Қостанайда ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы басталды. Өңір өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған халықаралық хаб қала аумағында орналасады, сондай-ақ келешекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген транзиттік стратегияны жүзеге асырудың негізгі торабына айналмақ.
Нысанды іске қосу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Кедентранссервис» АҚ Бас директоры Елнар Жұматаев және «Allur» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты. Аталған жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қолдауымен «Кедентранссервис» АҚ жүзеге асырады. Жалпы құны 64 млрд теңге болатын логистикалық кешен Қостанай іргесіндегі 133,6 гектар аумақты алып жатыр. «Тобыл» КЛК іске қосылған соң жылына көлемі жиырма футтық 400 мың контейнер немесе 11 млн тоннадан астам жүк тасымалданбақ.
Кешен 500-ден астам логистерді, операторларды, IT және қызмет көрсетуші мамандарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев іске қосу рәсімінде сөйлеген сөзінде жобаның маңызына тоқталды.
«Біз жай ғана логистикалық хаб салып жатқан жоқпыз, елдің жаңа экономикалық географиясының берік негізін қалап жатырмыз. «Тобыл» келешекте логистика, цифрландыру, білім және индустрия тоғысқан зияткерлік алаңға айналады. Мұнда жастарға көптеген жаңа мамандық, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл – аймақтық емес, ұлттық жоба, бүкіл елдің өркендеуінің катализаторы. Кешен еліміздің жаһандық жеткізу тізбегіндегі позициясын нығайтып, бизнес пен инвесторлар үшін және осында, өз отанында өсіп, дамығысы келетін адамдар үшін жаңа мүмкіндік ашады», деді Премьер-министрдің орынбасары.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ел арқылы транзиттік тасымалдау 16,8 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық. Мамандар «Тобыл» КЛК іске қосылған соң көрсеткіш едәуір ұлғаяды деп отыр.
«Жаңа кешен кәсіпорындар үшін логистикалық шығындарды төмендетуге, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға және өңдеу секторына жаңа инвестициялар тартуға және жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Біз «Тобыл» көлік-логистикалық кешені инвестиция әлеуетін арттырып, өңір өнеркәсібінің одан әрі дамуына серпін беретініне сенеміз», дейді «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің директоры Айдын Әлімов.
Кешен Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздеріне тікелей қосылады. Қазақстанның солтүстігінен Ресейдің Орал аймағына, Қытайға жөнелтілетін жүк көлемі де артады. Кешен аумағында «Бәрі бір жерде» қағидаты бойынша терминалдар, қоймалар, кедендік рәсімдеу, IT және сервистік аймақтар орналасады. Жүктерді бақылаудың цифрлық жүйесі де қамтамасыз етілген. Құрылыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі. Мұның сыртында, биыл өңірде жылына 70 мың автокөлік шығаратын «KIA» зауыты, 220 мыңнан астам автокомпонент өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Ал логистика дамымай, мұндай ірі кәсіпорындардың өміршең болуы мүмкін емес. Демек, «Тобыл» көлік-логистикалық кешені аймақта өндірілетін өнімдердің тұрақты экспортын қамтамасыз ететін бірден-бір инфрақұрылымдық тірек болмақ.
Қостанай облысы