13 Қараша, 2010

Тұсауы кесілді

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алып Азияны мекендеген тәуелсіз жеті мемлекет халықтарының тарихын тұңғыш рет нақты деректермен баяндаған “Тұран әлемі” атты кітаптың тұсаукесері елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада болды. Тарихыңды танып-білуге өлшеусіз үлес қосатын бұл іргелі еңбектің авторы –  Моңғол ғылым академиясының академигі, жазушы, сол елдегі Қазақ ұлттық орталығының төрағасы, білім білігі мықты Ислам Қабышұлы. Кіндік азиялықтарды – Тұран, кіші азиялықтарды – Иран деп атаған ежелгі Тұранның байырғы жұрттарының 2 200 жылдық тарихын саралаған еңбекте даңқты қолбасшылар, кемеңгер ғұламалар, нақтылай түссек, Тоныкөк абыз, Күлтегін қаған, әйгілі “Алтын дәптер”, “Құпия шежіре”, “Жылнамалар жиынтығы”, қазақтың “Бес ғасыр жырлары”, қырғыздың “Манасы”, моңғолдың “Жаңғары” секілді асыл мұралармен қатар, Мүде-сайын, Еділ батыр, Шыңғысханға қатысты аңыз бен ақиқат, тағы да басқа мәдениетіміздің жауһарлары жан-жақты зерделенген. Бұл еңбек екі тілде, яғни моңғол және қазақ тілінде жарыққа шығып отырғанын айта кетсек дейміз. Сүбелі дүниенің тұсаукесер рәсімінде көрнекті ғалымдар мен ақын жазушылар М.Жолдасбеков, К.Салықов, О.Нұрғожа, С.Қойшығараұлы, Ә.Сарай, Т.Әбдіков, Е.Шәймерденов, Ә.Асқаров, Т.Жұртбай, С.Тұр­ғын­бек­ұлы сөз алып, бұл еңбек тарихи туынды ғана емес, халқымыздың мә­де­ниетіне қосылған қайталанбас бекзаттық асыл мұра екенін тілге тиек етті. Сүлеймен МӘМЕТ.