• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:30

Қазақ тазысы: жаһанға танылу жолы

30 рет
көрсетілді

7-10 тамыз күндері Финлян­дия астанасы Хельсинкиде «World Dog Show-2025» бүкіл­әлемдік иттер көрмесі өтеді. Мұнда тұңғыш рет FCI аясында алдын ала мойындалған тұқым ретінде қазақ тазысы ресми түрде таныс­тырылады. Тазы тұқымының пайда болуы мен таралу тарихы, ерекшеліктері, артықшылықтары, бағым-күтімі жан-жақты баяндалады. Көрме төрінде ақшаңқан киіз үй тігіліп, «Қазақ тазысына» арналған стенд, көр­некіліктер қойылады. Тақырыпқа қатысты ақпараттық буклеттер, кәдесыйлар қонақтарға таратылады. Басты мақсат – тұқым­ның халықаралық мәртебесін нығайту, «Kazakh Tazy» брендін кеңінен насихаттау.

Тазы – халқымыздың бірегей қазынасы, дала азаматының сенімді серігі, жүйріктігімен, ақылдығымен, сабырлылығымен ерекшеленетін асыл тұқымды ит. Желмен жарысқан жүйрік, шапшаң қозғалып, аңды алыс­тан көріп, ізіне түсіп ұстайтын ілкімді жаратылыс. Түлкі, қоян, қарақұйрық секілді аңдар­ды ұстауға пайдаланылады. Адамға тез бағынады, талап пен сенімнің арасын жақсы ажыратады. Хал­қымыз асылдығын айрықша бағалап, «жеті қазынаның бірі» деп атаған. Батырлар жырында, ертегілер мен аңыздарда тазы бейнесі сомдалған.

Бүгінде тазы саны күрт азай­ған. Сондықтан оны асылдандыру, қорғау, көбейту мәселесі күн тәр­тібіне шықты. 2023 жылы қазақы тазы мен төбет ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізімі­не енді. Соның негізінде ар­найы көрмелер мен байқаулар жиі өткізіліп, қоғам назарын аударды. Тазының еліміздегі және жаһандағы тағдыры, таны­малдығы бәрімізге байланыс­ты. Ең бастысы, мемлекеттік көз­­­қарас айқын. 

Тазы мен төбет ежелден халқымыздың сенімді серігі болған. Ғасырлар бойы адамзатқа адал қызмет еткен үй жануары қиын-қыстау кезеңдерде бүтін бір ауылды аман алып қалған деген дерек бар. Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қорғау мәселесін жауапты орындарға тапсырды. Арнайы заң да қабылдады. Тазы мен төбетті қорғауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді. Былтыр Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақ тазысын мойындап, тіркеді. Енді бар назар Финляндия астанасы – Хельсинкиде өтетін иттер көрмесіне ауып отыр. Соның қарсаңында Қазақстан кинологтер одағының президенті Бауыржан СЕРІКҚАЛИМЕН сұхбат құрып, қазақ тазысының ерекше қасиеті жайында, көрмеге дайындық барысы туралы әңгімелестік.

– Бауыржан мырза, әңгімені бірден Бүкіләлемдік иттер көрмесінен баста­сақ. Жүздеген елдің басын қосқан ірі көр­меге қазақ тазысы тұңғыш рет қатыс­қа­лы отыр. Жауапкершілік жоғары бол­ған соң, дайындық барысы да қызу шы­ғар деп ойлаймыз. Қалай дегенде та­зыға әлем жұртшылығының назары  ауғалы тұр.

– Иә, тазы тұқымы осыған дейін иттер көр­месіне қатысты деген ақпараттарды естігенімізбен, «қазақ тазысы» атауымен тұғыш рет көпшіліктің назарына ұсы­нылғалы тұр. Негізі Хельсинки қаласын­да еліміз үшін айрықша маңызды үш ірі ха­лықаралық іс-шара өтеді. Олар – Халық­ара­лық кинология федерациясының (FCI) Бас ассамблеясы, «World Dog Show – 2025» бүкіләлемдік көрмесі, қазақы тазы­ тұ­қымының ресми халықаралық тұсаукесері. FCI Бас ассамблеясына әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық кинологиялық ұйым­дары­ның басшылары келеді. Еліміз алғаш рет осы жиынға FCI-дің тең құқылы, да­уыс беру құқығы бар толыққанды мү­шесі ретінде қатысады. Бұл – үлкен мәр­тебе. Осы сәттен бастап өз ұлттық тұқым­дары­мызды ресми түрде ұсынуға, қазақ кино­логиясының мүдделерін қорғауға, әлемдік кинология жүйесін дамытуға белсенді түрде үлес қосуға құқылымыз. Енді біздің пікірімізбен басқа елдер санасатын болады.

Көрмеге жыл сайын барлық құрлық­тан 25 000 мыңдай ит жеткізіледі. Біз әр мемлекеттің өкілдері үздік деген ит­терін алып келетінін білген соң, қазақ тазы­сы­ның таныстырылымын айрықшалап ұйым­дастыруды ұйғардық. Павильонның біріне тазының суретін қойып, былтыр FCI мойындағанын жазып, тазы туралы, елі­міз туралы ақпараттар қамтылған көр­ме жасауды ойлап отырмыз. Әр ел өз павильондарында иттің керек-жарақтарын сау­даласа, біз тазының ғасырлар бойы адам­затқа тигізген пайдасын, адалдығын барынша айшықтап көрсетеміз. Осын­дай халықаралық көрмелерден кейін шет­елдіктерді қазақы ит тұқымына қызықтыра алсақ, тазыға тәнті болып, сатып алатындар көбейсе, қазақы ит әлемге танылса, онда ол сөзсіз жеңісіміз болар еді.

– Көрмеге кез келген ел осал ит алып бармайтыны белгілі. Үздіктердің ішінде ең лайықтысын анықтау да оңайға соқ­пай­тын тәрізді. Дегенмен төрешілер ит­тердің қандай қасиетіне қарап баға береді?

– Жарыс дегенге ел-жұрт иттердің жүй­ріктігіне немесе аңшылық қабілетіне қарап баға береді деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ олай емес. Байқауда ең әуелі иттердің өз стан­дарттарына сәйкестігі, дене тұрқы, таза­лығы сыналады. Кейбір иттің көрсет­кіші бірдей болып қалатын жағдай туса, он­да иттің темпераменті, адамдар арасында өзін ұстауы да ескеріледі. Біз көр­меге ­­8 тазы алып барамыз. Төрешілер алдымен иттеріміздің ішінен ең үздік деген ар­ла­нын, ұрғашысын таңдайды. Сосын олар­ды аңшылыққа шығатын иттердің (борзой) тобына қосады. Яғни әлемнің өзге де аңшы иттерімен бір топқа түседі. Одан әрі әр топтан таңдалып алынған иттер тағы бөлек ­сыналып, ішінен ең мық­ты дегені анықта­ла­ды. Негізі, жарыс талабы бо­йынша біз көрмеге тазының ере­се­гін, 18 айға дейін­гісін, күшігін алып баруға тиіс болдық. Алайда жол алыс бол­ған соң, тәуекелге бармай, күшіктерін әкелмеуге ұйғардық. Қысқасы, соңында тө­ре­шілер ең үздік арлан, ұрғашы ит тұ­қы­мын анықтайды. Бағалау стандарт бойынша анықталады. Стандартты күзде, тазы тұқымын FCI кинология федерация­сы мойындаған кезде өткізгенбіз. Төрешілердің қолына да сол стандарттарды жеткіздік.

– Хельсинкиге баратын тазыларды өзара қалай іріктедіңіздер? Сегіз тазы­ның қай-қайсысы да осал болмаса керек.

– Әрине, көрмеге баратын тазылар елдің абыройы үшін сынға түсетін бол­ған соң, ішінде осалы жоқ, бәрі стан­дартқа сай келеді. Олар Кинологтер ода­ғының ішкі іріктеу комиссиясының ше­шімімен анықталды. Жалпы, осындай ірі көрме­лер­ге апаратын тазыларға талап қатаңдау. Еуропалық одақтың вете­ри­нария­лық талап­тарынан өтудің өзі оңай емес. Ке­лешекте осындай ірі жарыстардың алдын­да іріктеу турнирлерін ұйым­дасты­рып, солардың ішінен үздігін апару жос­пар­да бар. Осы жолы көрмеге қатыстыры­ла­­тын тазылар барлық жарыста жүлде алған. Атап айтқанда, Астана, Алма­ты, Өскемен, Семей­дің «азат», «тамерлан», «сакура», «пана», «лашын», «ару», «көксерек», «алтын» атты тазылары көрмеге барады.

– Бірер жылдың ішінде тазыны өзі­мізге меншіктеп, жаһанға таныту ба­ғытында қыруар жұмыс үйлесім тапқанын білеміз. Көптің көкейінде неге бұл шаруалалар он, жиырма жыл бұрын емес, қазір қолға алынды деген сұрақ қылаң береді.

– Өзім бірлестік төрағалығына 2023 жылы келдім. Президент тапсырмасынан кейін тазыға қатысты заң қабылданды. Оны қорғауға, көбейтуге, танытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінген соң, іс алға басты. Иә, осы мәселемен ертерек айналысатын мүдделі адамдар табылғанда, тазыны бір­не­ше жыл ерте тіркегенде қазір әлемге таны­тып қояр ма едік, кім білсін. Меніңше, қа­зір де кеш емес, дәл уағында қолға алдық деп ойлаймыз.

– Көрші елдерден ұлттық мұрамыз­ды мен­шіктеп алуға әрекет жасаған­дар болды ма?

– Ондай қауіптің болғанын жоққа шы­ғара алмаймын. Тазының атауын өзгер­тіп, әрекет жасағандар болмады емес, болды. Осы ақпарат бізге жеткен соң, «сақтықта қорлық жоқ» деп, жұмысқа барынша жылдам кірістік. Атауының өзін «қазақ тазысы» деп бекітіп, шешуші қадам жасадық. Енді біздің тазымызды ешкім өзіне меншіктей алмайды. Бұл біздің, мемлекеттің ғана емес, ата дәстүрді үзбей, аңшылықпен айналысып жүрген ұлтқа, ұлттық құндылықтарға, төл мұрамызға жанашыр азаматтардың жеңісі. Себебі қазақ тазысы – халқымыз­дың ұлттық болмысының ажырамас бө­лігі. Енді бұл тұқым халықаралық кеңістікте ­дәл біздің халқымыздың құндылығы ретінде қорғалып отыр. Бұл – ғасырлар, беріде ондаған жыл бойы тазыларды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген аңшылар­дың, зоотехниктердің, жанашыр жандар­дың еңбегі.

– Әлемде иттердің алуан түрі бар. Араб елдерінде тазыға ұқсас ит түрі кез­де­седі. Олардан біздің, яғни қазақ тазы­ның артықшылығы неде?

– Ит – ақылды үй жануары. Қызметтік иттер бар, есірткі заттарын табатын, зағип жан­дарға жәрдемдесетін иттерді білеміз. Әрбір иттің өзінің қабілеті, қасиеті бар. Соның ішінде біздің тазы аңшылыққа бейім. Шыдамды, жүйрік, есту, көру сезу қабілеті жақсы дамыған. Жаз жайлау, қыс қыстауда ұзақ қашықтықты аттың қа­­сына ілесіп жүріп-ақ бағындырады. Або­ригенді тұқым. Яғни 4 мың жылдық тарихы бар тазы ғасырдан-ғасырға адам­ның араласуынсыз өзі көбейіп, қазақ даласы­на бейімделген. Тазы тұқымдас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңі ислам дінінің таралу уақытымен тұспа-тұс келеді (IX–X ғасыр). Себебі біздің тазылар тұқымы жағынан араб даласынан шыққан «салюки» итіне көбірек ұқсайды. Тазыны үйге кіргізген. Демек қазақтың тазыға деген құрметі ерекше болған. Жеті қазынамыздың бірі. Иә, басқа елдерде де аңшылыққа шығатын иттер бар. Мы­салы, ағылшындардың «грейхаунд» тұ­қым­ды иті әлемде ең жылдам саналады. Жыл­дам­дығы сағатына 70 шақырымға дейін жетеді деседі. Бірақ қазақ тазысының одан артықшылығы ұзақ қашықтықты емін-еркін еңсеруінде. Тазы аңның соңына түскенде 5-6 шақырымға дейін қуып же­теді. Аңды көзден таса қылып алса, иісін сезіп тауып алып, қайта қуа жөнеледі де, шар­шатып барып уысқа түсіреді. Оның кеуде қуысы басқа аңшы иттерге қарағанда үлкенірек. Тіпті шынтағына дейін түсіңкі болады. Бұл тазының терең тыныс алуына көмектеседі. Аяғының ұзындығы, бұлшық еттерінің мықтылығы, тіпті тырнағының қаттылығына дейін артықшылықтары болып саналады.

– Сөздің түйіні, қазақ тазылары дала­лық өлкеге әбден машықтанып, да­мыған иттің нағыз төресі дейсіз ғой?

– Иә, тазы қазақ халқымен бірге дамыды, жетілді десем, жаңсақ айтқандығым болмас. Себебі оның ерекшеліктеріне қарасақ, халқымыздың тұрмысына байла­нысты қалыптасқанын аңғару қиын емес. Оны жоғарыда айттым. Тазының дене бітімі далалық жерде аң аулауға машықтанған. Мысалы, «неміс овчаркасы» – жасанды түрде будандастырудан пайда болған ит. Аборигенді емес. Мал бағуға қолайлы болсын деп шығарған. Қызығы, неміс овчаркасының да басқа будандастырылған иттер секілді генетикалық кемшіліктері бар. Айталық, дұрыс тыныс ала алмайтын тұқымдары кездеседі. Оның қасында қазақ тазысы – теңдессіз ит. Қазір біз ғана емес, басқа да елдер өздерінің аборигенді иттерін мемлекеттік деңгейде қорғауға алып жатыр. Неге десеңіздер, осыған дейін өзінің аборигенді тұқымын жоғалтып алған елдер көп. Тазы да сондай, жоғалудың аз-ақ алдында тұрған сәттерді еңсеріп келеді. Елімізде ресми тіркелген 3000-нан астам тазы бар. Тіркелмегендерін анықтайтын арнайы экспедиция ұйымдастыру қажет. Бір мысал келтірейін, жапондар өзінің «акита-ину» тұқымды итін қастерлейді. Ол – біз көрген «Хатико» фильміндегі ит. Жапон­дар сол итті соғыс жылдарында жойылуға ­жол бермей, кейін халықаралық федера­ция­ға тіркетіп, қорғауға алған. Содан бері акита-ину бүкіл әлемге тарады. Біз де қа­зір тазыны әлемге танытып, атын шыға­ру үшін дұрыс бағытта келе жатырмыз. 3 қыркүйекте қазақы ит тұқымдары­ның күні аталып өтеді. Мұның барлығы алда қолға алатын үлкен жұмыстардың тек ­бастамасы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар