Конференцияда Абай Құнанбайұлы шығармаларының цифрлы корпусы мен ұлы ақын шығармаларының академиялық толық жинағы таныстырылды.
«Қазақ руханияты үшін айрықша мәнге ие Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылау мақсатында өтіп отырған іс-шара – абайтану ғылымының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды ғылыми белестің бастамасы, сондай-ақ ұлттық мәтінтану саласындағы соңғы жылдары жүзеге асқан ірі жобаларды қамтиды. Осы орайда институт ғалымдарының көп жылдық еңбегінің нәтижелерін арқау еткен Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағы, Абай мұраларын заманауи ғылыми айналымға енгізетін электронды платформасы ғылыми қауымға таныстырылып отыр. Үш томдық жинаққа қолжазбалары мен ілкі басылымдарға жүргізілген текстологиялық зерттеулер негізінде қайта сараланып, мазмұндық, мәтіндік, құрылымдық тұрғыда толықтырып, пунктуациясы жаңаша жүйеленіп басылған шығармалары енді. Бұл еңбектерде бұрынғы нұсқалардағы мәтіндік алшақтықтар жүйеленіп, қолжазбалардағы және баспа нұсқаларындағы ерекшеліктер салыстырмалы түрде түсіндірілген. Шығармалардың дереккөздері, авторлық нақтылық мәселелері жаңаша қарастырылып, әр шығармаға берілетін ғылыми түсініктер кеңейтіліп, аналитикалық тұрғыдан қайта негізделді» дейді институт директоры, академик Кенжехан Матыжанов.
Жиын барысында Абай Құнанбайұлы шығармаларының цифрлы корпусын филология ғылымдарының кандидаты Аязби Бейсенқұлов таныстырды. Корпуста ұлы ақынның өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, музыкалық мұрасы, қолжазбалары мен хаттары, 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағының факсимилиесі, фотосуреттер мен қосымша деректер берілген.
Академиялық жинақтың І томына ақынның өлеңдері мен аудармалары, ІІ томына поэмалары, қара сөздері мен хаттары, музыкалық мұрасы топтастырылса, ІІІ томына ақын шығармаларының 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген тұңғыш жинағының литографиялық көшірмесі мен қазіргі қазақ жазуында түсірілген нұсқасы, еліміздің қолжазба қорларына жинақталған қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы беріліп отыр.
Редакция алқасының мәліметіне сүйенсек, Абай шығармаларының 1909, 1916, 1922 (қазан,Ташкент), 1933,1939-1940, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылдардағы басылымдарын салыстыра зерделегенде ақын шығармаларының жиналуы мен жариялануының күрделі де қиын жолдан өткенін көреміз. Солардың ішіндегі академиялық сипатқа ие басылымдарды негізінен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары кезінде Мұхтар Әуезовтың басшылығымен дайындады. Дегенмен, әр басылым сайын толығып, текстологиялық түзетулер енгізіліп келе жатқан Абай мұрасында әлі де түп-тиянағын таппаған сауалдар, заманның ырқымен қалтарыста қалған немесе өзгеріске түскен ақын сөздері, көшірмелерді түрліше оқудан кеткен жаңсақтықтар, жазбаға түсіру, басып шығару кезінде кеткен техникалық қателер жоқ емес... Ал қаншама рухани қыспақтан өтсе де, ел ішінде бертінге дейін қолжазба көшірмелердің табылып жатқандығы, ақын өлеңдерін бастан-аяқ жатқа білетін адамдардың да жиі кездесетіндігі Абай мұрасына деген халық ықыласының өте жоғары болғандығының белгісі. Соның нәтижесінде, құрдымға кете жаздаған асыл мұраның ұзын-ырғасы жинақталып, ел игілігіне айналды.
Алқалы жиын барысында сондай-ақ «Абай және қазақ театры» кітабының тұсаукесері өтті.
Конференцияда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаева «Абай шығармаларының толық басылымы: тәжірибесі мен өзектілігі» тақырыбында баяндама жасаса, институттың жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынжан Шапай «Абай шығармаларындағы мәтінтанулық зерттеулерге» тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр «Абай шығармалары көшірілген қолжазбалардың ерекшелігі» туралы айтты. Ал «Абайдың музыкалық мұрасының соңғы басылымдардағы редакция мәселелері» тақырыбында баяндамасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, музыка зерттеушісі Еркін Шүкіман жасап, жинақты әзірлеу барысында туындаған бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды.
Жиынның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір Абайдың шығармашалық мұрасын зерттеу, тану, насихаттау саласындағы зор жетістіктерге тоқталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай «Абайдың «Ақыл сөзіндегі әмбебап қалып пен өлшем» тақырыбына баяндама жасады.
Шараға республиканың өңірлерінен ғалымдар, жоғары оқу орындары оқытушылары, жас зерттеушілер, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.
АЛМАТЫ