір ай бар, бір ай жоқ. Сол себепті байлықтың формуласы басқа. Өте қарапайым. Ол – ақша табу, оны сақтау әрі көбейту. Осы үшеуі қатар жұмыс істемесе, нәтиже болмайды», дейді А. Әлімбаев.

Соңғы жаңалықтар