Семейден Қарауылға қарай бет түзегенбіз. Қаладан әуежай жаққа шықсаңыз, сонадайдан Семейтауы көрінер тұста «Абай жолы» деген стелла тұр. Расында бұл Абай атамыздың ғазиз соқпағы. Бұл соқпақ кезінде «бала шәкіртті» кең сахарасын сағынта қол бұлғаған һәм оған әлемді танытуға бастаған жол. Бізде осы жолда келеміз.
Бұл жолғы жол басшымыз Абай елінің тумасы, қазаққа белгілі режиссер Жұлдызбек Жұманбай болатын. Біз Күшікбай батыр бұлағына түскенде: «Бұл қасиетті бұлақ қысы-жазы қатпайды һәм сарқылмайды. Құнекеңнің көп жылқысы осы жерге дейін жеткен екен», деді Ж.Жұманбай. Демек, Абайдың аяғы тиген дала осы жерден басталады деген сөз. Бұдан әрі Ералы жазығы, Ақшоқы, Орда тауы (Хан Шыңғыс орда тіккен тау), әрі қарай сай-сала, ықпыл-жықпыл, бұлақ, көл бәрі-бәрі дала музейі, тарихи орын. Бәріне бұрылатын жол бар. Облыс орталығымен Қарауылға дейінгі жолда әзірге ахау жоқ, кейбір кедір-бұдыр жерлерін жөндеп жатқан құрылысшыларды да көзіміз шалды. Сөйтіп бізді аудан орталығынан Абай аудандық Ішкі саясат және мәдениет бөлімінің басшысы Бақытжан Байболов қарсы алып, той болатын Қарауыл төбеге алып барды.
Қарауылтөбе етегінде 400 орындық көрермен сиятын дала сахнасы, ат жарысына арналған шеңбер, киіз үйлер қалашығы, 2 500 шаршы метрлік жәрмеңке алаңы, сонымен қатар жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық-тұрмыстық нысандар лайықталып салынған екен. Қосымша жол төселіпті.
Абайдың 180 жылдық мерейтойын өткізуге арналған штабтың атқарушы хатшысы Жанжігіт Омархан, Абай тойының Бас режиссері Жұлдызбек Жұманбай мәдени іс-шаралардың барысын түгел пысықтап шықты. Абай саябағына барып, «Жеті қазына» республикалық фестивалінің ұйымдастырылуы талқыланды.
. Қазір бұл архитектуралық ескерткішті де қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Әкім мерейтойға аз уақыт қалғанын ескертіп, аймақтағы жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын баса айтты.
Облыс әкімі Абай ауданының тұрғындарымен кездесті
Ертесінде Абай ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімі Берік Уәли барды. Аймақ басшысы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніндегі жұмыс барысын тексеріп, Қарауылтөбе айналасында атқарылып жатқан шаруаның жай-күйімен танысты. Облыс әкімі мерейтойға арналған штаб мамандарының есебін қадағалаумен қатар Абай ауданының тұрғындарымен де тілдесуді жөн санады. Әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен дамуы жөніндегі жоспарын халыққа айтып берді. Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов ауданның 2024-2025 жылғы экономикалық даму көрсеткішін таныстырды. Кейінгі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші едәуір өскен. Өңірдегі өнім көлемі 4,3%-ға артып, 3,2 трлн теңге болған. Өсім негізі өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік саласына тиесілі. Ал инвестиция көлемі 575,4 млрд теңгеге жеткен, оның 75,8%-ы – жеке инвестиция.
Аймақ басшысының мәліметінше, облыстағы 408 шақырым жылу желісінің 242 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Оның 25%-ы Абай ауданында орналасқан. Қарауыл ауылына 1,3 шақырым жылу желілерін салуға құжат әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Қуанарлық жаңалық, биыл Абай ауданы бойынша «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар», «Семей-Қарауыл», «Қарауыл-Архат» бағыттарындағы жолдың бірнеше бөлігі жөнделеді. Бұған қоса Тоқтамыс ауылы мен Қарауыл ауылындағы көшелерге асфальт төселеді. Архат, Кеңгірбай би, Құндызды ауылдарында су құбырын қайта жаңғыртуға да қаржы бөлінді.
Жиында аудан тұрғындары орталыққа қазандық салу, Семей сынақ полигоны аумағындағы халыққа жеңілдік жасау, полигон жерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға беру, жедел жәрдем қызметін ауданға қайтаруға, жедел жәрдем көлігін алуға, Жидебай музей-қорығының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жылыжай салуға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.
Абай ауданына үшінші рет жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы ұсыныстардың бәрі құптарлық жағдай екенін, бәрі де кезең-кезеңімен жасалатынын, маңызды мәселелер үнемі назада болатынын, ауданды дамыту той кезіндегі науқаншылдық емес, алда да жұмыс жалғаса беретінін жеткізді.
Жидебайда интернет желісі іске қосылды
Бұған дейін Абай ауданына бара қалсақ, интернеттің әлсіздігі біраз сарсаңға салатыны бар еді. Облыс әкімінің осы сапарында ол да оң шешім тапты. Абай мерейтойы қарсаңында Жидебай музей-қорығына Beeline ұялы байланыс операторының интернет желісі іске қосылды. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асқан.
– Ақпан айында ауданға жұмыс сапарымен келгенімде, жергілікті әкімдік осы мәселені айтқан еді. Қолдап, облыстық бюджеттен қаржы бөлдік. Бұл тек Жидебайды емес, айналасындағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етеді. 1 тамызда Бөрілі елді мекеніне антенна-діңгекті құрылғыны орнату жұмысы аяқталады. Осылайша, Абай тойында Абай ауданы облыстағы 100% интернетпен қамтылған алғашқы аудан, – дейді аймақ басшысы.
Ауданында әлеуметтік орталық ашылды
Сонымен қатар Абай ауданының орталығында оңалту орталығы ашылды. Семей полигонының зардабынан әлі айыға алмай жатқан азаматтарға Абай тойында жасалған бұл да бір игілікті іс болды.
Оңалту орталығының ауданы 310 шаршы метр, 13 кабинет 165 адамға қызмет көрсете алады. Жалпы, үш бөлімшеде 31 қызметкер жұмыс істейді. Жартылай стационар 30 адамға, үйде қызмет көрсету бөлімшесі 125 адамға, отбасын қолдау орталығы 10 адамға арналған. Келушілерге физиотерапия, емдік дене жаттығулары, массаж, психологиялық қолдау, тіпті мүгедектігі бар жандарға кешенді оңалту қызметі ұсынылады. Орталықтың ел игілігіне қызмет етуіне аудан тұрғыны Сейфолла Рахымбаев зор үлес қосыпты. Ол өзінің екі қабатты ғимаратын мемлекетке тегін беріп, әлеуметтік жобаның іске асуына ықпал еткен. Ал аймақ басшысы орталыққа 16 орынды инватакси көлігінің кілтін табыс етті.
– Семей ядролық сынақ полигонының зардабы осы өлкеге, ұлылар мекені – Абай ауданына өлшеусіз кесірін тигізгені рас. 1949 жылдан 1989 жылға дейін жүргізілген 450-ге жуық ядролық жарылыстың салдары мыңдаған адамның денсаулығына, ұрпақ тағдырына, жер мен табиғатқа орны толмас зиян келтірді. Сол зардаптың салқыны бүгінге дейін сезіліп отыр. Радиациялық әсерден денсаулығы әлсіреген жандарға қолдау көрсету – біздің азаматтық әрі адамдық борышымыз, – деді облыс әкімі.
Арнайы орталықтан ем алатын балалардың ата-анасы ғимарат ашылғанда, ерекше ризашылығын жеткізді.
– Ауылымызда осындай үлкен оңалту орталығын ашып, инватакси сыйлап жатқандарыңызға, әлеуметтік көмек алушы балалардың атынан, ата-аналардың атынан зор алғыс айтамын. Президент тапсырмаларының жергілікті жерде атқарылып, арманымыздың орындалғанына қуаныштымыз, – деді Қарауыл ауылының тұрғыны Сәуле Райымбекова.
Қарауылдағы Жидебай ұлттық ауылы
«Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Абайдың 180 жылдығына орай «Жидебай ұлттық ауылы» құрылып жатыр. Кешен Абай ауданындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында бой көтереді. Ғимараттың іргетасын қалау басталып та кетті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, меценат Бектас Медғатов қатысты.
Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен салынатын кешен 60 гектар аумақты қамтиды, кешеннің жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Жоба мақсаты – өңірдегі туризмді дамыту, рухани-мәдени мұраны дәріптеу және Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыру болып отыр.
Кешен жобасында жыл бойы жұмыс істейтін киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Сонымен қатар ипподром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған аймақтар, электромобильдерді қуаттау станциялары мен қымыз құю желісі бар заманауи орындар болады. Жоба іске қосылса, 50 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға оң әсер етеді.
Облыс басшысы жобаның Абай ауданының туризм саласын дамытып қана қоймай, экономикасына да жаңа серпін беретінін айтады. Әкімнің айтуынша, меценат Бектас Шыңғысұлы Қарауыл ауылында аумағы 1 200 шаршы метрден асатын қонақ үй құрылысын бастайды. Қонақ үй кешенінде заманауи мейрамхана, кофейня, жазғы терраса, балалар ойын аумағы, бильярд залы болмақ. Бұған әкімдік тарапынан жан жақты қолдау көрсетіледі.
Абай тойы – мереке ғана емес, береке бастауы екені ауданға жасалып жатқан игіліктерден-ақ білінер еді. Мұның бәрі әулие бабалардың еліне тигізіп жатқан шарапаты. Жол, байланыс, даяршылық (сервис), жалпы той қамына кірісіп, Қарауылдағы қызу қарбалас тойға дайындықтың жоғары деңгейде жасалып жатқанын білдірсе керек.
Абай облысы