13 Қараша, 2010

Қазақстан және Ислам Конференциясы Ұйымы: Бүгіні мен ертеңі

4024 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда халықаралық ұй­ымдар әлемде орын алып жатқан мә­селелерді шешуде тек мемлекет­терге емес, сондай-ақ, барша әлем­дік тәртіпке өз септігін тигізе ала­тындай маңызды рөлге ие болып отыр. Олардың құзырына мемле­кет­­тер арасындағы тиімді халық­аралық ынтымақтастықты жан-жақты дамыту сияқты бастамалар кіреді. Сондықтан, Қазақстан үшін соңғы жылдары халықаралық пішіндегі бастамаларына қолдау та­бу және оларды алға тарту өзекті бо­­лып отыр. Бұл бағытта біз әлем­дік деңгейде серіктес тауып, 2010 жы­лы ЕҚЫҰ төрағалығын жүзеге ас­ыр­дық. Асырып қана қоймай, ал­ды­мыздағы жылдың 1-2 жел­тоқ­са­нын­да осы Ұйымның Саммитін өткіземіз. Еліміздің халықаралық деңгейдегі дәрежесі бұдан кейін де өсіп, 2011 жылы Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымының (ИКҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесіне (СІМК) төрағалық етуге дайындалудамыз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Өйткені, Ислам Конференция­сы Ұйымы ислам әлемінің басты үкі­метаралық органы ретінде әлем­дік қоғамдастықта ерекше орын алып отыр. ИКҰ бүгінгі күні Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка континенттерінен 1,5 мил­лиардтан астам тұрғыны бар 57 мемлекетті біріктіре отырып, БҰҰ-дан кейінгі ең ірі халықаралық ұй­ым болып табылады. Бұл ұйым 1969 жылы құрылған уақытынан бастап барлық мүше мемлекет­тер­дің саяси мәселелерімен қатар, әл­еуметтік-экономикалық, ғылыми-тех­никалық, мәдени сипаттағы түрлі мәселелерді шешумен айна­лы­сып келеді. Ұйым­ның ұстанған негізгі мақ­саты – мұсылман елдерінің өзара қа­рым-қатынастарын тереңдете түсіп, нәсілдік кемсітушілікті және отарлаудың барлық түрлерін жою, әділдікке негізделген халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет шараларды қолдану, қасиетті жерлерді қорғау және мү­ше мемлекеттер арасындағы ынты­мақ­тастықты қолдау, саяси-эконо­микалық, әлеуметтік-мәдени және ғылыми салаларда ынтымақ­тас­тықты бекіту. Трансаймақтық деңгейде ХХ ға­сырда дами бастаған мұсылман мем­­лекеттерінің ынтымақтастығы бү­гінгі күнде жоғары деңгейде жүргізілуде. Қазақстанның Ислам Конфе­ренциясы Ұйымымен ынтымақ­тас­тық қарым-қатынастары еліміздің ұйымға мүше болып кіруінен бері дамып келеді. Қа­зақ­стан зайырлы мем­лекет бола тұрса да, бүгінгі таң­да ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табы­лады. Елі­міздің тарихы мен рухани мәде­ние­ті мұ­сылман әлемімен ғасырлар бойы са­бақтас әрі тамырлас болып келгендігі тарихи шындық. 1995 жыл­дан бері ИКҰ-ның мүшесі ретінде Қа­зақстан бұл ұйым­ның іс-шара­ларына белсене араласып, оның әлемдік қоғам­дастық алдын­да­ғы беделінің өсуі мен ислам әлемі­нің абы­ройлы форумы ретінде бұ­дан бы­лай да нығая беруі­не атса­лысып ке­леді. Сауд Арабиясының Мекке қа­ла­сында 2005 жылғы 7-8 жел­тоқ­санда Сауд Арабиясының королі Аб­далла бен Әбдел Әзиздің баста­ма­сымен ИКҰ-ның саммиті өтті, оған Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының депутаттары да қатысты. Бұл саммит өтерден бұ­рын ислам әлемінің ғалымдары мен ойшылдары мұсылман қоғам­дас­тығының алдында тұрған жа­һан­дық мәселелерді талқылап, мә­де­ни, саяси, төніп тұрған қауіп-қа­терлердің алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Осы ұсыныстарды ескере келе, саммит барысында ИКҰ қызме­ті­нің 2006-2016 жылдарға арналған 10 жылдық жоспары қабылданды. Со­­нымен қатар, бұл жоспарда толеранттылық құндылықтарын бекіту, экстремизм мен зорлық-зомбылықтан бас тарту және терро­ризммен күресу сияқты маңызды мәселелер айқындалды. Сондай-ақ, кедейшілік, сауат­сыз­дық, аштық көп орын алған Аф­рика елдерінің мәселелеріне тиі­сінше назар аудару қажеттігі айтыл­ды. Қазақстан ұсынысымен жос­пар­ға бұл мемлекеттерге экология саласында және қаражаттық көмек көрсету қажеттігі туралы, сонымен қатар, өркениеттер үнқатысуы шең­берінде дінаралық үнқатысуды да­мыту және қолдау туралы ережелер кірді. Сонымен бірге, республика­мыз­дың экологиялық зардапқа ұшы­раған аймақтарына (Арал теңізі мен Семей полигоны аймағы) қа­тысты мәселелерді қарастыру си­яқты бастамалары осы ұйым тара­пы­нан қызу қолдау тапқанын айта кету қажет. Қазақстан ИКҰ аясында ынты­мақ­­тастықты дамыту бойынша Ис­лам Даму банкі (ИДБ) және түрлі саладағы консалтингтік және қар­жы­лық ұйымдармен байланыс ор­на­туға ерекше көңіл бөлуде. ИДБ ИКҰ жанынан құрылған халық­ара­лық қаржылық институт болып та­былады. Шариғат қағидаларына не­гізделген бұл банктің қызметі мем­лекеттердің, мұсылман қоғам­дас­тығының экономикалық және әл­еу­меттік дамуын қолдауға бағыт­тал­ған. Бүгінгі күнде банктің акцио­нер­лік капиталы 42 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қазақстанның жылдар бойы ор­натқан дипломатиялық қарым-қа­тынастары арқасында 1997 жылы Ал­маты қаласында ИДБ-нің аймақ­тық бөлімін ашу туралы шешім Қа­зақстанның Ислам Даму банкімен әрі қарайғы ынтымақтастық қа­рым-қатынасына ерекше мәртебе бер­ді. Сонымен қатар, жеке сек­тор­ды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ис­лам корпорациясына кірді. Бұл Қа­зақстанда шағын және орта бизнес­ті қолдау үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік берді. Ал 2003 жылы оңтүстік астана­мызда 55 мемлекеттен 600 делегат қатысқан Банк жетекшілері кеңесі­нің 28-ші отырысы өткізіліп, ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл отырыс ТМД елдеріндегі ИКҰ мен ИДБ өткізген алғашқы жоғары деңгейлі іс-шаралардың бірі болды. ИДБ-нің президенті М.Алимен бол­ған кездесуде Елбасымыз Н.На­­з­арбаев Қазақстанның экономи­ка­сын индустрияландыру жоспарын жүзеге асыруда ИДБ-ге үлкен үміт ар­татындығын атап өтті. Осыл­ай­­ша, ИДБ-нің ауылшаруашылық және инфрақұрылымдық салалар­дағы жобалар кірген Алматы – Гүл­шат автожолы, Қарағанды – Ас­тана жолының жөндеу жұмысы, Сыз­ғанов атындағы Хирургия орта­лығына қаржылық үлес, Қазақ гу­манитарлық заң университетінің жаңа ғимаратының салынуы сияқ­ты 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламалары қолға алынды. Қазақстан ИДБ-мен қарым-қатынасы шеңберінде өз ауқымын кеңейтіп, араб экономикалық да­муы­­ның Кувейт қоры, Сауд даму қо­ры және Абу Даби даму қоры, тағы басқа да араб қаржы құры­лым­дарымен ынтымақтастық орна­туға қол жеткізді. Мұндай қадам­дар­дың, әрине, Қазақстанның эко­номикалық-әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтеріп, ілгері ба­суы­­на өз үлесін қосатындығы сөзсіз. Мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту  халықтың рухани деңгейін, білім мен ғылым саласын дамытуға да кең жол ашпақ. ИКҰ-мен эко­номикалық ынтымақтастықта білім беру, мәдениет, ғылым және тех­нология салаларындағы байланыс­тарды дамыту маңызды болып табылады. ИКҰ-ның арнайы Білім беру, ғылым және мәдениет бой­ын­ша ұйымының (ИСЕСКО) қыз­меті мүше мемлекеттер арасында білім беру жүйесін жетілдіру, жаңа технологияларды пайдалану, ислам құндылықтары мен мәдениетін дамыту істеріне бағытталған. Қазақстанның ИСЕСКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынасын жүргізуге ЮНЕСКО істері бой­ын­ша Ұлттық комиссиясы өкілетті. Еліміз ұйымның ИСЕСКО Ұлттық комиссияларының оқу семинар­ла­ры, ИСЕСКО-ның Бас конферен­ция­сы мен Атқару кеңесінің сес­сиялары сияқты барлық маңызды іс-шараларына қатысып келеді. ИСЕСКО-мен тығыз байланыс ор­нату Қазақстанға мәдени мұра ес­керткіштерін қалпына келтіру мен сақтау, ислам әлемінің тарих және мәдениет, тіл дамыту салала­рын­дағы зерттеулері бойынша тәжірибе алмасу сияқты ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кеңінен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ислам әлемі мен Қазақстан алдында маңызды мәсе­лелердің бірі – бейбітшілікті сүюге, төзімділік пен шыдамдылыққа бау­литын шынайы ислам құндылық­та­р­ын халыққа жеткізіп, болашақ ұрпақты осы қағидатта тәрбиелеу мақсаты тұр. Қазақстанның гуманитарлық саладағы маңызды жетістіктерінің бірі – ұлтаралық татулық пен кон­фессияаралық келісімді қамтамасыз ету. Яғни, діндер мен халықтар ара­сында үнқатысуды дамыту уақыт талабы болып отыр. Қазақстан үшін толеранттылық қағидаты – саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қағидат болып саналады. Мінеки, Қазақстанның ИКҰ шеңберіндегі осындай қызметі мен іс-шараларын қарастыра келе, Қазақстанның 2011 жылы ИКҰ СІМК-ға төраға ретінде сайлануы мұсылман қоғамдастығы тарапынан елімізге көрсетілген үлкен сенім мен атқарып келе жатқан қызме­ті­мізге жоғары баға болып табылады деп ойлаймыз. Алдағы төрағалыққа дай­ындық жұмысына ерекше жауап­кершілікпен қарай келе, бұл іс-ша­ра­ның биылғы жылғы ЕҚЫҰ төр­аға­лығынан кейінгі еліміздің көп­векторлы сыртқы саясатының биік шыңы болатынына кәміл сенеміз. Еуропаның күретамырына ай­нал­ған ЕҚЫҰ-ға алғаш мұсылман елі – Қазақстанның төрағалық етуін мұсылман қоғамдастығы жа­һан­дану заманындағы ортақ жетіс­тік деп бағалады. Әсіресе, ксено­фо­бия мен исламофобия, нәсілдік кемсітушілік нашақорлыққа қарсы тұру мәселелері бойынша ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында кеңінен ынтымақ­тастық орнатуға мүмкіндік туып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің еліміз осы беделді еуропалық Ұй­ымға жетекшілігін ИКҰ-мен, яғни ислам әлемімен ынтымақтастық ор­нату үшін барынша тиімді пай­далануы тиіс. Осылайша Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерінің де бір ар­нада дамуына мүмкіндік жасап, хал­қымыздың ғасырлар бойы аң­саған тәуелсіздігін нығайта отырып, оны бұдан да биік тұғырға көтере беретініне сенімдіміз. Л.ҚАЛЫБЕКОВА, Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының қызметкері.