• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:40

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

100 рет
көрсетілді

Атырау облысында 26 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тұрады. Мүмкіндігі шектелген әр санаттағы жандардың 4 500-ден астамы – кәмелетке толмаған балалар.

Мемлекет тарапынан тағдыр­дың теперішіне тап болған жандардың толыққанды емделуіне, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Биыл Атырауда мүгедектігі бар жасөспірімдер ғана қызмет көрсететін инклюзивті кофехана ашылды. Осынау игілікті істі қолға алған «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы жанынан жұмысын бастаған алғашқы тамақтану орнына «BelYes» деген атау берілді.

Аталған орталық жетекшісі Әнуар Бегісбаевтің айтуынша, кофеханадағы дая­шы қызметіне мүмкіндігі шектеулі жас­өспірімдерді тарту көзделген. Бастап­қы­да екі жасөспірім жұмысқа алынды. Олар ке­лушілерден тапсырыс алып, дайын­­­дал­ған кофені, өзге де тағам түрле­рін ұсы­на­ды. Алдағы уақытта мұнда жұмыс­ іс­­тей­тін жасөспірімдердің қата­ры көбейеді.

«Орталықты ашқан Арайлым Нұ­ғыманова ерекше балалардың қоғам­нан­ алшақтамауын, күйзеліске түспеуін ойлап жүруші еді. Ол АҚШ-тағы осындай орталықтардың жұмысымен таны­сып келгеннен кейін мүмкіндігі шек­теу­лі жасөспірімдер жұмыс істейтін ин­­к­лю­зивті кофехана ашуды армандады. Бірақ Түркиядағы жол апатынан қаза тауып,­ көкейінде жүрген ісін жүзеге асыра алмады. Біз замандасымыздың бастаған игілікті ісін одан әрі жалғастырып, арманын іске асыруды мақсат тұттық», деді Ә.Бегісбаев.

Оның айтуынша, арнайы жоба аясында 10 жасөспірім арнайы оқыту курсы­нан өткен. Олар тек даяшы қызметін атқарумен шектелмейді.

«Кофехананы ашудағы мақсатымыз – тек табыс табу емес, мүмкіндігі шектелген жасөспірімдердің қатарластарынан тыс қалмай, күнделікті тіршілікке бейімделуіне атсалысу, ең бастысы еңбекке баулу. Өйткені мүгедектік санаты берілген жасөспірімдердің арасында талантты, жұмыс істеуге қабілетті жандар аз емес. Біз жас санатына қарамастан мүгедек жандарды қоғамнан алшақтататын бол­сақ, мұндай көзқарас оларға моральдық әрі психологиялық тұрғыдан ауыр соқ­қы болады. Сондықтан осындай жан­дарға, әсіресе жасөспірімдерге мүсір­кеу тұрғысынан емес, адамдармен толық­қанды қарым-қатынас жасауына қол­дау көрсетуді, кеңес беруді көздедік. Инклю­зивті кофеханада жұмыс істейтін жас­өспірімдер тәжірибе жинақтайды. Өзі­нің әлеуетін ашып, қоғам ісіне араласуы­на мүмкіндік алады», деді Ә.Бегісбаев.

Кофеханада ерекше жасөспірімдер түрлі тағамдар пісіруге атсалысады. Қа­зір­дің өзінде дәмі тіл үйіретін тәттілерді өздері дайындауға бейімделе бастады. Сондай-ақ тамақтану орнында кофе мен тағам түрлері, әсіресе тәттілер ғана ұсы­нылмайды. «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының қызмет­керлері кофеханаға келушілерге мүм­кін­дігі шектелген балалардың өздері жа­саған қолөнер бұйымдарын ұсынуды қолға алды.

«Қазір бұрынғыдай емес, шай мен тәтті сусындарды ішудің орнына кофенің дәмін татып көруге сұраныс көбейді. Кофехананы ашар кезде осыны ескердік. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерге жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, олардың қоғамға кірігуіне ықпал еттік. Бұл – мақсатымыздың іске аса бастағанының көрінісі. Кофехана бір мезгілде 15 адамның тамақтануына есептелген. Бірақ кей күндері келушілер қатары бұдан да көп болады. Тұрғындар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдермен әңгімелесушілер, олардың көрсеткен қызметіне алғысын білдірушілер аз емес. Демек кофеханаға келушілер ерекше жандардың қызметіне қолдау көрсетуді шын көңілімен қалап тұрады. Мұндай қадам мүмкіндігі шектелген жасөспірімдерді жігерлендіреді. Олардың сервистік қызмет көрсетуге құлшынысын, қызығушылығын оятады», дейді орталық жетекшісі.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар