
Рейд барысы былай болған: жергілікті учаскелік инспектор Мейірбек Нұргелдин мен полиция бөлімі бастығының орынбасары Серік Бекетбаев «Әулиекөл – Диев» тасжолында тіркемесі бар КАМАЗ-ды тоқтатады. Тексеріс барысында жүк құжаттары дұрыс болмаған. Оған қоса, жүргізуші астықтың қайдан алынғанын және қайда апара жатқанын да нақты ашып айта алмаған.
Жүк көлігі полиция бөліміне жеткізілген соң, бидайдың «Диев агрофирмасы» аумағынан ұрланғаны анықталды. Кейінірек Аманқарағай ауылында жалға алынған қоймадан үш күн бұрын ұрланған бидай табылды. Ұрланған астықтың жалпы көлемі 54 тонна болады. Шаруашылыққа келтірілген залалдың мөлшері шамамен 6,5 миллион теңгеге бағаланған.
Облыстық ПД алдын ала сөз байласқан бірнеше адам жасаған ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция мәліметінше, ұрылардың ішінде шаруашылық қызметкері мен Новоселов ауылының тұрғыны да бар. Тергеу жұмысына аудан пркуратурасы да атсалысып жатыр.
«Диев агрофирмасы» ЖШС-ның атқарушы директоры Олег Даниленконың айтуынша, ұрлыққа басқа қызметкерлердің де қатысы болуы мүмкін. Шаруашылық басшысы болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін кәсіпорында бейнебақылау камераларын орнату, көлікті бақылау жүйесін жетілдіру және қызметкерлермен қылмыстың алдын алу мақсатында әңгіме жүргізу тәрізді қауіпсіздік шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.
Қостанай облысы